Аймақтар • Бүгін, 13:39

Сот әкімдікке арнайы өтініш жасады

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық соты 2025 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жиын «Сот төрелігін жүзеге асырудың және соттардың қызметін ұйымдастыру бойынша 2025 жылдың қорытындылары» деген тақырыпта өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Сот әкімдікке арнайы өтініш жасады

Оған қалалық соттың алқа төрағалары, үйлестіруші-судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, үйлестіруші-судьялары, ҚР Сот әкімшілігі Шымкент бойынша департаментінің басшысы қатысты.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б. Дүйсебековтің айтуынша, өткен жылы сот 2 856 қылмыстық іс қараған. Алдыңғы жылға қарағанда былтырғы түскен қылмыстық істер саны 18-ге көп. Өткен жылы қаралып бітпеген 115 қылмыстық іс биылға қалып отыр. 32 азаматтың сот үкімі жойылып, 91-не қатысты үкім өзгерген.

Б.Дүйсебековтің мәлімдеуінше, былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталған 34 тұлғаға сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Дәл осындай қылмыспен сотталған 11 азамат айыппұл жазасын арқалады. 189 млн теңге көлемінде жалпы айыппұл салынса, соның 180 миллионы мемлекет пайдасы өндірілді. Қалған 9 млн теңгенің төлеу мерзімі әлі аяқталмады. Күзетпен ұстаудың бұлтартпау шарасын санкциялау жөнінде 1 377 өтінішхат қаралса, соның 758-і қанағаттандырылған.  

Азаматтық сот істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Ләйлә Тәкішеваның баяндамасында айтылғандай, былтыр аудандық соттарға 60 233 іс пен арыз келіп түскен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24.6%-ға артқан. Сот  қараған істердің жартысы жуығын отбасылық даулар құраған. Сот шығарған шешімдердің 243-і аппеляциялық сатыда өз күшін жойған. Бұл шамамен қаралған істердің 1%-на тең. Соттың кассациялық сатысында 10 қаулы күшін жойып, 6 қаулы өзгерген. Судья Л.Тәкішеваның мәлімдеуінше, 3 692 іс татуласумен аяқталған. Даулардың бейбіт жолмен шешілуіне медиация көп әсерін тигізген.

Қазақстан Сот әкімшілігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Берік Мейірханов былтыр 17 мемлекеттік қызметкер меритократия негізінде жоғары лауазымдарға тағайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ол сот саласы – әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін жауапты әрі беделді сала болғандықтан оған жастарды тартып, кәсіби баулу керек екенін мәлімдеді.

Департамент басшысы сот жүйесін цифрландыру бағытында көп жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Мәселен осы күнде сот отырыстарын азаматтар онлайн режимінде бақылай алады. Электрондық қызметтердің артуына Төрелік платформасы көп көмегін тигізген. Компьютер жадында деректердің көбеюіне байланысты сот Төрелік-2 платформасына көшіп жатыр.

Б.Мейірхановтың сөзінше, бұл жұмыстар биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл күнде өзге өңірлердің соттары Шымкентте шығарылған сот шешімдері, қаулы, үкімдерді онлайн түрде көріп отырады. Маманның пікірінше, сол арқылы судьялар бір-бірімен тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін шыңдай түседі.

Сондай-ақ мегаполисте құзырлы органдардың бірыңғай деректер қоры жұмыс істейді. Оған сот, прокуратура, полиция департаменті басқа да тиісті мекемелер қосылған. Осы дерекқор базасынан сот жүйесінің қызметкерлері өзіне керекті ақпаратты оңай тауып алады. Цифрлық технологияның тағы бір мүмкіншілігі қазір соттардың қаулы, актілерінің бір бөлігін жасанды интеллекет көмегімен роботтар дайындайтын болған. Оның үлесі бүгінде 30% болса, келешекте бұл көрсеткішті барынша арттыра түсу жоспарда бар.

Баспасөз мәслихатында соттардың қайырымдылық істерге ерекше көңіл бөлетіні сөз болды. Мәселен 2019 жылдан бері Шымкент қалалық соты №4 Балалар үйінің тәрбиеленушілерін баспанамен қамтамасыз ету ісіне араласып келеді. Бүгінге дейін сот жүйесінің мамандары осы қайырымдылық іске 80 млн теңге қаражат жұмсаған. Сонымен бірге жыл сайын Балалар күніне орай Балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтап бару әдемі дәстүрге айналған.

Өз кезегінде әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлмира Қыдырбаева мемлекеттік сатып алу басқармасына қатысты соттың шығарған жеке ұйғарымын басшылыққа алу жөнінде Шымкент қаласы әкімдігіне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арнайы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, аталған басқарма жыл сайын өзінің қызметін іске асыру барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол береді. Соның салдарынан мектептердегі тамақтандыру саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлермен мемелкеттік сатып алу бойынша арада даулар туындап жатады. Ең қызығы сот неше жылдан бері жеке ұйғарым шығарғанымен ол тиісті органдар тарапынан назарға алынбай келеді.

Соңғы жаңалықтар

Әр адамның пікірі маңызды

Ата заң • Бүгін, 11:20