22 Маусым, 2011

Биағаның жерлестері өнер оздырды

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс көркемөнерпаз­дары­ның қорытынды концерті өтті. Жыл басынан бері өңірдегі 20 аудан мен қалада жергілікті бай­қаулар өткен болатын. Оған ау­ыл­дардан 12 мыңның сыртында өнер­паздар қатысты. «Ел іші – өнер кеніші» деген, ауыл ара­сынан аты озған әншілер мен бишілер, күй­шілер Қостанайда өнер жарыс­тырды. Қорытынды кон­церт­тің өзіне облыстың әр шал­ғайынан 836 өнерпаз келді. Маң­дайын күн қаққан диқан мен малшының, кен қазған кеншінің байлық тек қо­лында ғана емес, көкірегінде екен. Облыс орта­лы­ғының тал­ғам­паз жұртшылығы тұма бұ­лақ­тай таза өнерді тама­шалады. – Биылғы концерт жылдағы­дан өнерпаздардың кәсіптік дең­ге­йінің жоғарылауымен ерекшеленді. Облыс орталығынан он са­ғат жүріп жететін Жангелдин ауданынан келген Рая Әлімбаева «Аққу» күйін шерткенде зал дуылдап тұрып кетті. Көрмейсіз бе, өнердің құдіретін! Кәсіптік деңгей деп осыны айт. Қостанай ауданынан келген «Ғажайып аре­насы» атты цирктік қойылым да көрермендерді таңдандырды. Жі­тіқаралық, арқалықтық бишілер де тамсандыра білді. Барлық аудандар мен қалалардан келген өнер ұжымдарының сахналық костюмдері жаңартылған. Сахна сұлулықтан жанып тұрды, – дейді облыстық мәдениет басқарма­сы­ның бастығы Марионела Слесарь. Жергілікті жерлердегі өнер­паз­дар байқауы кезінде сахнаны безендіруге де қазылар алқасы үлкен мән берген болатын. Гала концертте жаңадан ешнәрсе ой­лап таппай-ақ, Сарыкөл, Қос­танай аудандарының үздік сах­налық безендірулері пайдала­ныл­ды. Сахнада барлығы оннан аса өнер жанры ұсынылды. Дегенмен, байқаудың аты – байқау. Онда жүйріктен жүйрік озатыны ақиқат. Бұл жолы Гран при жүл­десін Таран ауданының өнерп­аз­дары – Биағаның жерлестері қанжығалады. Тарандықтар ор­ын­даған әндер мен билер кәсіби деңгейінің жоғарылығымен, тал­ғамға сай сахналық костюмдерімен, жанрларының әр алуан­дығымен көрерменнің де, қазы­лардың да көкейінен шыға білді. Олар облыс әкімінің жүлдесі «Га­зель» көлігін мініп қайтты. Ал бірінші орынды Қостанай, Ұзынкөл аудандары мен Ар­қа­лық қаласы бөлісті. Екінші орын Жангелдин, Жітіқара, Әулиекөл ау­дандары мен Рудный, Қостанай қалаларының еншісіне тиді. Үш­інші орынға Меңдіғара, Қарасу, Амангелді аудандары мен Лисаков қаласы өнерпаздарының ең­бегі лайық деп табылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.