24 Маусым, 2011

«Ақтау-Сити»: құрылыс қарқын ала бастады

599 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қолдауымен өмірге келіп, өңірдің қарқынды дами тү­суіне игі ықпал ете бастаған «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдас­ты­рылған инвестициялық мега-жобаның құрамдас бір бөлігі «Ақтау-сити» қала құрылысы. Ертегідей әсем де, ақ шаңқан арман қаланың жобасын нақты іске асыру өткен жылы бастау алды. Бұл күндері «Аққу» деп аталатын бірінші шағын аудан­ның алғашқы 6 тұрғын үйінің құрылысы қарқынды жүріп жа­тыр. Кеше облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев, Ақтау қаласы­ның әкімі Оспан Қазақбаев, мердігер компания басшысы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының басшысы А.Нұр­ғалиев басқа да басшы- қосшы­лар құрылыс басында болып көшпелі мәжіліс өткізді. Облыс басшысының айтуынша осынау арман қа­ланың құ­рылы­сын бастау ал­ғашқыда Біріккен Араб Әмір­лігінің қа­ты­суымен болыпты. Әлемдік қаржы дағ­дарысына орай ол жоспарға өзгеріс енген. Яғни, Араб Әмір­лігі бұл жобаға қаланың екінші, үшінші шағын аудандарын салу­ға атсалыспақшы. Ал қазіргі құрылыстың мердігері «Каспий»  әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­ция­сы. Бір айта кетерлігі са­лы­натын үйлердің негізі – эконом класс. Пәтердің бір шаршы метрі 1000 АҚШ доллары көле­мінде. Бұл пәтер алушыларға тиімді болмақшы. Қала құрылы­сын қаржыландыруға Ислам даму банкі, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы үлес қоспақшы. Тұрғын­дар­дың өскелең талабына сай салынатын пәтерлер жайлы да, сәнді болатындығы қызығушы­лық туғызып та отыр. Бұл ретте құрылысшылар алғашқы 46 мың шаршы метрлік тұрғын үйді келесі жылы осы мезгілде пайда­лануға бермекші. Сонымен қа­тар жақын күндері осы жерде Қазақстанның тұңғыш Прези­ден­ті­нің зияткерлік мектебі жә­не орта білім беретін екі мектеп, спорт кешені, әрқайсысы 280 орындық үш балалар бақшасы және басқа да әлеуметтік ны­сандар құрылысы басталмақшы. Сөйтіп келесі айда «Ақтау Сити» қаласының құрамына кіретін нысандарды салу жүйелі түрде қолға алынып, қаланың бірінші шағын ауданы нағыз алып құрылыстар алаңына ай­нал­ғалы отыр. Арман қаладағы пәтерлердің тағы бір тиімді жағы туралы «Каспий» ӘКК басшысы Асқар Нұрғалиевтің мәлімдеуінше өзі арзан, өзі әсем үйлерге қоныста­ну­шылар үшін әрбір пәтерде қажеттің бәрі жасалып дайын күйінде беріледі. Ал пәтерлерді сатып алу «Тұрғын үй құрылыс банкі» арқылы жүргізіледі. Сөй­тіп, әркім әртүрлі саққа жүгіртіп жүрген арман қала «Ақтау-Сити» құрылысының алғашқы шағын ауданы «Аққу» қанатын кеңге сермеді. Қала құрылысы қарқын ала бастады. Біз осынау жауапты да, серпінді жобаны қолға алған «MAG Каспий» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің құрылысшыларына сәт сапар, жемісті жұмыс тілейміз! Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау .