Облыс орталығында болып өткен бұл көрме «МinTech», «KazInterPower» деп аталатын тау-кен, металлургиялық және көмір өндірісі технологиясының құрал-жабдықтарының, сонымен қатар энергетика мен электр жүйелері техникаларының көрсетілімдеріне арналды.
Индустриялық-инновациялық бағдарлама арқылы өңірде бұл күндері жалпы құны 3 триллион 155 млрд.теңге тұратын 142 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның мақсаты – өндірісті өңірде тағы да жаңа өндіріс орындарын салумен ғана шектелмей, құрал-жабдықтары тозып, ескіре бастаған бұрыннан келе жатқан ірі кәсіпорындарды, электр стансаларын заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, модернизациялау, яғни, жаңарту, жаңғырту жұмыстарын жүргізу болып отыр. Сондықтан өндірісті өңір үшін бұл көрменің маңызы зор. Көрмеде Австрия, Австралия, Беларусь, Германия, Словакия, АҚШ, Украина, Финляндия, Ресей, Швеция мен Швейцария елдерінен келген кәсіпорындар шығарған құрал-жабдықтар көрсетілді. Солардың бірі технологиялық желі арқылы түрлі аналитикалық зерттеулер жасай алатын қол шамадандағы шағын зертхана жер асты шахталарында, жазық далада, таулы жерлердегі экспедиция жұмыстарында өзіңізбен бірге алып жүруге аса қолайлы екен.
–Жалпы, біз өз қаламыздың кен өндіру, металлургия, энергетика сияқты маңызды салалар бойынша маманданған халықаралық көрме өтетін қалалардың біріне айналғанына қуаныштымыз. Көмір, ферроқорытпа, электроэнергия мен мұнай, глинозем мен алюминийдің көп мөлшерлі пайыздары осы біздің өңірде өндіріледі, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Мұндай көрмелердің облыс экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.
Көрме сөрелерінде машина жасау, көмір өндіру саласының және шикізатты өндіру технологияларының бірқатар құрал-жабдықтары орын алған. Сондай-ақ, көрмеде энергетикалық машина жасау, жылу және газбен жабдықтау жүйелері, технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері бар.
Көрменің алғашқы күнінде елімізде шығарылған «Volvo FMX» атты жүк тиеуші жол таңдамайтын, ұзақ жолдарға шыдамды, мәшинесі көрсетіліп, тұсаукесер рәсімі жасалды. Халықаралық көрме екі күнге созылды. Әріптестер өндірісті өркендетудің жаңа технологиялық жетістіктеріне сай бірге жұмыс жасауға арналған семинарға қатысып, ой-пікірлерін білдірді. Бұдан соң, көрмеге қатысушылар Екібастұздың «Богатырь» көмір разрезі мен ГРЭС-2 стансасын аралап көрді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.