Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің VIII кеңейтілген отырысына қатысушылардың ел жастарына үндеуі
Құрметті достар, жас қазақстандықтар!
Биылғы жылы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Бұл дата еліміздің жаңа тарихындағы мәні ерекше, маңызы зор оқиға болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарихи еңбегі мен айқын көшбасшылығының арқасында еліміз экономикалық жағынан қуатты, демократиялық жолмен қарқындап дамыған мемлекетке, әлемдік қоғамдастықтың беделді де құрметті әріптесіне айналды. Еуразия жүрегінде бой көтерген жаңа елордамыз – Астана қаласы еліміздің жасампаздық келбетін айшықтап, бүгінде Тәуелсіздігіміздің жарқын символы болып отыр. Қазіргі Қазақстан – халқының өмір сүру деңгейі жоғары стандарттарға сай, кемел келешекке ұмтылған жас мемлекет. Біздер, Кеңес отырысына қатысушылар, Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан жастар әлеуетін дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын атап өтеміз. Солардың ішінде мыналарды мақтанышпен айтуға болады: Президенттің бастамасымен «Назарбаев Университеті» құрылды. Бүкіл ел бойынша Зияткерлік мектеп жүйесінің құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының арқасында Қазақстан жастары әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алуда. Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық реформаларына жастардың белсенді қатысуына бағытталған бірнеше жалпыұлттық жобалар жүзеге асырылу үстінде. Олар – «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы», «Ауыл жастары», «Ауылдың өркендеуi – Қазақстанның өркендеуi» акциясы және өзге де бағдарламалар. Мемлекет бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен көңіл бөлуде. Өңірлердің бәрінде бүгінгі талапқа сәйкес спорттық кешендер салынуда, олар еліміздің атын шығарып, мәртебесін асыратын болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін негіз болатыны сөзсіз. Ең бастысы – біз егемен елдің еркін азаматтарымыз. Біз тәуелсіз Қазақстанда өстік, ержеттік. Сондықтан, біз өз Отанымызды сүйеміз, оның бұдан әрі де көркейе түсуі жолында күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» дейді халық даналығы. Өзін патриот санайтын әрбір жас азамат Қазақстанды жан-жүрегімен сүйетініне сенеміз. Біз туысқандық, достық рухында тәрбие алдық, ертеңімізге деген сеніммен өстік. Біздің бірлігіміз, әсіресе, биылғы жылғы кезектен тыс президенттік сайлауда ерекше көзге түсті. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасына ел жастарының бірауыздан дауыс беруі бірлігіміздің беріктігін жалпақ әлемге жария етті. Біздер, Кеңес отырысына қатысушылар, сіздерді, барша замандастарымызды Қазақстанды қарқынды дамыған іргелі мемлекетке айналдыру ісіне үлес қосуға үндейміз. Біздің әрқайсымыз туған еліміздің болашағы үшін жауапты екенімізді сезінеміз. Осы мақсатта біз ең алдымен сапалы білім алып, өз ісінің кәсіпқой маманы болу, Отанымыздың өркендеуі жолында еңбек ету парызымыз екенін жақсы түсінеміз. Біз еліміздің жастарын Қазақстан Республикасының көркеюі мен қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясаты төңірегінде одан әрі топтасуға шақырамыз. Қазақстан жастары алдағы уақытта да өздерінің білімдері мен жасампаз еңбектерін, күш-жігерін ХХІ ғасырда жаңа Қазақстанды қарыштап дамытуға, оны бәсекеге қабілетті әрі беделді мемлекет ретінде қалыптастыруға белсенді түрде жұмсай беретіндігіне кәміл сенеміз. Астана қаласы, 2011 жылғы 21 маусым.