БҮГІН АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ӨНЕРІНІҢ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛАДЫ
Бұл күндері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры қарбалас үстінде. Екі музаның да айтулы жұлдыздары кезегімен елімізге қонаққа келіп жатыр. Демек, бұл соңғы жылдары дәстүрге айналған халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі басталды деген сөз. Қазақстан Музыка қайраткерлері одағы Қазкоммерцбанкпен бірлесе отырып, 22-26 маусым аралығында өткізетін айтулы мәдени шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналмақ.
Бекзат өнердің майталмандарын бір жерде тоғыстыратын кезекті фестивальде Абай атындағы театрмен қатар Италия және Ресейдiң белгілі опера және балет шеберлері Алматы көрермендері мен қонақтары алдында өнер көрсетеді. Фестивальге асығып жеткен осы қонақтардың бірі Италияның танымал теноры, әйгілі «Феруччо Тальявини», «Тито Скипа» сынды байқаулардың басты жүлдегері Альдо Капута да қазақ жеріне алғаш рет аяқ басып отыр екен.
– Қазақстандағы дәл осы театрға жолым түскеніне қуаныштымын! Алматы шынында да жап-жасыл қала екен. Театрдың ғимараты да ұнады. Оркестрдің қалай ойнайтынын да көрдім. Тамаша! Мен сіздердің барлықтарыңызды біздің қойылымдарды тамашалауға шақырамын, деді ол баспасөз мәслихатына қатысып, журналистерге берген сұхбатында.
Ал Санкт-Петербургтегі Мария театрының меццо-сопраносы Злата Булычева осыдан 5 жыл бұрын Алматыға жолы түсіп, «Кармен» операсының партияларын орындаған болатын. Петербордағы осы театрдың белді режиссері Иркин Габитов байырғыдан-ақ қазақ операсының дамуына үлесін қосып жүрген өнер тарланбозы. Әне бір жылдары Қазақстандағы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен марапатталған, осыдан кейін де Абай театрында «Трубадурды» қойған режиссер М.Габитов бұл жолы да фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалыспақ.
Оның айтуынша, біздегі халықаралық фестиваль төрт күнге созылса, Санкт-Петербургте өткізілетін опера және балет өнерінің «Ақ түндер» фестивалі 1,5 айға дейін созылып, күн сайын бірнеше мәдени шаралар өткізіледі екен.
– Қазіргі таңда классикалық өнердің өзіндік менеджменті қалыптасты. Әйгілі опера және балет жұлдыздарының жұмыс кестесі алдын ала 2-3 жылға құрылып қояды. Яғни, олар келер жылдың қай күні қай жерде өнер көрсететінін біліп отырады. Бүгінгі бекзат өнердің жүйесі осындай, – дейді Иркин Габитов.
Егер осы тұстан ой тарқататын болсақ, Италия мен Ресейдің әйгілі дирижерлерінің, әнші, бишілерінің Қазақстанға арнайы ат басын тіреп отырғаны айтулы оқиға. Классикалық өнерді бағалайтын қауым мұндай мүмкіндікті жібермеуі тиіс.
Сонымен, фестиваль бағдарламасындағы Дж.Вердидің «Аида» және Г.Доницеттидің «Махаббат шырыны» операларында Абай театрының Бейімбет Қожабаев, Жәмилә Баспақова, Болат Есімханов, Олег Татамиров, Александр Сметанин, Ольга Лукашова сияқты әншілерімен бірге, Италия операсының жұлдыздары Даниэлла Скилачи, Леонардо Граменья, Альдо Капуто мен Ресейдің атақты опера жұлдыздары Злата Булычева, Павел Черных өнер көрсетпек. Ал П.Чайковскийдің «Лебединое озеро» және С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің басты партияларын ресейлiк балет солистері Руслан Скворцов, Нина Капцова, Данила Корсунцев, Анастасия Колегова және Абай атындағы опера және балет театрының солистері Дмитрий Сушков, Ұлан Баденов, Гүлнұр Буриева, Досжан Табылды, Әсет Мұрзақұлов, Фархад Буриев, Әсел Мусинова, Гүлвира Құрбанова, Әлия Сапугова, Азамат Асқаров орындамақ. Осы арада оркестрге Ерболат Ахмедияров, Арман Оразғалиев дирижерлік жасайтынын да айта кетсек дейміз.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.