Жақында Тараз металлургия зауытында ферроқорытпалар өндірісін жаңғырту және кеңейту жобасы тәмамдалды. Сөйтіп, құлашы кеңіп, өрісі ұзарған зауыт жұмысын одан ары жандандыра түсті.
Өндірісті модернизациялау қосымша құны жоғары жаңа өнімдерді шығару мақсатымен шикізатты жан-жақты өңдеп, экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ресейлік және еуропалық кәсіпорындардың тарапынан зауыттың өнімдерін сатып алуға нақты тапсырыстар бар. Сондай-ақ, кәсіпорын жылына 100 мың тонна ферросиликомарганец өндіре алады. Өндірістік бағдарлама бойынша жылына 65 мың тонна ферросиликомарганец шығару жоспарланып отыр.
Зауытты ары қарай дамыту үшін айына 21 мың тонна марганец концентратын жеткізіп тұру қажет, яғни, өндіріс орнының жаңаруы бірқатар марганец кеніштерінің өркендеуіне де өз септігін тигізбек. Сонымен қатар, жаңа өндірістің іске қосылуы Қарағанды, Павлодар және Тараз қалаларының бірқатар кәсіпорындарын тапсырыстармен қамтамасыз етеді.
Тараз металлургия зауытының модернизациясына 11,6 миллиард теңге жұмсалды. Бұл жобаға қолдау көрсеткен – «Қазақстан даму банкі» АҚ. Соның арқасында зауытқа Ресей, Украина шығарған және отандық жаңа құрылғылар орнатылып, ферроқорытпаларды өндеудің жаңа технологиялары енгізілді. Зауыттың қанат жайып, дамуының арқасында, жұмысшыларының саны 1320 адамға дейін артты, алдағы уақытта зауыт еңбеккерлерінің саны 1570-ке жетеді деп болжануда. Сондай-ақ, болашақта табыстың бір бөлігі білікті мамандарды дайындауға жұмсаламақшы екен.
Қоршаған орта мен ауаны зиянды қоспалармен ластамау үшін зауытта құны 200 миллион теңге болатын газ тазалағыш құрылғы салу жоспарланған. Бұл жоба зиянды қоспалардағы қатты қалдықтардың, яғни органикалық емес шаң, марганец оксидтері, алюминий оксидтерін 97 пайыз тазартады. Аталған құрылғы ауаға кететін неорганикалық шаң қалдықтарын жылына 257,52, марганец оксидін жылына 15, 84, алюминий оксидін жылына 14, 48 тоннаға кемітуге мүмкіндік береді. Тараз қаласы аумағындағы ауыр экологиялық ахуалды ескерсек, аталған жоба экологияның нашарлығынан пайда болатын аурулар санын азайта түспек.
Тараз металлургия зауытының жұмысшылары кезекті ферроқоспалар пешінің іске қосылғанына өте қуанышты. Өйткені, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген бұл жоба осы мекемеге 11,5 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.