Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, оның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.
Алғашқы мәселе Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы ерекше тарихи оқиғаға – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Конституциялық Кеңестің төрағасы И.Рогов 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бергі өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасында мемлекет және қоғам өмірінің барлық салаларында реформалар жүргізілгеніне тоқтала келіп, соның арқасында мемлекеттілікті нығайтуда, қолданыстағы құқықты, тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін тиімді әрі ашық билік тетігін тұрлаулы етуде, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруда біраз шаруа тындырылғанына баса назар аударды.
Жолдауда Конституциялық Кеңестің Ата Заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметі заңнаманың сапасын бақылап-бағалаумен қабат жүріп отыратыны айтылып, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларындағы құқықтық позициялардың, жыл сайынғы жолдаулардағы ұйғарымдар мен ұсыныстардың жүзеге асырылуы осының бір көрсеткіші болып табылатыны атап көрсетілді. Өз сөзінде Конституциялық Кеңестің төрағасы оң үрдістермен қатар, Үкіметтің және Парламенттің назарын Кеңестің жекелеген шешімдерін орындамау немесе жартылай орындау фактілеріне аударды. «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1,5 жыл бойы күттіргеніне қынжылыс білдірді.
Және де Кеңестің нормативтік қаулысында халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешiмдерi, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы шешiмдердiң Қазақстан үшiн мiндеттi сипаты тiкелей көрсетiлген жағдайда республика ратификациялаған халықаралық шарттың заңдық сипатын алады деп атап көрсетілгенімен, осы құқықтық позицияның әлі күнге дейін жүзеге асырылмауын да Парламент пен Үкіметтің назарына салды.
Бірлескен отырыстың күн тәртібінде екінші қаралған Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдауда алғашқы болып мінберге көтерілген Қаржы министрі Болат Жәмішев: «2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеппен жасалған жұмыс үшін сіздерге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Мен біздің жұмысымызды жеткілікті деңгейде өнімді болды деп санаймын, бұл ағымдағы жылдың, сол сияқты келесі жылдардың да республикалық бюджетін атқаруда оң көрініс табары сөзсіз», деп 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына тоқталды.
2010 жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңның 44-бабынан 7-бап нормативтік сипатқа ие, 31-бап 10 пайызға орындалып, 4-бап ішінара орындалды, оның ішінде 1-бап – бюджеттің шығыс бөлігі бойынша жоспар 99,1 пайызға орындалғанын, ал 37,5 млрд. теңге игерілмей қалғанын жеткізді. Мұнан соң бюджеттің атқарылуында ең басты бағдар ел азаматтарының өмір сүру деңгейін жоғарылату, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардан, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларынан туындайтын стратегиялық міндеттер болғаны сөзсіз деген министр, олардың барлығының орындалғанын баяндады.
Министрдің айтуынша, өткен жылдың тағы бір белесі – ол Денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының аяқталуы. Осы бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 286,6 млрд. теңге бөлінген, ал одан күтетін нәтиже азаматтардың денсаулығын нығайтуға бағытталған стратегиялық міндеттерге қол жеткізгенімізді куәландырады, деген Жәмішев білім саласында «Балапан» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылы республикалық бюджеттен 19,2 млрд. теңге бөлінгенін мәлім етті. Осының игі әсерінен 2010 жылдың қорытындылары бойынша мектепке дейін білім беру мекемелерінің желісі 1 878 бірлікке ұлғайтылыпты.
Ал республика бойынша қолға алынған «100 мектеп» жобасы шеңберінде жалпы сомасы 104,3 млрд. теңгеге 103 мектептің құрылысы, оның ішінде 5,2 млрд. теңгеге 19 мектептің құрылысы 2010 жылы аяқталғанын айтқан бас қаржыгер Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шараларын іске асыру үшін экономиканы жедел әртараптандыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 921,5 млрд. теңге бағытталғанын, оның 912,2 млрд. теңгесі игерілгенін назарға салды.
2010 жылы тағы бір мемлекеттік бағдарлама өз мәресіне жеткен. Ол – ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған бағдарламасы. Даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің саны 1548 бірлікке, ал онда тұратын халықтың үлес салмағы 22-ден 52%-ға ұлғайыпты. Бұл бойынша 2010 жылы бағдарлама іс-шараларын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 99,0 млрд.теңге жұмсалыпты. Министрдің айтуынша, осы жылы ауыз суды тасып ішетіндер саны да азайған. Олар 445 мыңнан 83 мыңға дейін қысқарыпты. Бағдарламаны республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі 150,6 млрд.теңге болып, ауыз судан қиындық көргендердің қатары кеміген.
Жалпы алғанда, Үкімет республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін орындап шықты деп бағалаймыз, деп сөзін бастаған Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев бірнеше мәселені қадап айтты.
Біріншіден, үш жылдық жоспарлауға көшу және республикалық бюджеттің жыл сайын алға жылжып отыруы құқықтық олқылыққа алып келді. Мәселен, «2010 – 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды іске асыру туралы Үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын біздің есебіміз іс жүзінде тек 2010 жылғы бюджеттің атқарылуын бағалауды ғана қамтыды.
Қазіргі кезде, кейінгі үш жылға, яғни 2011 – 2013 жылдарға арналған жаңа заңның қабылдануы Есеп комитетіне үш жылдың қаржы көлемі мен параметрлеріне кешенді бағалау жүргізу құқығын бермей отыр. Ал негізінен еліміздегі даму бағдарламаларының басым бөлігі орта және ұзақ мерзімдерде іске асырылатыны есімізде, сол себептен төраға қынжылысы орынды көрінді.
Бүгінгі таңда бюджеттік бағдарлама әкімшілері заңға енгізілетін нақтылауларды асыға күтеді, өйткені, оны бюджет қаражатын игеру тетігі ретінде пайдаланады. Мұның бәрі шарт міндеттемелерін орындау мерзімінің кешіктірілуіне және дебиторлық берешектің ұлғаюына алып келеді.
Осы дебиторлық берешектің 118 млрд. теңгеге жетуі – алаңдатарлық мәселе. Мұны айтқан Өксікбаев екінші бір жетімсіздік деп еліміздегі салықтық және кедендік әкімшілік етудің сапасының жақсармауына тоқталды.
2009 жылмен салыстырғанда, 2010 жылы салық берешегі мен бересі көлемі ұлғайған, ал салықтық тексерулердің нәтижесінде бюджетке өндіріп алынған қаражаттың тиісті деңгейге өсуіне әсерін тигізбеген. Мұның бәріне, ең алдымен, республикада жалған кәсіпкерліктің өсуі ықпал еткен.
Бұл мәселеде, біздің ойымызша, Үкімет жалған кәсіпорындардың санын қысқарту жұмыстарын жандандыруы қажет деп есептейміз, өйткені, олардың басым бөлігі бюджетке айтарлықтай залалын тигізуде, дей келе, көлеңкелі айналымның ұлғаюын, кірістердің жасырылып көрсетілуін және бюджет шығындарының артуын жою мақсатында салық органдары олардың өсуіне негіз болған экономикалық және заңнамалық себептерді зерделеу қажеттігі турасында айтты. Сондай-ақ тәуекелдер жүйесін пайдалана отырып, жедел мониторинг жүргізу арқылы заңды тұлғаларды тіркеу есебін жетілдіру қажет, деген ол 2010 жылғы республикалық бюджет шығыстары 4574,1 млрд. теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 21,1 пайызын құрағанын атады. Бұдан шығыстарды тиімді пайдаландық па деген сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, Есеп комитетінің бағалауынша, шығыстарды тиімді пайдалана алмадық. Біздің пайымда, қаржы тәртібін бұзушылықтардың басты себебі бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде жіберілген көптеген олқылықтар мен негізсіздікте жатыр. Үкімет осы күнге дейін бюджет өтінімдерін сапасыз әзірлеген бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне нақты жауапкершілік белгілемей келеді. Ал бұл жауапсыздық кейбір шығыс баптарына артық қаражат жоспарлауға, дайын емес жобаларға өтінім беруге, сатып алынатын заттардың бағасының негізсіз қымбаттауына әкелуде.
Осыдан кейін сұрақ беру рәсімі басталып, депутаттар Үкімет басшысына сауалдар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Депутаттар өз тараптарынан қызу талқыланғанымен, бюджетті мақұлдады. Соңынан Парламент палаталарының Регламенті бойынша бірлескен комиссия құрылып, бірлескен отырыс өз жұмысын тәмамдады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.