21 Маусым, 2011

Кедендік одақ мүшелері келелі кеңес өткізді

809 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызмет жетекшілері қатысқан жиын болып өтті. Онда Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері кедендік қызметі басшылары бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе – біртұтас кедендік ережелерді қолдану төңірегінде ой бөлісті. Жиында, сонымен қатар, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызметі заңнамасын одан әрі жетілдіру бағытындағы мәселелер де кеңінен талқыланды. Көпшілікке белгілі, Кедендік одақ елдері – Ресей, Беларусь және Қазақстан  өткен 2010 жыл­дың 1 шілдесінен бастап бір­тұтас кедендік аймақ құрып, интеграцияның, яғни ықпал­да­су­дың алғашқы кезеңіне енген болатын. Ал тура бір жыл бұ­рын Кедендік кодекс өз күшіне еніп, Кедендік одақ қалып­та­суы­ның алғашқы кезеңінен де өтті. Сөз реті келгенде атап айтар­лы­ғы, келер жылдың, анығырақ айт­қанда, 2012 жылдың 1 қаң­тарында Біртұтас эконо­ми­ка­лық кеңістік құру жоспарланып отыр. Бір құптарлығы, интегра­ция­лық процестерге Еуропада бір­неше онжылдықтар жұмсал­са, ТМД елдері бұл іс-шара­ларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыруда. Тағы бір атап өтетін жәйт, мүше мемлекеттер арасында ішкі ше­караның болмауы бизнестің, кәсіпкер­ле­р­д­ің жұмысын жеңіл­детуге едәуір ықпал етпек. Сонымен қатар, мұның тауарлар мен капиталдың қозғалысына да көмегі мол, яғни мүше мемлекеттер алдында қо­сымша ауқымды мүмкіндік­тер­ге жол ашады. Кедендік одақтың 1 шіл­деден бастап өз дамуының жаңа саты­сына көтеріліп, Ресей-Қазақстан шекарасында кедендік бекеттер­дің жойылуының өзі көп нәр­седен хабар берсе керек. Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Бай­мағанбетовтің айтуын­ша, «Ке­дендік одаққа мүше  мемлекет­тердің барлығына ар­нал­­ған кедендік баж салығы, қо­сымша құн салығы және ак­циз­дер жалпыға ортақ болмақ. Ол сондай-ақ «қазіргі кезеңде Ке­дендік одақтың жұмыс істеуіне арналған барлық қажетті жағ­дай дайындалып, құқықтық құ­жат­тар да қабылданғанын» ха­бар­лады. Мұның барлығы кедендік әкімшілік іс-шараларының тиімділігін арттыруға ықпал ете­тіндігі сөзсіз. Кедендік қызмет басшылары жұмыс сапары аясын­да Алматы және Алматы облысы департаментінің «Қор­ғас» кеден бекетінде болып, оның жұмы­сымен танысты. Соны­мен қатар, контрабандамен, қылмыспен кү­ресті күшейту бағытындағы мә­селелер де назардан тыс қалған жоқ. Ресей Федералдық кеден қыз­метінің жетекшісі Андрей Бе­льяниновтің пікірінше, «Қорғас» кеден бекетінің қызметі талап деңгейінде. «Шекара учаскесінде алғаш рет болуыма қарамастан, бұл бекеттің жұмысын ойда­ғыдай деп бағалауымның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, мұн­дағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Біздер бұл кездесуде ақпараттық алмасуды жетілдіру мәселелерімен қатар, бірың­ғай әдістерді жүзеге асырудың жолдары туралы да пікірлестік», деді Андрей Бельянинов өз ойын ортаға салып. Сонымен, Кедендік одаққа мүше мем­лекеттердің кедендік қызметі Кедендік одақ заңнамасын сақтай отырып, жұмыс сапасы мен тиім­ділігін арттырмақ. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.