Тәуелсіздікті әр азамат мақтан тұтады. Ал тәуелсіз елде тұру әр адам үшін шынайы бақыт. Жылдар өте «тәуелсіз ел» деген сөз тіркесінің мәні күнделікті болып қалады да, барлық адамдарға белгілі ұғымды жаңалық ретінде таныту қиын. Сол себептен халық өз бостандығы туралы жылына бір рет қана Тәуелсіздік күні есіне алады.
Бірақ 2011 жылы емес. 16 желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық мерейтойы аталып өтеді! Бұл, сөзсіз, ерекше тойлауды талап ететін оқиға. Әр қазақстандық еліміздің 20 жылдық тәуелсіздік мерейтойына өзінің қомақты үлесін қосу үшін арнайы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізуге арналған шаралардың тұжырымдамасы мен жоспары» жасалған. Бұл құрал ұйымдастырушылар үшін «нұсқау» болса, қала тұрғындары үшін «ойын-сауық бағдарламасы» болып табылады. Жылдың әр айы тәуелсіздікке байланысты белгілі бір тақырыпқа арналған және осыған орай түрлі шаралар өткізіледі.
Мысалы, қаңтар – Азиада айы, ол Қазақстанның жетістіктерін, экономикалық қуаттылығын және халықаралық беделін көрсеткен. Осыған сәйкес қаңтар айы спорт ойындарына, сайыстарына толы болып, көңілді Ирби барысы аясында өтті. Халық Астананың суығы туралы ұмытып, барлық назарларын біздің спортшыларға аударды. Еліміздің түкпір-түкпірінен «Алға, Қазақстан!» деген дауыстар естілді.
Қаңтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін Халықаралық мойындау айы – ақпанға ұласты. Ол туралы бәрімізге белгілі деп ойлаймын. Азиаданы өте жақсы өткізіп, ЕҚЫҰ саммитінің нәтижелерін қорытып, содан кейін... наурыздың «дәстүрлеріне» көштік. Құттықтаулардың басым көпшілігін еліміздің нәзік те сұлу жандары – қыз-келіншектер, аналар, апа-әжелер қабылдады. 8 Наурыз мерекесі биыл өте ауқымды аталып өтсе, ол Наурыз мейрамымен жалғасты. Еліміздің барлық белсенділері қызу әрекет жасап, өз таныстары мен көршілерін қаланы гүлдендіруге тартып, сенбіліктеріміз де жақсы өтті.
Сәуір «Ғылым және технология» айы деп аталды. Студенттердің кезі келді. Олар өздерін көрсете алатын ғылыми жетістіктер көрмесі өтіп, ақпараттық технологиялар саябақтарының тұсаукесерлері ұйымдастырылды. Мамыр халық шерулері және парадтарымен белгілі Бірлік айы ретінде аталды. Ол қазақтардың Төртінші құрылтайымен аяқталды.
Маусым «отансүйгіштік» бастауымен өткізіліп, Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуге және тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған бірқатар форумдар, слеттер және акциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балаларды қорғау күні де мерекеленді.
Шілде Қазақстанның елордасы айы болып өтеді. Астана күніне орай осында ауқымды іс шаралар ұйымдастырылады. Бұл мереке әр қазақстандықты бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Спорт шаралары, концерттер, қайырымдылық кештер, сансыз конкурстар және фестивальдар өзін күттіріп қоймайды! Байқап отырсаңыз – бұл оқиға барлық жұртқа жарияланады.
Тамыз Тәуелсіздіктің құқықтық негіздеріне арналған, бұл «атау» 30 тамыз Конституция күніне орайластырылған. Өзінің атауын ақтап тамыз айы Конституцияны түсіндіретін оқылымдар және әскери парадпен барлығымызды қуантады, ал Спорт күніне байланысты спорттық форум өткізіледі.
Біз үшін терең рухани ай – қыркүйек айы болып келеді, халыққа татулық пен бірлік туралы Қазақстан халқының тілдер фестивалі еске салады, ал пайда болған сұрақтарға жауап беруге V Азаматтық форум көмектеседі. Сонымен қатар, күз бізді тағы да Қазақстанның драма театрларының республикалық фестивалі мен «Каспий – достық теңізі» атты V Халықаралық фестивалімен қуантады.
Қыркүйекте рухани құндылықтарды еске алған соң біз өзіміздің түп тамырларымызға ораламыз – «Ауылдың гүлденуі» атты қазан айы келеді. Агроөнеркәсіп саласы еңбеккерлерінің республикалық форумы, «Береке бастауы» атты нан фестивалі және Қарттар күніне арналған бірқатар шаралар өткізіледі.
Қараша өзімен бірге қыстың суық тынысын алып келеді де, бізді үлкен қалаларға оралуымызға мәжбүр етеді. Сол себептен осы айға Жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму деген ат берілген, бастапқысы қарашада Қазақстанның қаржыгерлері конгресі өтеді. Осыдан кейін сапа саласындағы «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, газтурбиналық электр стансасы іске қосылады. Қараша алып мұнай-газ көрмесімен аяқталады.
16 желтоқсан мерейтойдың басты күні – «Тәуелсіздік» жалауының астында өтетін сансыз шаралармен тәмамдалады. Біз осы күнді мәңгі есімізде сақтаймыз.
Бұл жиырма жыл тарих үшін қас қағым сәт, бірақ біз үшін үлкен жетістіктерге толы. Көпшілігіміз 1991 жылы дүниеге келіп, тәуелсіз Қазақстан біздің, тәуелсіздік құрдастарының көз алдында дамып, өсіп, өркендеу үстінде. Қазір біздің мақсатымыз – туған жеріміздің одан әрі дамып, өркендеуі үшін барлық күш-жігерімізді салу. Біз әлі жас болғанмен, болашақта әрқайсысымыз «Мен де өскелең Қазақстанды көтеруге атсалыстым!» деп мақтанышпен айта аламыз.
Нұрсұлтан МАХМЕТОВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының студенті.