21 Маусым, 2011

Акция аясында атқарылар шаруа көп

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Соңғы бір-екі жылдан бері еліміздің шығысында об­лыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың бастамасымен «Ту­ған жерге тағзым» акциясы тұрақты түр­де жүргізіліп келеді. Осы игілікті шарадан Абай ауданы да сырт қалып отырған жоқ. Атал­ған аудан­ның тізгінін жа­ңада ғана қол­ға алған Тұр­сын­ғазы Мүсә­пір­беков те акция аясында бірден маңызды ша­руаға қызу кірісіп кетті. Әкім бастамасымен жуырда осы өңірден шыққан есімі елге кеңінен танымал азаматтар аудан орталығы – Қарауылда басқо­сып, туған жерді түлету мақ­са­тында кеңінен пікір алмасты. Бір қуанарлық жәйт сол, аудандағы келелі мәселелерден өзге де кейбір азаматтар сырт қалмады. Аудан әкімі, ең алдымен, қазір­де атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Айталық, аудан орта­лығында бұрынғы «Арман» ки­но­театры қайтадан жөндеуден өт­кізілуде. Ол енді жастар үйі бо­лып ашылмақ. Мұнда, сондай-ақ спорт залы мен алаңы жасақ­та­лып жатқан көрінеді.  Ауданға кіре берісте ағаштар отырғызылып, саябақ ашылуы да оңды шаруа болды. «Ана мен бала» гүлзары­ның ашылуын да құптамасқа болмайды. Осындағы Әуезов ескерткіші жөндеуден өткізілуде. Ал жекелеген ауылдарға келсек, оларда да оңды істер жоқ емес. Мәселен, Медеу ауы­лын­да клуб үйі жөнделіп жатыр екен. Саржал ауылында су құ­быры тартылуда. Амантай Мұ­қатаев, Сайлау Кошкин секілді ел азаматтары хакім Абай­дың ең жақын шәкірт­терінің бірі Көкбайдың кесенесі мен мұ­ражайын жөндетіп береміз деп отыр. Ал биылғы жылы Көк­бай ақынның туға­нына 150 жыл толса, ол да өз дәреже­сінде атап өтілмек. Қарауылда бүгінгі күні дұ­рыс қонақ үй, асхана, тойхана жоқ. Соған орай, Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Ерлан Сы­дықов осында өз қара­жатына қонақ үй салып беруге уәде етті. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.