21 Маусым, 2011

Сенімнен шығу сертпен тең

566 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Былтырғы жылы Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төр­аға­лы­ғын табысты аяқтаған Қазақстан шілде айы­нан бастап мүше елдерінің саны жа­ғы­нан БҰҰ-дан кейінгі екінші орындағы халық­ара­лық ұйым – Ислам Кон­ферен­циясы Ұйымына төр­ғалық қызметіне кіріспек. Осы орайда біз­дің тілшіміз еліміздің Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі елшісі Асқар МУСИНОВКЕ ға­лам­тор арқылы бірнеше сауал қойған еді. – Құрметті Асқар Ахметұлы, өзі­ңіз­ге белгілі, біздің еліміз тәуелсіздігі қолына тиген күннен бастап, көп­век­торлы саясат ұстанумен келеді. Сырт­қы саясаттағы осындай Қазақ­стан­ның жемісті жолын араб әлемі де қуат­тап отыр деп айтуымызға болатын шығар? – Әрине, оған толық негіз бар. Қазақстан өз даму жолында ешкімді сыртқа теппейтін бейбіт­ші­ліксүйгіш қалыбынан айнымай келеді. Ал еліміздің Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымына төраға­лы­ғы­на қатысты айтатын болсам, ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған он жылдық жоспа­рын­да ұйымға мүше мемлекеттер арасында саяси-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше маңыз берілген. ИКҰ-ға мүше мемлекеттер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ра­ла­ры жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы бастамасына қолдау білдіріп, Азия Кеңесінің жұмыстарына белсенді түрде қатысуда. Соңғы үш жыл ішінде Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак және Бахрейн секілді төрт араб мемлекеті Азия Кеңесінің толыққанды мүшелеріне айналды. 2010 жылдың 7-8 маусымында Ыс­там­бұлда өткен Азия Кеңесінің ІІІ саммитінде БАӘ Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян сөз сөйлеп, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың аталған кеңесті құру туралы бастамасы табысқа жетіп, бүгінгі күні Азия Кеңесі халықаралық беделді ұйым­ға айналғанын атап өткен болатын. Шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянның пікірінше, АӨСШК аймақтық қауіп­сіз­дік­ке қатысты мәселелерді жан-жақты тал­қылау және олардың нақты шешімдерін табу бойынша маңызды рөл атқа­ра­ды. Осы ретте, 2010 жылдың 1-2 жел­тоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитін араб елдерінің көптеген саясаткерлері «тарихи оқиға» деп бағалап, елі­міздің дипломатиясының айқын да жар­қын жемісі деп танығанын атап өткен жөн. Ал республикамыздың сыртқы сая­сатындағы басым бағыттардың бірі ретінде араб және ислам әлемінің мемлекеттерімен белсенді әрі берік ынтымақ­тас­тық орнатуды және өзара байла­ныс­тарды одан әрі тереңдетуді атауға болады. – Әңгіме ауанын төрағалық бары­сы­на қарай тұрсақ. – Еліміз Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на мүшелікке 1995 жылы өткені белгілі. Қазақстанда тұратын халықтың ба­сым бөлігі ислам дінін ұстанатын­дық­тан, дүниежүзілік мұсылман қауым­дас­тығы Қазақстанды өзі­нің ажырамас бір бөл­шегі ретінде қа­рас­­ты­ра­тыны анық. Ислам Кон­фе­рен­ция­сы Ұйы­мы­ның Бас хатшысы Э.­Их­сан­оғлу: «Қа­зақ­стан ИКҰ үшін ма­ңыз­ды мемлекет болып та­бы­лады» деп мәлім­де­ген болатын. Қазақ елінің тарихы мұсыл­ман әлемімен ғасыр­лар бойы сабақтасып, хал­қы­мыздың рухани мә­дениеті ислам дінінің өркениетімен ежелден тамырлас еке­ні айтпаса да түсінікті жәйт қой. Еліміз ИКҰ-ға мү­шелікке өткен ке­зең­нен бастап ислам әлемінің жетекші мемлекеттерімен тікелей қарым-қаты­нас­тар орнатып, ха­лық­аралық және ай­мақ­тық үрдістерге белсене қатысуға мүм­кіндік алды. Сонымен қатар, Қазақ­станның сыртқы саяси бас­тамалары ислам және араб әлемі тара­пынан үлкен қолдауға ие болып, елі­міз­дің халықара­лық сахнадағы беделі өсіп, салмағы артты. ИКҰ-ға мүшелікке өту арқылы елімізде ірі экономикалық жоба­ларды жүзеге асыруға арналған көлемді инвестициялар мен қаржылай ресурстар тартылды. Ислам әлемінің мемлекеттері еліміз­дің осы жылғы ИКҰ-ға төрағалығына үл­кен сеніммен қарап отырғанын атап өту керек. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен барлық бағыттар бойынша белсенді ықпалдастық саясат жүргізетін болады. – Біздің еліміздің екі жыл қата­ры­нан халықаралық беделді ұйымдарға төрағалық етуі Батыс пен Шығыс ара­сын жақындастыруға ықпал етеді деген пікірлер айтылып қалады. Осы оң ниет, ізгі ойлардың жүзеге асуына қандай негіз қалануда. – ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға ар­налған он жылдық жоспарында толе­рант­тылық құндылықтарды бекіту, экс­тремизм мен зорлық-зомбылықтан бас тарту және лаңкестікпен бірлесіп күресу секілді маңызды бағыттар айқындалған. Осы ретте, Астанада үш мәрте табысты өт­кізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің cъезіне ислам мем­ле­кет­те­рі­нің діни жетекшілері жоғары деңгейде қатысып, аталған жи­ынның әлемдегі бейбітшілік пен қауіп­­сіз­дікті сақтауға қоса­тын маңызды рөлін атап көрсетіп келеді. Қазақта «Жаулас­тыр­мақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден» деген сөз бар ғой. Сол сөз бекерге айтылмаған. Қазақ­стан Батыс пен Шы­ғыс­ты жақындас­ты­ру­да осы елшілікті бетке ұстайды. Мы­са­лы, 2009 жылдың 1-2 шілдесі күндері Ас­танада өткен Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III cъезіне БАӘ аты­нан қатысқан БАӘ Президентінің діни және құқықтық істер бойынша кеңес­шісі Сеид Али әл-Хашими Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған бас­тамасы басқа мұсылман мемлекет­терінің басшылары үшін үлгі болуы тиіс деген пікір білдірген болатын. Қазақ­стан­ның ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалығы ба­рысында дінаралық ықпалдастықты да­мытуға қатысты іс-шаралар мен баста­малар өз жалғасын табады деп күтілуде. Еліміздің ИКҰ-ға төрағалығы ба­ры­сында Ұйым шеңберіндегі сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастықты жандан­ды­ру, ірі инвестициялық және инфра­құ­рылымдық жобаларды жүзеге асыру мен Ислам Даму банкі секілді ірі қаржы инс­титуттарымен байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше маңыз берілмек. Ислам Даму банкінің Алматыдағы аймақ­тық бөлімшесі 1997 жылы ашылған. 2003 жылы Алматыда Банк жетекшілері кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Осы уақытқа дейін Ислам Даму банкі елімізде Қарағанды-Астана жолының құрылысы, Сызганов атындағы Хирургия орталығы ғимаратын салу, Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғимаратын салу секілді бірқатар ма­ңызды жобаларды жүзеге асырды. Қазіргі кезде елімізде Ислам банкингі жүйесі қалыптаса бастағанын атап өт­кен жөн. 2009 жылдың 16-17 наурызы күн­дері Президент Н.Назарбаевтың БАӘ-ге ресми сапары барысында елімізде «әл-Хилял» тұңғыш Ислам банкін ашу туралы уағдаластық­қа қол жеткізіліп, сол жылы мау­сымда «әл-Хилял» банкін ашу туралы келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, аталған банк еліміздің өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы, жылжы­май­тын мү­лік және туризм са­лалары бой­ынша жобаларды қар­жыланды­ра­тын болады. ИКҰ-ға төраға­лық барысында араб және мұсылман мем­лекеттері тара­пынан Ислам банкингі жүйесі бойынша тәжірибе жинақтап, пай­­далы кеңестер алуға мүмкіндік жасалады. – Бұл ретте төраға ел көтерер жүк аз емес дейсіз ғой. – Әрине, Қазақстанның ИКҰ-ға төр­ағалық етуі шеңберінде 7-9 маусым ара­лығында VII Бүкіләлемдік Ислам эконо­микалық форумының (БИЭФ) Астанада өткізілуі ислам әлемі елдерімен өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қаты­нас­тарды тереңдетуге үлкен септігін тигізбек. БИЭФ төрағасы Тун Мұса Хи­там­ның пікірінше, «Ислам Давосы» деп аталатын экономикалық форумның Ор­та­лық Азия аумағында бірінші рет Қазақстанда өтуі еліміздің қол жеткізген саяси-экономикалық жетістіктеріне берілген жоғары баға болып табылады. Халықаралық сахнада беделі биік, салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, ел ішінде түрлі халықтар мен діндер өкіл­деріне бейбіт өмір сүруге жағдай туғыз­ған Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығына үлкен жауапкершілікпен келіп отыр деп айта аламыз. Қазақстанның төрағалығы барысында ИКҰ-ның 2006-2016 жыл­дарға арналған он жылдық жоспарын­дағы мақсат-міндеттерден бөлек, Сол­түстік Африка мен Таяу Шығыстағы араб мемлекеттерінде орын алып отыр­ған дағдарыстарды еңсеруге қатысты бастамалар ұсынылатын болады. Соны­мен қатар, кедейшілік, сауатсыздық, аш­тық және қоршаған ортаны қорғау мәсе­лелеріне тиісті деңгейде көңіл бөлінбек. Жалпы алғанда, ислам және араб әлемі­нің мемлекеттері Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығына үлкен сеніммен қарайды. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.