Софы Сматаев – таланттың кемелі бола жүріп тарлан тартқан, таланттың тарланы бола жүріп кемел тартқан, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан құрыштай қайратты қаламгер.
Жазушы елінің игілігіне тоғыз роман, он үш повесть, он төрт пьеса, он екі дастан, үш киносценарий, бес либретто, сондай-ақ әңгімелері мен өлеңдерінің, публицистикалық шығармаларының қалың қатарын ұсыныпты. Олардың ішінде он төрт елдің тіліне аударылып, әлем халықтарының рухани байлығына айналған туындылары да аз емес. Соның бірі де бірегейі оның «Елім-ай» трилогиясы.
Өзімізге белгілі, «Елім-ай» әні дүниеге келгелі де бірнеше ғасырдың жүзі болды. Мемлекеттің тәуелсіздігін, елдің егемендігін жоқтаған халықтың осы әнін тыңдап өскен ұрпақтың бірнеше буыны өтті. Қанша көш, қанша керуен көңілін толқытып айтып өткен осы әннің өзегінен өз шығармашылығы үшін аса бағалы мән табу, сөйтіп халықтың еркіндігі, тәуелсіздігі, Отаны үшін қаһармандық күресін суреттейтін тұтас бір тарихи трилогия жазып шығу біздің замандасымыз Софы Сматаевтың талант табиғатын ілгеріде өткендерден де, өзімен замандас қаламгерлерден де ерекше көрсетеді: жазушының көзі көреген, көңілі жүйрік, танымы терең. Турасын айтсақ, жазушы жазар шығармасының тақырыбы мен идеясын халық тарихынан, адам тағдырынан, ұлт рухының қасиетті күш-қуатынан іздейді де, «жүрегіне сүңгіп, түбін көздеп», шын асылды содан табады.
Қазақ сөз өнерінің ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі даму тарихында көптеген өзгерістер болғаны белгілі. Бір құбылыстар өшті. Екінші бір құбылыстар өзгерді. Енді бір құбылыстар өшпеді, өзгермеді. Осылардың басында адам өзгергенде көнермеген, заман құбылғанда бұзылмаған, ұлттың санасында сақталған, рухымен бірге жасаған, сөйтіп бүгінгі күнімізге сары алтындай сарғайып, саф күйінде жеткен мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі сынды асыл қазынамыз тұр.
Мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі туралы ой өткен ғасырлардың қоғамдық санасының басты қозғаушы күші болды. Бұл сөздердің негізінде үлкен ұғымдар жатқаны рас. Бүгінде оларды ұғым деп қана тану жеткіліксіз. Ендігі тұста оларды халқымыздың бағы мен құты, қадірі мен қасиеті деп білгеніміз парыз. Өйткені, көз алдымызда дерексіз ұғымнан затты болмысқа, алыс арманнан асыл ақиқатқа айналған мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі – біздің ғасырымыздың қоғамдық санасы үшін де баға жетпес басты құндылық. Софы Сматаев шығармашылығы осындай құндылықтарға негізделеді. Бір «Елім-ай» емес, жазушының «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастауы», «Біз құлмыз ба, кімбіз?», «Жарылғап батыр» романдары да, «Қобыланды батыр», «Дүние өтерінде шыр айналды» және басқа орта көлемді эпикалық туындылары да, «Хан Абылай», «Бұқар жырау», «Шақшақ Жәнібек», «Бас қайда, бас?», «Алтын құндақ» секілді драмалық туындылары да мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі туралы терең тебіреністен, суреткерлік құштарлықтан туған. Қаламгердің өлеңдері мен дастандарында да заманның сыны, адамның сыры шынайы көрініс табады.
«Елім-ай» трилогиясының көркемдік құрылымында хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың қалың қатары көрініс береді, халық, бұқара тіршілігі де кең орын алады. Тарихи дәуір, тарихи тұлғалар болмысы, халық өміріндегі трагедиялық әрі қаһармандық кезеңнің шындық оқиғалары пайымдалады.
«Елім-ай» трилогиясында ел ұландарының Отан үшін жүргізген ерлік ұрыстарының, халық қаһармандығының үлкен суреті жасалған. Жеке батырлардың тұлғалары да тарихи шындыққа сай дараланады. Cолардың қатарындағы ерен батырлардың бірі Жәңгір сұлтан мен жоңғар нояндары арасында болған бірнеше сұрапыл ұрыстардың суреті ерекше көркімен көз тартады. Құжаттарда 1634 жылы жоңғарлардың қазақтарға ойсырата соққы бергені, сол соғыста Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанның жау қолына тұтқынға түскені туралы айтылады. Трилогияда Жәңгір сұлтанның тұтқынға түсуі нақты көрсетілмейді, автор қазақ ханзадасының тұтқындалуына себепкер болған жағдайды өзі ойдан топшылап толғайды. Өз дәуірінің теңдессіз зор батыры атанған Жәңгірді ашық, бетпе-бет соғыста тұтқынға түскендей күйге ұшыратпай, айналасындағылардың қамсыздығынан қапыда қалғандай етіп суреттеу – қаламгердің шығармашылық қиялынан туған мазмұны бай, мағынасы терең көркемдік шешім. Жәңгірдің тұтқыннан босануына байланысты эпизодқа қатысты да осыны айтуға болады. Жазушы тарихи тұлғаның болмысындағы ізгілік, ерлік қасиеттің халықтық мәнін ашып, айқындап, ажарлай түседі.
«Елім-ай» романында Жәңгірдің соғыс алдындағы көңіл күйін аңғартып, әскери ойлау ерекшелігін танытатын көркемдік топшылаулар мен суреттер де тұтастай шындыққа негізделген. Соғыс жағдайындағы қолбасының әскери әрекетінің нәтижелілігі жаудың күшін, амал-айласын, белгілі сәттерде көрсете алатын қайратын алдын ала барынша терең талдап, талқылап тану және соған орай белгілі жағдайдағы ең тиімді, ұтымды шешімді қабылдай білу қабілетіне тікелей тәуелді. Жазушы Жәңгірдің алты жүз қолмен жаудың елу мың әскеріне тойтарыс беруге бекінген нар тәуекел батылдығын, алты жүз қолмен де қаптаған қалың жауға ұқсата тойтарыс беруге болатын оңтайлы сәт пен қолайлы жағдайды таңдап, таба білген алғырлығын аңдатады. Алты жүз жауынгердің елу мың қолмен бетпе-бет қиян-кескі шайқасы да романда үлкен шеберлікпен бейнеленеді.
Шәкәрім Құдайбердиевтің “Қалқаман-Мамыр” дастанында өз жұртына қапа болып, нағашы жұртына кеткен Қалқаманды іздеуге ел адамдарының “Ақтабан шұбырынды” жағдайында мүмкіндігі болмағандығы айтылады. Одан әрі дастанда мынадай мәлімет бар: «Ол түгіл Әнет бабаң көшке ере алмай, Тірідей дөң басында қалған өлмей». Әнет бабаның жаудан ығысып бара жатқан елдің көшіне ілеспей, жұрттағы дөң басында қала бергені жайындағы мәлімет Шәкәрімнің шежіресінде де сақталған. Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясында Әнет бабаның елдің көшіне ере алмай, жұртта қалып қойғаны осы қалыпта көрініс табады. «Елім-ай» трилогиясының үшінші кітабында осы оқиға Қаз дауысты Қазыбек бидің әңгімесінің желісінде баяндалады.
Жаудың жауыздығына шыдай алмай жан сауғалап босқан елдің көшіне Әнет бабаның өздігінше ілесіп жүре алмағаны шындыққа қайшы келмейді. Олай дейтін себебіміз, Қалқаман-Мамыр дауы тұсында Әнет баба, Шәкәрім Құдайбердиевтің дастанында берілген мәлімет бойынша 95 жаста болса керек. Жүз жасқа қарай аяқ басқан қарт бидің жаугершілік жағдайында да, бейбіт тұрмыс жағдайында да өздігінше көшке ілесіп жүруі неғайбыл. Әнет бабаның көшкен елдің жұртында төбе басында тірідей қала беруін оның қартайған, аяқ басып жүруге жарамайтын дәрменсіз күйімен байланысты суреттеудің жазушы үшін де, жазушының шығармасы үшін де жаттығы жоқ. Мұның өзі бір жағынан “Ақтабан шұбырынды” болған ел тағдырындағы трагедиялық ахуалды анық, нақты көрсетуде айрықша қызмет атқарады.
Софы Сматаевтың трилогиясында селдей қаптап келе жатқан жаудан ығысқан Ошаған бидің ауылының жалпы көрінісі суреттелетін эпизод бар. Ауылын, туған-туыстарын түгел көшірген Ошаған би жалғыз өзі жұртта қалуға бекінеді. Әкесін тірідей жау қолына қалай қалдырып кетерін білмей жаны қиналған ұлына Ошаған би мынаны айтады:
“… – Мені жазғырмас. Қашып кетсем, жазғырар көп. Тауым да, өзенім де, жерошағым да, тіпті отымның орнындағы күлім де жоқтайды. Мен кетсем, кәрі сүйегімді қайта әкеле алмаймын. Онан да Алланың ақ бұйрығын осы арадан күтейін. Еңкейші, Дәуленім, – деп сөзінің аяғын сыбырлап бітірді. Әлсіз ерін ұлының маңдайына болар-болмас тиді де, енді қайтып ашылмай бүрілді де қалды”.
Ошаған бидің сөзі кесімді, шешімі берік. Осы сөзіне байыппен қарағанда, бидің көшкен ауылына ермей, жұртындағы төбе басында жападан-жалғыз қалып қоя беруінің бірімен-бірі тығыз байланысты екі себебі бары байқалады: оның бірі, туған жерін, өскен ортасын тастап кетуге бидің дәті жетпейді. Екіншіден, қарт би кәрі сүйегі жат жерде емес, кіндік қаны тамған туған топырақта қалуын қалайды. Туған жер туралы берік қалыптасып қалған қасиетті ұғым, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік Ошаған биді осындай шешімге алып келеді.
Енді ілгеріде сөз болған мәліметтермен мазмұн-мәні жағынан үндес келетін мына бір оқиғаға көңіл бөліп көрелік. Ш.Уәлиханов жазып қалдырған аңыз бойынша, қалмақтарға қарсы бір соғыста қазақтар жағынан Үйсінбай, Жаңатай, Арқандар деген ағайынды үш жігіт айрықша қайрат көрсетеді. Арқандар жау қолынан мерт болады, Үйсінбай мен Жаңатай бойларын ыза кернеп, жауға қарсы жан аямай қырғын майдан ашады. Үйсінбай жау жарағынан жарылып, аяғының басына түскен ішек-қарнын жинап, түйе жүн шекпенінің етегіне салып алған соң да жауларын жапыра соғады. Соғыс соңында сегіз жауынгерімен ғана қалған Жаңатай батыр баласы Қоқышты шақырып алып, астындағы тұлпарынан түсіп, оны баласының алдына көлденең тартады. Тұлпарға мініп тұрған баласына Жаңатай мынадай өсиет айтады: “Елге жет, жау шебін жарып өт, әйтпесе біз үшін жаудан кек қайтаратын адам жоқ”.
Жаңатай батыр баласын құтқарып, өзі жауларымен соғыс үстінде ерлікпен қаза табады. Жаңатай батырдың астындағы жан серігі тұлпарын баласына түсіп беріп, оны елге қайтаруының түпкі негізінде жатқан ой анық көрінген: Жаңатай батыр баласының тірі қалуын бірінші тілек етіп тілеуінің себебі – өзінің кегін, елдің кеткен есесін жаудан сол қайтарады деп сенгендігінде. Оның үстіне осы көріністе халықтың Отан туралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі дүниетанымының тереңдегі асыл мәні бар.
Тарихтағы Әнет баба, “Елім-ай” трилогиясындағы Ошаған би және Ш.Уәлиханов жазып қалдырған аңыздағы Жаңатай батыр басындағы осы үш оқиғаны өзара сабақтас, байланысты пайымдағанда, халықтың дәстүрлі ұғым-түсініктерінің, дүниетанымының, ойлау, әрекет ету мәдениетінің кейбір маңызды, мәнді қырлары көзге түседі. Әнет бабаның босқан елдің жұртында жалғыз өзі қала бергендігі туралы көріністің халықтың дәстүрлі рухани дүниесі мен танымына, мәдениетіне сай пайымдалуы аса маңызды десем, оның себебін екі түрлі жағдаймен түсіндіруге болады. Оның бірі – қартайған бидің көшке еріп жүруге әл-қуатының жоқтығы. Екіншісі – бидің өз сүйегінің туған жер топырағында қалуын мақұл көрген ішкі және соңғы тілегі. С.Сматаевтың трилогиясында Ошаған бидің көшкен ауылдың жұртындағы төбе басында қалуының сыртқы емес, ішкі себеп-негізі, кейіпкердің қартайған шағында кәрі сүйегін саудыратып бейтаныс жерге тасымай, өз жерінде, кіндік қаны тамған туған топырағында қалдыруға бекіген берік тілегі көрсетіледі. Мұның өзі шығарманың болмыс-бітіміне, кейіпкердің мінезіне айрықша мәнді, маңызды ұлттық рең дарытатын үлкен суреткерлік шешім еді. Қаламгер, осылайша құбылыстың, оқиғаның көзге көрінбейтін, жасырын, бүркеулі мағынасын іздеп табады, сөйтіп тарихи дәуірдің, ұлттық тарихи сананың қайталанбас даралығын саралап ашып көрсетеді. Мұндай айрықша көркемдік шешім танымы бай, талғамы биік тамаша таланттан ғана тумақ.
Жазушының бірнеше романдарына кеңестік дәуірдің шындығы арқау болған. «Ақжелең» колхоздастыру кезеңіндегі әлеуметтік қайшылықтар сырын ашады. «Бұлақ», «Мәңгілік бастауы», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдары кеңестің дәуірлеп тұрған шағының бейнесін жасайды.
“Бұлақ” романында қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың келесі бір жұбы – Сүйелбай мен Маратбек. Сүйелбай ұзақ аурудан төсек тартып, әл үстінде жатқан Маратбекке келеді. Колхоздастыру кезінде екеуі майданның екі жағында болған. Бір-біріне жау болып, бетпе-бет кездескен жайлары да бар. Бұл айқаста Сүйелбай ескінің жоқшысы еді. Кейін ол белсенді болып, Маратбектің кейбір адал құрдастарына зиянын тигізді. Бәрі де өтіп еді. Енді Маратбек өлер халде. Ал Сүйелбай күшейе түскен. Маратбектің көңілін сұрай отырып, баласы соғымға байлатып қойған ту биесін алып келуге шыққанын масаттанып айтады да, сөзінің әсерін байқағысы келгендей, алдындағы ауру шалға бір, ауру баққан кемпірге бір қадалып, сыр бағады. Осы бір сәттік болымсыз қылықтың өзі Сүйелбайдың әлдебір оңбаған құлығын әшкерелеп тұрғандай болады. Одан әрі ол жуырдағы бір жаназа туралы, өлікке құран аударып алған қызыл тайыншасын молданың бұның өзіне тартқаны туралы күпінеді. Молданың мұнысы Сүйелбайдың бөлімше меңгерушісі болып жүрген баласына жағынғаны екен. Осыны тарата айтып отырып, өлім алдында жатқан Маратбекке былай дейді: “Құдай ақы, шыным, Маратбек. Сенің анау Сайлауың атыңды тасқа басқызып, газитке шығарғанда, сұмдық қызғанып едім. Оным бекершілік екен. Сенде атақ бар, менде бедел бар. Сені жұрт сыйлауы мүмкін, ал менен қорқады. Соған қарап ақын балаң болғанша, әкім балаң болғаны артық па деймін”. Бұл – Сүйелбайдың шыны. Сүйелбайдың ғана емес, өмірдің шындығы. Осы шындықты жете танып білгендіктен, Сүйелбай омыраулап сөйлеп, өлмелі халдегі аурудың басында шырт түкіріп отырады.
Сүйелбайдың сөзі де, ісі де жаман ниеттен шығып жатпаған сияқты. Ал сөз бен ойдың, ниеттің түбіндегі мәнге тіктеп қарағанда, оның кісілігінің қатарында қосақталып иттігі де жүретіні анықталады. Сүйелбай Маратбектің көңілін сұрай отырып, өлімге бет алған жанның енді қанша жарығы қалғанын анық көріп, анықтап білгісі келгендей көзінің сұғын қадап, ішіп-жеп қарайды. Өліп бара жатқан Маратбектің жақтырмайтыны – осы көз. Аурудың беті бері қарамасына көзі жеткен соң, ол төрде ілулі тұрған қамшыға телміреді. Қандай жолмен болса да қалған кештік ғұмырында түстік дүние жиғысы келіп мазасызданады. Ақыры қамшыны алып аттанады. Сонысымен ол Маратбекке енді бұл дүниеде оған ештеңенің де керегі жоғын ашық ұқтырып кетеді.
Жазушы Маратбек пен Сүйелбайды қарама-қарсы құлықтың адамдары ретінде суреттеген. Маратбек образы қазақ әдебиеті үшін жаңалық емес. Жазушының жаңалығы Сүйелбай образын жасаудағы ізденістерінде. Автор дүниеден өтіп бара жатқан Маратбектің өлімімен салыстырғанда, дүниеде қалып бара жатқан Сүйелбайдың өмірінің баянсыздығын, мәнсіздігін көрсетеді.
“Мәңгілік бастауы” романы шаруашылық басшылары, олардың кісілігі мен іскерлігі туралы ой қозғайды. Екі совхоздың екі директоры Сембай мен Сәрсен бір жерде оқып, бірдей жоғары білім алып шыққанына қарамастан, екеуінің шаруашылықты басқару стилі екі басқа, ойлау, әрекет ету бағыттары да әр түрлі.
Автордың суреттеуінде Сембай шаруашылықты алға бастыру мақсатында жасайтын істерінің мотиві де, мақсаты да бір ғана нысанаға байланысты анықталады – даңқ пен дәрежесін арттыру тілегімен дараланады. Сондықтан ол ісін де, ісінің нәтижесін де, қарамағындағы қызметкерлерін де өзінің даңққұмар көкірегінің тізгінсіз тілегіне тоят табарлық әліне қарай бағалайды. Солай болғанда да өзіне керегі бар қарапайым адамдардың жеке басын, кісілігі мен азаматтығын емес, күші мен қабілетін ғана бағалап, пайдаланады. Сембай үшін кісінің күші ғана қажет те, оның өзінің бағасы көк тиын.
Сәрсеннің де мақсаты – тұралап қалған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, жаңа сапалық биікке көтеру. Алайда ол бұл мақсатқа жетуге әрекет жасағанда өз абыройын асыруды, елдің көзіне түсуді ойламайды емес. Ол жеке басының басшы ретіндегі қуанышын, қалау-тілегін совхоздың экономикалық, әлеуметтік ілгерілеуінің өзінен көреді. Шаруашылықтағы өзгерістерді, олардың алға басқан қарқынын байқағанда, Сәрсеннің көңілі еш қалтқысыз, жымысқы күйден аулақ, шын қуаныш сезеді. Істеген, жан салып жасаған ісінің жақсы нәтижесін көру оны қанағаттанған әрі қанаттанған сезімге бөлейді. Шаруашылықтың бар саласына еңбекқор қолымен тікелей араласып, бар қиындықты иығымен көтеріп, биікке бет алған адамдар да оны тәнті етеді. Соған орай, ол адамды түсінуден, ұға білуден өтер бақыттың жоқтығы туралы, ал адамдарға өзін түсіндіре, ұғындыра білудің одан да артық екендігі туралы толғанады.
Шаруашылықты басқарудың шығармада суреттелініп отырған кезеңдегі әдістері, заңдастырылған жолдары Сәрсенді бұдан гөрі белсенді әрекет жасаудан тежеп, оған кедергі болатыны рас. Мұндай кедергіден жол тауып, айналып өтуге немесе оны бұзып-жарып кетуге Сембай тұрпатты басшы болмаса, Сәрсен тәуекел ете алмайды. Бұл да бір Сәрсенге ғана тән көнбістік емес, Сәрсен типіндегі бар басшыға ортақ ерекшелік болып табылады. Сембай өзінің бұзып-жарғыш, ереуіл екпінімен өз мақсатының майдасына да, ірісіне де жақсы-жаман, заңды-заңсыз амал-тәсілдер мен құралдардың қандайын да шебер пайдалану арқылы жетіп отырады. Сәрсен болса, тәртіпке, сірескен әдеп пен әдетке адал болғандықтан, алдына қойған мақсатына көбінесе жетпей, орта жолда қалып қояды.
«Мәңгілік бастаудың» көтеріп отырған тақырыбы, ұсынып отырған идеясы өмір барда өзектілігін жоймайды.
«Біз құлмыз ба, кімбіз?» романы кеңес заманы адамының дүние алдындағы құлдық құлқынының араны ашылған күйін суреттейді. Дүниенің билігінде шек жоқ. Сондықтан да жақсылық пен жамандықтың күресінде жақсылық жеңіледі. Махаббат пен зұлымдық бетпе-бет келгенде, зұлымдық үстем болып шығады. Шындық пен өтіріктің күресінде өтірік жеңіске жетеді. Адалдық пен арамдықтың арпалысында арамдық зор болады, адалдық қор болады. Адамның ойында, заманның бойында адамгершілікке, шындыққа, әділетке, мейірімге, шапағатқа орын қалмаған. Романның осындай эмоциялық мазмұнынан туатын әсер еңсені басады. Автордың көздеген эстетикалық нысанасы да осы болу керек. Біздіңше, осы әсердің, осы нысананың негізінде жазушы реализмінің, жазушының көркемдік ойлауының шыншыл да сыншыл қуаты жатыр. Одан шығармашылық ойлаудағы көркемдіктің, шыншылдық пен сыншылдықтың, суреткерлік кемелдіктің келбеті көрінеді.
Жазушы шығармашылығының жанрлық құрамы бай. Онда проза, поэзия, драматургия жұп жазбай, қатар жайқалады. Әдебиеттің тегі мен түрінің үлгілері де тұп-тұтас осында: алыстан сермеген эпос, жүректен тербеген лирика, сонымен қатар осы екеуінің сарынын сақтай отырып, қым-қиғаш, қилы тартыс әлеміне айналған драма. Мерейтой иесінің көптомдық шығармаларының әзіргі он жеті томында поэзияның өзі барлық жанрлық түрде көрініс тапқан: өлең, баллада, поэма, роман. Драманың жанрлық түрлері де көп қырлы. Проза да алуан түрлі: әңгіме, эссе, повесть, роман, роман-трилогия. Осы жанрлық түрлер тобында романның алатын үлес салмағы айрықша.
Талдаулар нәтижесі жазушының өз шығармаларында суреттеп отырған өмір құбылыстарын типтендіруде, адам образын жасауда аса зор көркемдік-идеялық табыстарға жеткендігін аңғартады.
Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, азаматтық таразы басына түскен қилы жағдайлардан сүрінбей, адаспай, ары мен ожданына, абыройына дақ түсірмей өту – адам баласы үшін өте үлкен сын. Софы Сматаев өз шығармашылығының мазмұнын, кейіпкерлерінің болмысын осындай сындарлы сынға сай саралайды. Автордың әр шығармасы осындай айрықша сын алаңы іспетті. Жазушы кейпкерлерінің осы алаңдағы тағдыр-талайы, адамгершілік асыл қасиеттері, қайғысы мен қуанышы, махаббаты мен машақаты оқушыларының ең бір аяулы сезімін толқытады, өмірдің мәні мен мағынасының, қадірі мен қасиетінің ақтық ақиқаты туралы ойын оятады.
Софы Сматаев шығармашылығында көрініс тапқан шындық құбылыстардың, олардың негізінде ұсынылып отырған ойдың, түйінделген идеяның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылығы – жазушы шеберлігінің де, жазушы шығармашылығының көркемдік-эстетикалық байлығының да бастапқы және басты өлшемі. Қаламгер шығармашылығының осындай ішкі құндылығы мен сыртқы сұлулығының тұтастығы Һәм жарастығы, іші алтындай ардақты, сырты күмістей салмақты болып келуі – жазушының шеберлігінің ғана емес, кемелдігінің де көрінісі. Жазушының шеберлігі мен кемелдігі – оның көркемдік әлемінің айнымас негізі. Ал көркемдіктің көзін жазушының ел өмірінен, Отан тарихынан таңдап, талғап алып, өз шығармасына арқау еткен шындық құбылыстарға деген айрықша көзқарасы, құштар күйі, сүйіспеншілігі ашады. Қаламгердің пайымдауынша, осы күйден, «Отанға деген шексіз махаббаттан... тарихқа деген шынайы көзқарас қалыптасады». Автордың шығармашылық ізденістерінің өрісін ашатын, көрікті ойы мен көркемдік ойлауын тереңнен толқытып, биікке көтеретін – осындай ерен көзқарас, терең таным, берен ұстаным.
Софы Сматаев – елдің егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін, адамның кемелдігін өзінің азаматтық болмысымен де, шығармашылық еңбегімен де аса ардақтап Һәм аялап келе жатқан ерен көзқарастың, терең танымның, берен ұстанымның жазушысы.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры.