18 Маусым, 2011

Қымыз патенті – немісте. Ал шұбат кімдікі?

1322 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Италияның атақты ұлттық тамағы макарон спагеттиін жеп көрген Шерағаң – Шерхан Мұртаза: “Осының қай қасиетін мақтан қылады. Мұның арғы атасы қазақтың кеспе көжесі ғой”, деген еді. Италия сапарында осыны өзіміз де байқадық. Қазақтың қадірлі қонағына қазы-қартаны араластырып жая­ның мол етінен табақ тарт­қан­дай италиялықтар бірінші та­ғамға міндетті түрде пастасын, макаронын ұсынады екен. Дай­ындалуы әр түрлі шығар деп әр­түрлі мейрамханадан жеп көр­сек те, Шерағаң айтқандай, қа­сие­тін тани алмадық. Макарон­ның аты – макарон. Дүкен сөре­ле­рінде сыймай тұратын “Сұл­тан” маркасы секілді. Ерек­ше­лігі, ита­лиялықтар тағам дайын­да­ғанда кетчуп пайдаланбайды. Олардың түсінігінше, кетчуп құрамында консерванттар мен жасанды бояғыш бар, ал бұл зиянды делінеді. Оның орнын болонезе, яғни етті соус басады. Шанышқымен балық аулаған­дай бір пісуі ішінде макаронды жеп отырып ойлайсың ғой, ита­лиялықтардың алдына төре та­бақ ет тартсаң, макароннан жақ­сы емес деп шоршып түсетіні анық. Болонезе дайындаудың ма­шақаты көп. Түрлі көк­өніс­тер­ге, шарапқа бұқтырылған еті қыр­ғыздың тү­тіп турағанындай ұсақ. Ита­лиялық шеф-аспаз­шы­дан аудар­­машы арқылы сұраға­ны­мызда көзі оттай жанып кетті. Сағаттап түсіндіруге бар. Ұна­майды деген­ді сөзбен емес, қа­бақ­пен-ақ танытсаңыз қазекең се­кілді ақкөңілдеу келетін ита­лиялық бауырды әп-сәтте ренжітіп ала­сыз. Бұл – олардың ұлттық тағамы, ұлттық бренд. Ал біздің ше... Жілік-жілі­гі­мен мүшеге бөлініп, астауға са­лып тартылған ет. Біреулер оспа­дар­лықпен таңып жіберген – бес­бармақ. Біздікі ме?! Біздікі сияқ­ты. Әй, қайдам. Жылқы етін жек көрмейтін француздардағы бір пысықтар біз малданып жүрген ет асуға патент алған дейді. Бі­лек­тей қазыңызға өзбек ағайын­дар ие. Жоқ дей алмайсың. Қоңы­рат – қалың тармақты ел. Жар­ты­сына жуығы кешегі қазақ, бүгінгі өзбек жерін жайлап, сол елге сіңді. Түбі бір түркілігіміз бар, ағай­ын жат емес. Оны айтасыз, Өз­бекстаннан жұмыс жасауға келген бір жігіт ішкі жақта Адай деп аталатын өзбек ауылы барын айтқан. Алпамыс батырдың мерей­тойын өзбектер тойлады деп битке өкпелеп тонымызды отқа жақ­қанымызбен, түбі туысқан сол қазақтардың пысықтау ту­ған­дары “қазы – біздің ата-баба­мыздың асы” десе, таласа ал­майсыз ғой. Салқар даламыз сияқты кең­қолтықпыз. Өткенде, Қазақ­стан­дағы ауылшаруашылық көрме­сі­не Германиядан келген неміс қазақтарға өзі патент алған қы­мыз жайлы лекция оқып кетті. Қымыздың сан ауруларға ши­па­сын айтады. Мыңдап, жүздеп бие байлап отыр. Қымызды құр­ғатып, әйелдерге опа-далап жа­сай­тындай дәрежеге жетіпті. Фабрика ашқан. Бетті жасар­тады дейді. Атқа кеше ғана мініп үй­рен­ген неміс, қымыздың дәмін тат­қанына бір ғасыр болмаған не­міс дүние жүзіне қымызды на­си­хаттап жүр. Пайдасын. Оның авторлық құқығына ешкім қол сұға алмайды. Рәсімдеп, серти­фикатын алған. Опа-далап жа­сап көр, сотқа берсін. Оған ақы төлеп қана фирма ашасың. Құ­жат ойыншық емес. Бұзсаң, сотты боласың. Шұбатқа ие болып жүрген Мұсатілла Тоқанов деген ғалым ағамыз бар. Оған да бір өзбек азаматы келіпті. “Көке, қазақ-өзбек дейтіндей емес, түбі бір туысқанбыз ғой. Сізде ақша жоқ, менде бар. Сертификатын бір­ге алайық. Кәсіпорын аша­мыз, пайдаға қаламыз” депті. Мұсатілла көкем, әрине, шор­шып түседі. Кейін таппай қалатынын біліп. Тоқанов – Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы. Шұбаттан таб­летка түрінде сусын алуды ой­лап тапқан ғалым. Инно­ва­ция­лық патентін алған. Кейін шұбат­­т­ан йогурт, сусын жасауды жол­ға қойды. Жаңа техноло­гиясы өт­кен жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ұйым­дастырған инновациялық өнер­тап­қыштар конкурсында 380 жо­баның ішінен таңдалған жиыр­ма үздіктің қатарына кірді. Құрт ауруы, қант диабеті, бүй­рек, қан аздығы және онкология ауру­ларына бірден бір ем деп қа­былданатын шұбаттың бірақ жолы болмай келеді. Кәсіп­орын ашуға Ұлттық иннова­ция­лық қор мен облыстық “Макси­мум” өңірлік инвестициялық ор­талы­ғы кет әрі емес, бірақ ай­лығы шай­лығына ғана жараған ға­лым­­да кепілдікке қоятындай ірі мүлік, нысандары жоқ. Алайда, шұбаттың қасиет­те­рін ғылыми түрде дәлелдеп жүр­ген ғалым жолортадан қай­тар жан емес. Жақында жолықтық. – Елдің экономикалық қауіп­сіз­дігін сақтау үшін сырттан ке­летін тағам және басқа өнімдер 20 пайыздан аспау керек, ал бүгінгі таңда өкінішке қарай сүт өнімдерінің 63 пайызы, көкөніс, тағы басқа тұқым өнімдерінің 80 пайызы сырттан келеді, – дейді ғалым. Себебі, біздің ауыл шаруашылығындағы экономика­ның дамуына әсер ететін сала­ларға көңіл бөлу әлде де болса жеткіліксіз. Ең алдымен бұған мемлекеттік көзқарас қажеттігін ұмытпауға тиіспіз. Мұнайлы ел қатарына жатқанымызды мақта­ныш тұтқанмен, мұнай да бір күні таусылады. Олай болса, болашақты болжай отырып, бү­гін атқарылатын істі кейінге қалдырмауымыз керек. Сондай саланың бірі түйе шаруашы­лығы болып есептеледі. Оның сүтін жоғары технологиямен өң­деу ісін жолға қоя алатын бол­сақ, онда біздің экономикалық өрлеуімізге оң ықпалын тигізе­тін, экономикалық бұлақтың бір­ден-бір көзі болуы сөзсіз. Осы­лай деп сөзін түйіндеген ғалым мұның себебін төмен­дегіше түсіндіреді. Егер ресми ақпаратқа сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бо­йын­ша 16 мың түйе бар. Бұл көр­сеткіш республика бойынша 150 мыңға жуықтайды. Түйе сүтінің өнім­дері мұнай өнімдеріне қара­ғанда 38-40 есе қымбат. Мысалы, халықаралық биржада 1 баррель мұнай 70 доллар, 1 тонна мұнай 350 доллар. Ал шұбаттың 1 литр сатылу құны Қазақстанда 400-600 теңгені құрайды. 1 тоннасы 400-600 мың теңге. Ал шетелге шы­ғатындай жағдайда әлбетте кем дегенде 2-3 есе қымбатқа саты­лады. Сондықтан, мұнаймен са­лыс­тырғанда шұбаттан түсетін табыс айтарлықтай көлемді. Төрт түліктің төресі түйе ма­лына өндірістік көзқарас болса, болашақта қазіргі таңдағыдан мал санын 10-20 есе көбейтуге мүм­кін­дік бар. Еліміздегі Маңғыстау, Аты­рау, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл об­лыстарының көптеген шөл-шө­лейт жері бос жатыр. Осындай жер­лерде түйе шаруашылығын да­мытуға қолайлы дер едім. «Түйе малы – кедейдің малы» де­ген халықта қағида бар. Өйткені, түйе малы шөлге төзімді, қой және сиыр сияқты өзіне арнайы күтімді, жылы қораны онша қа­жет етпейтін жануар. Егер осы іс мемлекет тарапынан қолға алы­нып, біз ұсынған технология негі­зінде жүргізілсе, онда шұбат Қа­зақ­станның ұлттық бренді ретінде әлемге танымал тағам ретінде белгілі болары айқын. Әлеуметтік экономикалық жағдайды түзеуге мүмкіндік беретін бір сала бо­лары анық. Ең алдымен шұбаттың емдік қасиетіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәулік­тік қажет ететін витаминдермен, және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алады. Бір литр түйе сүтінің қуаттылығы  911 ккал болса, сиыр сүтінікі 660 ккалл-ға тең екен. Шұбатта та­биғи иммундық қасиеті адам ден­сау­лы­ғына пайдалы түйіршік белок­тар бар. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне қарасты Тағамтану ака­демиясының директоры, ұлт­тық Ғылым академиясының ака­де­мигі Төрегелді Шармановтың мәліметтері бойынша, өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жол­дары­ның қабынуын шұбат­пен ем­деуде клиникалық тиімді­лігі дә­лелденген. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бо­йын­ша, алты ай бойы күнделікті астан 30 минут бұрын бір литр шұбат ішкен жағдайда оның рак, СПИД, тыныс алу, ас қорыту жол­дарының және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығы тұжырымдалған. Шұбаттың шипалылығы негі­зін­де Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Еуропа, Америка, Аф­рика, Азия құрлықтарының хал­қын түйе сүтінен дайындалған өнімдермен қамтамасыз ету бағ­дарламасы қабылданды. Осыған орай Жапония, Еуроодақ, Амери­ка, Австралия сүт индустрия­сы­ның белді компаниялары түйе сүті­нің өнімдерін өңдеу техноло­гия­ларына қызығушылық таныту­да. Қазір дүние жүзінде балалар тамағына, актимел, иммунел, био-йогурт және қышқыл сүтті тағам­дарға сиыр сүті пайдаланылып жүр. Ал ол жетіліп өсіп келе жат­қан бала ағзасына оншалықты пайда әкеле бермейтіндігі ақпа­рат­тарда айтылып келеді. Сиыр сүті құрамы жағынан ана сүтінен алшақ жатқандықтан, зат алмасу процесін бұзып, қант диабеті сияқты аурулардың белең алуына жол ашады екен. Ал түйе мен бие сүтінің табиғи иммуномодул­я­тор­лық қасиеті барлығы дәлел­ден­ген. Алайда, жаңа сауылған түйе сүтінен дайындалған шұбат, мық­та­ғанда екі аптаға шыдас береді, әрі қарай ашып бұзылады. Ол үшін не істеу керек? Шұбат пен қымыздан құрғақ ұнтақ, таблеткалар жасап, өнді­ріс­ке шығарсақ, қазақтың әлемдік рыноктан өз орнын ойып алар жері осы. Шұбат таблеткасын шы­­ғаруды Шымкенттегі «Хим­фарм-Santo» фармацевтикалық фаб­­рикасы алда­ғы уақытта өндіріске қоймақ ниет­те. Шұбатты таблетка етіп шығару үлкен инвестицияны қажет ете­тіндігі сөзсіз. Ал жобаны толық­тай жүзеге асыру үшін орасан көп қаржы қажет. БҰҰ-ның Ауыл шаруашы­лы­ғы және тамақ өнеркәсібі депар­та­ментінің Еуропа, Америка, Аф­рика және Азия елдерін түйе сүтінен жасалған қышқыл сүтті тағамдармен қамтамасыз етуге ша­қыруы, біздің мемлекетті ой­лан­дыруға тиіс. Осы орайда ға­лым­ның өз қаупі де бар. – Біз, бір топ ғалымдар, түйе­нің шұбатын жасау әдісіне, бал­қаймақ және шұбаттан ұнтақ, йогурт және таблетка алуға Қа­зақ­станның инновациялық па­тент­терін алғанымызбен, – дейді ол, – мықты елдердің ғалымдары толығымен біздің жаңалықтарды зерттей келе, бір түйіршік өзгеріс енгізіп, біздің жаңалықтардың ие­герлері болып шыға келуіне еш­кім кепіл бола алмайды, Мысалы, бізде ойлап табылған алыс жай­лау­ларда, көкөніс алқаптарда қол­да­натын жылжымалы тоңазыт­қыш­тарға израильдіктер қызығу­шы­лық танытуда. Маусым айы­ның соңына біздің Шымкентке Жапонияның белді ұлттық теле­компаниясы «Эн-Эч-Кей» келіп, түйе сүтінен шұбатты жасау тех­нологиясы туралы кино түсіріп, Жапонияда көрсетпекші. Бір жа­ғынан бұл деген бізге үлкен абырой, ал екінші жағынан үлкен сұрақ туындайды?.. Мұсатілла Тоқанов қаржы мә­се­лесі шешілген жағдайда әлем­дік нарыққа түйе сүті өнімдерін бірнеше бағытта шығаруға бо­ла­тындығын айтады. Біріншісі, шұбаттың құрғақ таблеткаларын өңдіретін цех ашу. Екіншісі, асыл тұқымды түйе малдарын өсіретін кешендерді іске қосу. Үшіншісі, түйе сүтімен емдейтін профилак­тикалық санаторийлер салу. Мұ­ны тездетпесе болмайды. Өйт­кені, ғалым айтқандай шұбаттың таблетка түріндегі өнімдері әзір­ге ешбір елде жоқ. Қаржысы бар­лар қымыздан опа-далап айыр­­ғандай шұбатқа да қол сал­са ше?! Бү­гінде медицинада рак-обыр ауруы жазылмайтын дертке жатады. Ал осы ауруға ұшыра­ған дертті те­жейтін “лактофер­рин” деген дә­ріні сүт ішіндегі ақуыздан алады екен. Пайда­лы­сы ана сүті делі­неді. Бір литр “лактоферрин” алу үшін 2,5 тон­на ана сүті ке­рек. Ол оңай­лықпен табыл­май­ды. Мұсатілла Тоқанов осы фер­ментті түйе сүтінен алуға бола­тындығын анықтады. Осы жа­ңа­лығын Әді­лет министрлігіне қарасты Зият­керлік құқық мен­шігі комитеті­не тіркетіп, тиісті патент алған. Мәселен, бір грамм “лактофер­рин­ның” құны 2,5 мың доллар болса, түйе сүті­нен өндіргенде, ол 3,3 дол­ларға түседі. Яғни, 800 теңге шама­сында. Бұл дәрі адам бойын­дағы қауіпті бакте­рия­лар мен вирустарды жоятын­дай қасиетке ие. Бірақ мұның бәріне орасан қаржы қажет. Қазақстандық ғалымдардың «Шұбат алу әдісіне» алған ин­но­вациялық патенті Женева қа­ласында 150 жыл бұрын ашыл­ған «Бүкіләлемдік өнертапқыш­тар» институтының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен әлем­дегі алдыңғы қатарлы жаңалық деп танылып, алтын медальмен және 1-орын дипломмен мара­пат­талған. Қазақ ғалымдары қарап отыр­ған жоқ. Өткен ғасырдың сек­се­нінші жылдарының ба­сын­да Жам­был гидромелио­ра­тивтік инс­титутының ғалым­да­ры ой­лап тапқан тамшылатып суару әдісі бүгінде “Израиль­дық тех­нология” болып, еліміз­ге орал­ды. Қазақ ғалымдары тап­қан жаңалық деп ешкім айт­пайды. Көл-көсір суды қажет етпей­тіндіктен осы техноло­гияға өтіп жатырмыз. Шұбат – қазақтың ұлттық бренді. Сан алуан пайдасын айт­тық. Еуропа клубтары түгілі мына Ресейдің төменгі дивизио­нындағы орташа клубтардан ойсырай жеңілетін қазақ­стан­дық футбол клубтарына текке шашылып жатқан ақша нағыз мемлекет пайдасына келгенде қысыр қалған сиырдай бола­тын­дығы несі екен?! Қазақтың шұ­баты көлденең көк аттының қанжығасында кетпесе екен, елге пайдасы тисе екен, мың ауруға ем дәрумен сусыннан айырылып қалмайық деп дабыл ұрып жүрген ғалымның жанай­қайына жоғарыдағы тиісті сала басшыларының үн қатпайтын­дығы қалай?! Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.