21 Маусым, 2011

Ой

453 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Адамзаттың табиғаттан нәр алуы әр дәуір сайын ұлғайып келеді. Осыдан миллиондаған жылдар бұрын адам­дардың қоректенуіне тәулігіне 2 мың­дай килокалория күш жеткілікті болған екен. Шикізатты өңдеп, тамақ пісіріп, дәмдеп жейтін әр адамға қазіргі таңда тәулігіне жұмсалатын энергияның орнын толтыру үшін 6-8 мыңдай килокалория қажет болып отыр. Соның нәтижесінде адам өмірінің орташа ұзақтығы бұрынғы замандарға қарағанда 3 есе артты немесе 15 жылдан 50 жылға дейін ұзарды деген сөз. Республиканың картасына көз салсаңыз, кең байтақ даламызда күн сәулесі орта есеппен жылына 2,5 мың сағат жарқырап тұрады екен. Ал, Қызылорда облысының оңтүстігі мен Оңтүстік Қазақстан облысының солтүс­тік-батысының көптеген жерінде күн сәуле­сі­нің бұлтсыз ұзақтығы жылына 3 мың са­ғат­тан асады. Осы күн сәулесі түсетін аудан­дардың ауыл тұрғындарына фитонды толық пайдалануларына болады. Түрік мемлекеті­нің оңтүстігінде және Израиль мемлекетінің көпшілігінің үйлерінің шатырында суды жылытатын қондырғылар орналастырылған. Жабық шағын жылыжайлар мен оранжереяларда қысы-жазы көкөніс өндіруге, суды жылыту, күн көзінен электр қуатын алуға бо­латыны бүгінгі таңда қиял еместігі бәрімізге белгілі. Жабық жылыжайлардың қабыр­ға­сы­ның 1 метрдей биіктігін мал қиымен кө­міп қойса, онда аздап болса да жылу беретінін де есте ұстаған жөн. Күн сәулесінен жы­лын­ған жылы суды еденге төселген (көмілген) темір немесе полиэтилен құбырлар арқылы ағызса көкөністің тез өніп-өсуіне ықпалын тигізеді. Осындай жабық жылыжайларда қыста бір көкөніс өсіріп, ал жазда басқа өсімдікпен ал­мас­тырылып отырса, онда тыңайтқыштың қа­жеті шамалы болады. Алматыда тұрған кезімде әйелдер мейрамы – 8 наурызда қызғал­дақ гү­лін балконда өсірген кездер болған. Ол үшін күз­де 3 шағын жәшіктегі топыраққа әр­қай­сы­сы 30-40 қызғалдақтың тұқымын кө­міп, ашық балконға қоятынмын. Жаңа жыл мей­ра­мынан кейін сол жәшікті үйге кіргізіп, тем­пе­ра­турасын қадағалап отырсаң наурыз­дың ал­ғаш­­қы күндері қып-қызыл гүлдер пайда болады. Шығыстағы Жоңғар қақпасынан бастала­тын жел орта есеппен секөнтіне 6-7 метр жыл­дамдықпен жел соғып тұрады. Мұнда кей мезгілде адам түгілі, аттылы-түйелі жо­лау­шылар әрең қозғалады желдің күштілі­гі­нен. Осындай желдер Каспий теңізінің шы­ғыс жағалауларында да кездесетін табиғи құ­былыс. Еліміздің оңтүстігіндегі Қарақал­пақ­станнан терістіктегі Ресейдің Омбы об­лысының Құлынды даласына дейінгі үл­кен ал­қапта желдің күші басқа жерлерге қа­ра­ғанда, басымырақ. Міне, табиғаттың осы бай­лығын ауыл экономикасына пайдаланса деген ойлар туындайды. Кейбір пысықтар жел, күн қондырғыларын шет мемлекеттерден сатып алу керектігін және оның баға­сы­ның тым жоғары екенін айтады. Ал жоғарғы деңгейдегі шенеуніктер бұл істен ат-тонын ала қашады. Шындығында оларды өзімізде жасауға болады. Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан ға­лым­дарының кейбір еңбектеріне көз салсақ, жер асты суының қоры біздің елде мол­шы­лық. Ға­лымдарымыздың болжауынша еліміздегі осын­­дай сулардың көлемі 7-7,5 миллион текше километр. Мысалы, Орталық Қазақ­стан­дағы Са­ры­­арқа жазығындағы жер асты суларының те­реңдігі 50-70 метрден аспайды. Шу-Сарысу ой­патындағы созылып жатқан ені 50 шақы­рым үлкен аумақтағы жер асты «теңізі» жер бетінен 100-300 метр тереңде болса, Қаратау бөктерінде 500-800 метр тереңдікте де су қоры баршылық. Осын­дай алып су қорлары Зайсанда, Теңіз-Қорғалжын ойпатында, Мұғалжар тауы­ның солтүстігінде, Ор және Сыр өзендері бойында, Ертіс ойпатында, Маңғыстау-Үстірт тауларында баршылық. Голландия, Бельгия, Дания, Үндістан, Иран, Моңғолия және тағы да басқа елдер жер асты суларын көптеп пайдаланып келеді. Қа­зір­гі ауылдың қиын жағдайында жел күшімен, күн сәулесімен электр энергиясы арқылы жер асты суларын пайдаланып, төрт түлік малды өсіруге неге бетбұрыс жаса­масқа? Кеше ғана Одақ көлемінде Қазақстан ет өнімдерін шы­ғарудан алдына ешкімді жібермейтін, ең ал­дыңғы қатардағы республика болатын. Респуб­ли­камыз Кеңес Армия­сын, Мәскеу мен Ленинград қалаларын етпен толық қамтамасыз еткен. Отан соғы­сының алдындағы және кейінгі жылдары Кеңес армиясындағы атты әскерді республикадағы ондаған жылқы зауыттары атпен қамтамасыз еткен болатын, сол шаруа­шы­лықтар қазір қайда? Осыдан бір-екі ғасыр бұрын жыл сайын Ресейдің орыс-казактары елімізден жарамды жылқыларды үйірімен сатып алатын болған. Ол жер қазіргі Атбасар қаласы, бұрынғы аттың базары болғандықтан сол кездері Ат базары атағымен Ресей, Орталық Азия, Қытай мемлекеттеріне белгілі тарихи жер. Осы қаламызды біреудің «Атбасар» деп бұра жазғанынан әлі де өзінің тарихи атына жете алмай келеді. Кеңес заманында ет өнімдері аспаннан салбырап жерге түскен жоқ қой. Сол кезде ет өнімдерін өсіруге ауылдағы малшы­лардың, шөпшілер, механизаторлар­дың, тағы басқа азаматтарымыздың өз үлес­терін ащы термен қосқаны барша жұртқа аян. Сол тіршілік қазір қайда кетті? Ауылда тудық, сол ауылдың суын ішіп, таза ауасын жұтып өстік. Кеңес өкіметі кезіндегідей ауыл өмірін неге газет беттерінен оқымаймыз (мұнда мен озат шопанды, малшы, сауын­шы, меха­низа­тордың еңбегін марапатта деп отыр­ғаным жоқ), өскен-туған ауылдары­мыз­дың қазіргі жағдайы, бақи­лық­қа бара жатқан ауылды ояту, тірілту, ата кәсі­бімізді жаң­ғырту, халықтың санын көбейту т.б. мәселе­лер ұшан-теңіз. Қазақстандық газеттер жоға­ры­да айтылған проблемасы көп ауыл өмірі жайлы сыр шерткеннің орнына шет елдегі кино, театр, спорт жұлдыздарының өмір­бая­нын, қанша рет әйел алғаны, неше рет үй­лен­гені, жүзден аса автокөліктері, яхта­лары, үйлері бар екендігі және тағы-тағыларын жазып жатады. Қазіргі таңда еріншек жер иелерінен ескі қыстаулар мен сай-саланы, алқапты, бұрын­ғы совхоздардың бөлімшелерін, шағын ауыл­дарын алып, неге сол өңірдегі бір атадан таралған ұрпаққа бермеске. Ал жер иелеріне айтарым: жер мемлекеттікі, оның бағасы шексіз қымбат. Бұрынғы ата-баба­ларымыздың қанымен-жанымен оның үстіне кешегі Ұлы Отан соғысындағы шайқаста оққа ұшқан мыңдаған қазақстандық жауын­герлердің өмірлері қиылған үлестері. Біздің ең мықты «көзіріміз» – өрісте бағып өсірілген малдың еті. Міне, сонымен ғана өзіміздің шет елге кім екенімізді білдіруге бо­ла­ды. Біз ауыл өмірін сыртқа ысырып қойып, басқа салаларға қарай ұмтыламыз, қаржы­лан­дырамыз. Бұл «Аттыға ілесіп, жаяу­дың таңы айырылыптының» кері. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жыл айналысып келген кәсібін менсінбейміз, немқұрайлы қараймыз. Мысалы, жапон, қытай және корейлер экономикалық даму жағдайлары бо­йын­ша әлемнің серкелері бола тұрып өз ата кәсіптерінен ажыраған жоқ. Сауд Ара­бия­сының байлықтан жұмыс істемейтін араб­тары жеке тікұшақ пен қымбат темір тұл­пар­ларды мініп жүрсе де түйе шаруа­шылы­ғын, бәдеуйлікті, қыран құс асырау тіршіліктерін әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Тіпті Израиль мемлекетінің көне кішігірім қала­лары­ның шеттерінде жергілікті халықтың – түйешілердің жаппасының жанындағы екі-үш аса қымбат жеңіл автомобильдерді көру­ге болады. Еврей халқы сол отандастарына ризашылық білдіруде. Өзіміз еліктейтін АҚШ-тың ауылдағы басты тірегі – фермерлер. Сол фермерлердің ауылшаруашылық техникаларын, мал өсіру­дің әдістерін, егін салуды өте тиімді пайда­лануында қандай өнер жатыр! Көршіміз қы­тай елі ауыспалы егіспен ешқандай ты­ңайт­қыш қолданбай-ақ ат тоқымындай жерден біршама өнім жинайды. Бұл көріністі Қы­тайдың Үрімші қаласының маңындағы ауыл­дардағы тіршіліктен көзбен көріп білдік. Ай мен планеталардың тартылыс күш­тері, Жер мен Күннің магнит толқыны күш­терін пайдалану арқылы жер асты суын жер бетіне шығаруға болатыны жайлы айтылған көптеген ғалымдардың болжамдарын шын­дық­қа айнал­дыруға болады. Ол үшін онда­ған 35-тен 84-ке жуық темір немесе поли­этилен құбырларды жер асты көлдеріне тереңірек батырып, шеттерін бетондап, бір-бірімен біріктіріп, ортасында орналасқан басты жуан құбырға жалғастырып қойса болды су өзі энергиясыз ақырындап жер бетіне аға береді. Құбырлар бір-бірімен жалға­нып, содан кейін барлығы жуан құбырға бекітіледі. Әр құбырдың ішіне әрбір метр са­йын қозғалатын клапандарды орнату қажет. Клапандар су жоғары жер бетіне (космос күш­тері­мен) қоз­ғалғанда ашылып, ал су қозғалмаса жабы­лып тұруы керек. Мысалы, Айдың тар­ты­лыс кү­ші (тәулігінде екі мезгіл) кезіндегі «ай» құ­бырларымен су қозғалады, ал магнит өрісі бас­қа «магнит» құбыр­лары­мен жоғары жер бетіне көтеріледі. Құбыр­лар­дағы сулар ортаңғы (бел) жуан құбырға жиналып, сыртқа энергиясыз аға береді. Ал «су бар жерде – өмір бар» екенін бәріміз білеміз. Қазір ауыл халқы қорасындағы азғантай малымен жан бағып отыр. Қала тұрғындары үшін шет елден ет, сүт тасылады. Сонда Ауыл шаруашылығы министрлігінің тіршілігі қан­дай? Республикадағы мал санының 80 пайызы жеке меншіктің қорасында бағы­ла­ды. Сонда министрлік пен «ҚазАгро» сияқ­ты­лардың бары­нан жоғы деген баға берілуі тиіс қой. Ауыл малын көбейту проблемасы тез арада шешілетін тіршілік. Қазақ күнтіз­бегін­де сиыр, қоян, жылқы, қой, тауық, доңыз жылдары бар. Мысалы, 2014 жылқы жылы, сол жылдың құрметіне үкімет ұрғашы жыл­қы малын соғым­ға сойдырмайтын мораторий қабылдаса және сол 4 жылда ауылға бөлінетін қаржылар жылқы малының өсіп-өнуіне жұмсалып, ал 2015 жылы қой-ешкі малына көңіл бөлініп, 2017 жылы тауық, үйрек-қаз, түйеқұстарды өсіруге мұрын­дық болып, 2019 жылы шошқа өсіруге, ал 2021 жылы сиыр малын көбейту қолға алынса деген ой бар. Ауылдағы әкімдеріміздің қазіргі жасап жатқан тіршіліктеріне көңіл толмай­ды. Әкімдер жерді жаппай сатқанның орны­на, сол жердегі жайылымдарды төрт түлік мал­мен неге толтыр­майды деген сұрақ туады. «Білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» дегендей, мен өзім білетін дүние­лерге тоқталдым. Мақсат – ғалымдар мен мамандардың жергілікті әкімдердің, ауыл­дағы зиялы қауым, байлардың назарын осы мәселеге аударып, ауылды қайта көтеру, өр­кендету жолдарын қарастыру. Тәуел­сіз­діктің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкені­міз жан­ғанда ендігі салғырттығымыз бен мәңгүрт­тігі­мізді тарих ешқашан кешірмейді. Қазақстанда ұлттық салтқа деген сүйіс­пен­шілік сезімі әлі тұйықта тұр. Отбасылық дәстүр ыдыраңқы. Басқаға таңданыс бар да өз ісімізге талпыныс енжар. Сондықтан елге, ұлтқа, Отан­ға, жерге деген сүйіспеншілік те солғын. Бұған керісінше, рулар жаңғырығы басым. Қазақ елі тәуелсіздік алып, дербестік жолына түскен бү­гінгі таңда халқының бо­ла­шағы үшін жаны күйі­нетін әрбір ер-азамат өзінің шаңырағын биіктетіп, отбасында отан­шылдық, ұлтжандылық тәрбиесін жетілдіру жолында құлшынып, айрықша көңіл бөлсе, бүгінгі жағдайымыз көш ілгері болар еді. Бұл – әрбір азаматтың борышы. Шенеуніктердің қай деңгейдегісі болма­сын ауыл өміріне өте селқос қарайды, сайлау науқандары кезінде ғана болмаса депу­таттардың, депутатқа үміткерлердің де ауыл қонағы болып, ел арасын аралауы екіталай. Ауылға бюджеттен бөлген ақша қаражат­тары құмға сіңген су секілді, диқандар мен шаруаларға толық жетпейді. Дегенмен, ойды қорыта келгенде, Елба­сы­ның берген тапсырмасына сәйкес Үкімет­тің қолдауымен ауыл шаруашылығын өркен­детуге жол ашылады деген үміт бар. Ол іске көп­шілік болып жұмыла ат салысуымыз қажет. Садуақас ЕСІМБАЙ. Астана.