21 Маусым, 2011

Қазан аузы жоғары

617 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОҢТҮСТІКТЕ ЕГІН ОРАҒЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ Қазір табиғаттың тосын мінездері көбейіп, көптеген елдерде мыңдаған гектар алқаптарды қарғын су шайып, жеміс-жидектерді долы жел ұрып, дақылын көктей қағып алып жатқанда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шығып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысы да осы мәселеге сүбелі үлес қосып келеді. Қысы қоянның құйрығындай шолақ, есесіне жайдары күндері қоңыр күзге дейін созылатын оң­түстік ауылшаруашылық өнімде­рін өсіруге үлкен табысқа жетуде. Күздік бидай дертіп пісті. Ауыр дәндері көтере алмаған масақ басы қонақ келсе құшақ жайып қарсы алатын қошемет­шіл ағайындардай төмен иіледі. Облыстағы мықты агро­ке­шен­дердің бірегейі “Амангелді” серіктестігінің директоры Нұр­лан Құраловтың Қазығұрт ауда­ны Ақжар елді мекені алқа­бын­дағы егініне орақ салған мерекеге облыс әкімі Асқар Мырзах­метов арнайы қатысты. Ал облыстың егіншілік сала­сын­да атқарылып жатқан жұмыс­та­рына келсек, ауыз толтырып ай­татындай жақсылықтар бар. Егіс көлемі 815 гектар болса, он­ың ішінде сүр тарапқа айналғаны 79 мың гектар. Алдымен Қазығұртта ауыл шаруашылығы мамандары, шаруалар және өндірістік кооператив өкілдерінің қатысуымен ал­қалы жиын өтті. Облыс әкімі диқандармен кеңесіп, өткір мә­се­лелерді талқылады. Арзандатыл­ған бағамен берілетін жанармай, амиак-селитра және су мәселе­лері сөз болды. Проблемалардың шешілу жағдайы талқыланды. Бүгінгідей кезеңде жалғыз жүріп жол табу мүмкін емес. Бұл шаруаларға әбден қатысты. Аз жеріңді малданып, өз қотырыңды өзің қасимын десең, мемлекет та­рапынан берілетін жеңілдік­тер­ден қағыласың. Ірі серіктестіктерге біріккендер ұтады. “Амангелді ЖШС” корпорациясы ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудегі үкіметтің саясатын жүзеге асырып келеді. Қазір Қазығұрт, Сайрам, Төле би, Арыс және Сарыағаш аудандарының диқан­да­рын біріктіріп үлкен қауым­дас­тық құрған. Түскен пайда теңдей бөлісіледі. Жыл сайын егіс көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр он үш мың гектар жерге күздік бидай егілсе, биыл тәу­ел­сіздігіміздің жиырма жылды­ғына орай жиырма мың гектарға дәнді дақыл егілген. Атап айт­қан­да, он бес мың гектарға бидай, төрт мың гектарға мақсары, бір мың гек­тарға арпа егілді. Дәнді дақылдар­ға мұндай көз­қарас ауыс­палы егістік жүйе­сін сақтауға кепілдік береді. Семинарда сөз ал­ған облыстық ау­ыл ша­руа­шы­лығы бас­қарма­сы­ның бастығы Қа­нат­бек Оспан­беков об­лыс диқанда­ры­ның осы өткір мәселеге үл­кен мән беріп отыр­ған­дығын айтты. Ақжардағы күздік бидайдың центнері орташа есеппен алғанда 17-18-ден айналады. Гектарға шаққанда жиырма центнерден де айналатын жерлер бар. Бұл жақ­сы көрсеткіш. Облыста ауыл ша­руашылығы дақылдарын өсі­ру­де көшбастап келе жатқан Нұр­лан Құралов жаңа технология­ларға мән беретін жаңашыл кә­сіпкер. Ол егін орағына 3 “Челенджер” комбайнын сатып ал­ыпты. Са­лыс­тырып көріңіз, Ре­сей­дің мақ­таулы “Енисей”, “Дон” комбайн­дары бір жылда 300-350 гектар алқапты ора алса, әмбебап “Челенджер” комбайны осы мезгілде 3 мың гектарға дейін би­дай­ды баса алады. Со­ны­мен қатар егін орағына осы кор­порация­ның 5 “Джон Дир” ком­байндары қатысты. Облыста ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамытуда қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр деген мәселелерге келетін болсақ, агро­өнеркәсіптік кешенін даму бағ­дар­ламасы бойынша ауыл шаруа­шылығы дақылдарының егіс көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, 2009 жылы – 637 мың гектар, 2010 жылы – 697 мың гектар (+ 60 мың га), 2011 ж. 739 мың га (+42 мың га) көбейіп келеді. Ағымдағы жылы масақты дән­ді дақыл 184 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылға қара­ған­да 6 мың га артық. Осы көр­сеткішті дәндік жүгері, көкөніс, бақша, картоп, мақта, жеміс-жидек, жүзімдік және мал азықтық дақылдарға қаратып айтуға бо­лады. Суармалы жерлердің игерілуіне келетін болсақ, облыс бой­ын­ша 447 мың гектар жердің, оның ішінде 2009 жылы түгендеудің нәтижесінде айналымнан шығып қалған жер көлемі 100 мың гектар анықталды. Осыдан 2009 жылы қайта айналымға қосыл­ғаны 44,4 мың гектар. Ал 2010 жылы 32,7 мың гектар қайта пайдалануға берілсе, 2011 жылы 26,6 мың гектар алқабы айна­лымға қосылып, суармалы жерлер толығымен 100 пайыз игерілетін болады. Облыстық әкімдіктің күш са­луымен тамшылатып суару, жы­лы­жай салу және шаруаларды ти­імді несиелендіру жұмыстары жолға қойылып келеді. Облыс диқандары биылғы жылдан жақсы несібе күтіп отыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. ––––––––––––– Суретті түсірген Хусан Азизов.