24 Маусым, 2011

Ер есімі – ел есінде!

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қаласындағы 28 Гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ре­сей­дің Ржев қаласындағы «Бауырластар зиратынан» әкелінген топы­рақ­ты жер қойнына орналастыру шарасы өтті. Шараға қала әкімі А.Есімов, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы М.Бейдалы, сондай-ақ Ұлы Отан және Ауғанстан соғыстарының ардагерлері мен Ресей, Украина және Беларусь елшіліктерінің өкілдері қатысты. 1945 жылы аяқталған Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толуына орай ұйымдасты­рыл­ған бұл шарада Алматы қала­сының әкімі А.Есімов сөз сөйлеп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына құрмет ретінде ашылған мемориалды тақ­таның ашылу рә­сі­мін атқарды. Ме­мориалды тақта астына Ресей жерінен, «Бауыр­лас­тар зиратынан» әке­лінген топырақ арнайы құтыға салы­нып қойылды. Осындай тағы бір құтыдағы топырақ бір топ альпинистерге беріліп, олар оны Ұлы Отан соғысы атындағы шыңға апарып қоятынын мәлімдеді. 1941 жылы Алматы мен Ақтөбе қалаларында ұлттық атқыштар бри­га­д­асы жасақталған болатын. 1942 жылы сол қазақстандық бригада Калинин майданында жүріп жатқан ала­пат соғысқа кірді. Осыдан екі жыл бұрын сол 1942 жылдың қара­ша-желтоқсанында Ржев қаласының түбінде аса құпия түрде жүргізілген «Марс» операциясының құжаттарын іздеуге арнаулы топ құрылып, ерлікпен қаза тапқан және із-түзсіз жоға­лып кеткен жауынгерлеріміз туралы көптеген мәліметтер тапқан. Сөйтіп, Қазақ елі көптеген батыр ұлдарымен табысқан-ды. 2010 жылы Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңістің 65 жылдығын атап өту аясында Елбасы Н.Назар­баевтың тап­сы­руымен Ржев қаласын­да қазақстан­дық 100-101 арнайы ат­қыштар брига­да­сы жауынгерлері құр­метіне мемо­риалды кешен орнатыл­ды. Алматы­дағы 28 Гвардияшы-пан­филовшылар саябағында өткізілген бұл шара бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, жас­тығын берген ерлерге деген құрметтің қашанда жалғасын табатындығының айғағы. Сондай-ақ, бұл күні саябақтағы «Мәңгілік алауға» Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауғанстан соғысы ардагерлерінен өзге, елшіліктердің өкіл­дері, түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері гүл шоқтарын қойды. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.