Алматы қаласындағы 28 Гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ресейдің Ржев қаласындағы «Бауырластар зиратынан» әкелінген топырақты жер қойнына орналастыру шарасы өтті. Шараға қала әкімі А.Есімов, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы М.Бейдалы, сондай-ақ Ұлы Отан және Ауғанстан соғыстарының ардагерлері мен Ресей, Украина және Беларусь елшіліктерінің өкілдері қатысты.
1945 жылы аяқталған Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шарада Алматы қаласының әкімі А.Есімов сөз сөйлеп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына құрмет ретінде ашылған мемориалды тақтаның ашылу рәсімін атқарды. Мемориалды тақта астына Ресей жерінен, «Бауырластар зиратынан» әкелінген топырақ арнайы құтыға салынып қойылды. Осындай тағы бір құтыдағы топырақ бір топ альпинистерге беріліп, олар оны Ұлы Отан соғысы атындағы шыңға апарып қоятынын мәлімдеді.
1941 жылы Алматы мен Ақтөбе қалаларында ұлттық атқыштар бригадасы жасақталған болатын. 1942 жылы сол қазақстандық бригада Калинин майданында жүріп жатқан алапат соғысқа кірді. Осыдан екі жыл бұрын сол 1942 жылдың қараша-желтоқсанында Ржев қаласының түбінде аса құпия түрде жүргізілген «Марс» операциясының құжаттарын іздеуге арнаулы топ құрылып, ерлікпен қаза тапқан және із-түзсіз жоғалып кеткен жауынгерлеріміз туралы көптеген мәліметтер тапқан. Сөйтіп, Қазақ елі көптеген батыр ұлдарымен табысқан-ды. 2010 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өту аясында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсыруымен Ржев қаласында қазақстандық 100-101 арнайы атқыштар бригадасы жауынгерлері құрметіне мемориалды кешен орнатылды. Алматыдағы 28 Гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткізілген бұл шара бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, жастығын берген ерлерге деген құрметтің қашанда жалғасын табатындығының айғағы.
Сондай-ақ, бұл күні саябақтағы «Мәңгілік алауға» Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауғанстан соғысы ардагерлерінен өзге, елшіліктердің өкілдері, түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері гүл шоқтарын қойды.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.