ЖЕР РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ
Елбасы 2009 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы онжылдықта ел дамуына бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді.
Онда ел экономикасының дамуы мен оның бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы негізгі табыс кілті – ұлттық экономиканы әртараптандыруға қол жеткізуге баса назар аударылып отыр.
Бұл ретте, әртараптандырудың басты бір тетігі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі үш бағыты атап көрсетілді. Оның біріншісі – 2014 жылға аталған салада өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру, екіншісі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үшіншісі – экспорттық әлеуетті іске асыру.
Аталмыш міндеттерді іске асыруда аграрлық-индустриялық әртараптандыру арқылы ауыл шаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал жабдықтар мен жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығында заман талабына сәйкес, сапалы өнім өндіруге жаңа көзқарасты қалыптастыру, сонымен қатар, әлемдік тәжірибені кеңінен пайдалану негізгі мәселелер болып отыр.
Ауыл шаруашылығында негізгі өндіріс құралы болып саналатын жер ресурстарын тиімді пайдалану аталған міндеттерді іске асыруда аса маңызды рөл атқаратыны белгілі.
Сондықтан да бүгінгі күні мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық жерлерін пайдаланудағы жауапкершілікті арттыруға байланысты қатаң талаптардың туындауы заңды мәселе десек қателеспейміз.
Еліміздің заман талабына сай, нарықтық экономикаға көшуіне байланысты, республикамыздағы ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлері негізінен мемлекеттік емес субъектілердің иелігіне көшкені аян.
Өткен 2010 жылдың қорытындысы бойынша республикада 207,9 мыңнан астам шаруа және фермер қожалықтары, 7,4 мың шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, ауылшаруашылық кооперативтері және де 4,5 мыңға жуық басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары бар. Айналымдағы ауыл шаруашылық жерлерінің 98,1 пайызы осы аталған құрылымдардың пайдалануында.
Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев осы жылдың аяғына дейін еліміздегі ауыл шаруашылық жерлеріне түгендеу жұмыстарын өткізу туралы Үкіметке және облыс әкімдеріне тың тапсырмалар берді.
Осы себепті, жерлерді түгендеуге қатысты атқарылуы тиіс жұмыстардың ауқымы тек Жер ресурстарын басқару агенттігі ғана емес, Ауыл шаруашылық министрлігінің аумақтық органдарына және облыс әкімдіктеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің басшылық етуімен үш рет арнайы кеңестер өткізіліп, аталған жұмыс бойынша тиісті мемлекеттік органдардың міндеттері және жұмысты ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта, барлық облыстар мен аудандарда жерлерді түгендеу жұмыстарын өткізетін жұмыс комиссиялары құрылып, облыс, аудан әкімшіліктерінен жауапты тұлғалар белгіленді.
Облыстар берген деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша, республикада аумағы 2,6 млн. гектар болатын 6,1 мыңнан астам пайдаланбай жатқан жер телімдері анықталған. Оның ішінде аумағы 435,4 мың гектар болатын 849 жер телімдері иесіз жер ретінде есепке алынып, оның 433,6 мың гектары мемлекет қарамағына қайтарылды.
Аталмыш жұмыстар 2009 жылғы 19 мамырдағы Елбасы басшылығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасына орай, еліміздің барлық аумақтарында жүйелі түрде жүргізіліп келгенін атап өту қажет. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2009-2010 жылдары мемлекет меншігіне, пайдаланбай жатқан 1,5 млн. гектар ауыл шаруашылық жерлері қайтарылған болатын.
Сонымен қатар, 2010 жылғы түгендеу жұмыстары нәтижесінде көлемі 1,1 млн. гектарды құрайтын 3335 жер телімі иесіз мүлік ретінде есепке алынған және де олар жер заңдарына сәйкес, бір жыл өткен соң, иесі табылмаған жағдайда, биылғы жылы сот шешімімен мемлекетке қайтарылады.
Жалпы, облыс әкімшіліктерінің ақпараттары бойынша, биылғы жылы мемлекетке қайтарылуы мүмкін пайдаланбай жатқан жерлердің көлемі 2-3 млн. гектарды құрайды деп болжануда.
Қазіргі кезде, пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып алу негізінен тек жер инспекцияларының талап-арызымен сот тәртібінде ғана іске асырылып келді десек қателеспейміз. Бұл ретте, жер пайдаланушы жерді екі жыл пайдаланбаған жағдайда, оны алдын ала бір жыл бұрын жерді тиісті мақсатта пайдалану туралы берілген ескерту орындалмаған кезде ғана сотқа жүгіну мүмкіндігі белгіленген. Осы себепті пайдаланбай жатқан жерді мемлекетке қайтару өте күрделі және де үш жылға дейін созылатынын айта кеткен жөн.
Алайда, ауыл шаруашылығы жерлерінің 99 пайызы уақытша жер пайдалану құқығымен жал тәртібінде берілгенін және де жер заңнамаларына сәйкес, ондай жер пайдаланушыларға жерді мақсатына сай және де тиімді пайдалану міндеттемелері жүктелгенін атап өту қажет.
Сол себепті де, түгендеу жұмыстары нәтижесінде анықталған пайдаланбай жатқан немесе тиімсіз пайдаланудағы ауыл шаруашылық жерлерін мемлекетке қайтару ісі жалгерлер тарапынан Жерді жалдау шартындағы міндеттемелерді орындамауына байланысты туындайды. Сондай-ақ, шарттарды мерзімінен бұрын бұзу арқылы жүзеге асыру мүмкін екенін, және де ондай іс-қимылдың қолданыстағы заңдарға қайшы келмейтінін атап өту қажет. Бұл ретте, мұндай мәселелер түгендеу жұмыстарын жүргізетін жұмыс топтарының нақты қорытындыларымен негізделуі тиіс.
Қазіргі кезде, Жер кодексіне ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін қатаңдату бойынша біршама өзгерістер енгізу қолға алынып отыр.
Жерді тиімді пайдалану тек мемлекет мүддесі ғана емес, халқымыздың ортақ мүддесі екенін естен шығармауымыз қажет. Сондықтан да, қасиетті қара жерден несібесін айырып, еңбек етіп жатқан баршаға жүктеліп отырған үлкен міндет – бүгінгі және келешек ұрпақ игілігі үшін асыл қазынамыз жерімізді тиімді пайдалану және сақтап қалу.
Қамалбек РАЙЫМБЕКОВ, Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары.