24 Маусым, 2011

Аралда туған ән

735 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
(Эссе) Ұлы ғой Нұрағаң! Нұрғиса Тілендиевті айтамын. Саз өнеріндегі алмас пен жасындай, одан қалса буырқанған теңіз­дей нағыз Махамбет Өтемісұлының өзі десе болар. Тіпті отыздан жаңа асқан ке­зінде-ақ опера, симфонияларымен, поэ­ма­ларымен қатар «Жан сәулем», «Құс­тар қайтып барады» тәрізді көптеген әнімен құлағы бар қазақ халқының жү­регін мықтап жаулап алған сазгер қазақ топырағында дүниеге келер біртуар таланттардың бірегейі екенін аңғартқан-ды. Ал ондай ерек тұлғалармен алғаш кездесудің кісі көңілінде ұзақ қалатын әдеті емес пе. 1967 жылдың тамыз айы еді. Тірлік­тің басқа алаңын жиып қойып, қиын­ды­ғына қарамастан бірыңғай жазушылық­тың ізіне түсуге бел байлаған кезім. Көп уақытым оқу мен ел аузында жүрген түрлі оқиғаларды жинауға кететін. Осыған орайластырып жұмысы қауырт емес, Қы­зылорда облысының мәде­ниет басқармасында қызмет істейтінмін. Сол күні де жолай кітапханаға соғып, жұ­мыс­қа кешігіп жеткенмін. Ме­нің қарамды облыстық мә­дениет басқармасы бастығы­ның орынбасары Өмірзақ Ос­панов терезеден көріп қалса керек. Сыртқы есіктен бас сұғар-сұқпастан кабинетінен шыққан ол кісі: – Ойбай-ау, қайда жүрсің? – деп аптыға сөйледі.– Құрт­тың ғой бізді. Сасып қалып: – Жайшылық па? – деп сұрадым. – Қайдағы жайшылық. Сені іздетіп бізді бидайдай қуырып жатқанда. Қазір тез ана машинаға мініп, Алдаш Баяхметовке жет. Алдаш Баяхметов – обкомның бөлім меңгерушісі. Обком ол уақытта пединс­ти­туттың қарсысындағы бір қабат ескі үйде. Көліктен түсіп ішке ендім. Кірер ауыздағы милицияға мән-жайды түсінді­ріп, сол жақтағы ащы ішектей шұба­тылған дәлізбен келе жатқанмын. Маған қарай қарсы жүрген ақ көйлекті, қара шалбарлы бір кісіге көзім түсті. Ұзын бойлы. Сылыңғырлау. Өңі ақсары. Бетінде ептеген шешек дағы барға ұқсады. Тәртіпке онша көнбейтін шашы жан-жағына құлап, әсіресе сол жақ маң­дайының жартысын жауып кетіпті. Осы­лар­дың ішінен ерекше көзге түсетіні – құлағы. Айта беретін нағыз қалқан құлақтың өзі. Ғажабы сол, оған мына сұсты көрінетін үй, онда жанталасып ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдар, табан астына төселген сәнді кілем бәрі-бәрі түк еместей. Жалғанды жалпағынан басып, дүрдіктеу ернін шүртите жиырып бір әуеннің ырғағына салып ысқырып келеді. Жалпы, тәртіп бойынша партия үйінде ысқырмақ түгіл, даурығып қатты сөйлеу де оғаштыққа саналатыны белгілі. Ал бұл бейтаныс еш нәрсемен санасар сыңай танытар емес. Баяхметов отыратын бөлменің есігінен сығалап едім, көзі шалып қалған ол атып тұрып: – Жүр, Дәукеңе барамыз, — деді. Дәукең – үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Дәуірхан Айдаров. Екеуміз жедел басып сонда жеттік. Біз ентігіп жеткенмен Дәукең сабырлы. Сағатына қарап: – Толық үлгереміз,– деп алды да ендігі әңгімесін маған қарата сөйледі. – Адамжан, осында Хасен Шаяхмето­вичтің арнайы шақыруымен Нұрғиса Тілендиев деген ағаң келіп жатыр. Сонымен жолсапарға шығасың. Хасен Шаяхметович деп тұрғаны – обкомның бірінші хатшысы Бектұр­ғанов. Ал Нұрғиса Тілендиеві – атақты композитор. Күтпеген жайдан сасқаным соншалық: – Қашан? – дедім. – Бүгін, тіпті, қазірден бастап дайын­дала бер. Е-е, міне, Нұрағаңның өзі де келді. Танысып ал, Адамжан. Жалт қарасам, бағанағы обкомның ішінде ысқырып жүрген кісі екен. «Апыр-ай, бұл бір қиын сапар болмаса жарар еді», деп ойланып қалдым. Амалсыз асығыс жолға шығуға тура келді. Үйге бас сұғып, жеңіл-желпі киім мен жолға қажетті дүниелерді алуға мұршам әзер жетті. Сонан соң обком қызметкерлерінің жетегінде жүріп Нұрағаң және ол кісінің зайыбы үшеуміз темір жол вокзалынан бір-ақ шықтық. Жолаушы пойызы да ентігіп келіп тұр екен. Шығарып салушылармен қоштастық. Олар бір купеге толығымен билет алынғанын, біздерді Арал қа­ласына дейін ешкімнің мазаламайтынын айтып жатты. Сондықтан да, емін-еркін ішке еніп, алдыңғы орынның батыс бетіне Нұрағаң, шығыс жағына жеңгей жайғаса бастаған. Мен үстіңгі орынның қай жағына шығарымды білмей сәл уақыт тосылып калдым. Сосын жеңгей жатқан текшенің үстіне шықсам: «Мына баланың ниетінің терісін қарашы, өзі біреудің әйелінің үстіне қарай тырмысады», деп ойлап қалар ма екен деген бір қазақы сақтықпен Нұрағаңның үстіндегі текшеге қарай ұмтылып едім, ол кісі бірден тоқтатып: – Мына жаққа жат, – деп бұйыра сөйледі. Дауысының қатқылдау шыққанын ішім жақтырмаса да, өзі айтқан соң жеңгей жайғасқан төсектің үстіндегі текшеге шықтым. Ал Нұрағаң тығыз бір шаруаға кірісетін кісіше, үстіндегі ақ көйлек пен қара шалбарын жолға киетін жеңіл киімдерімен ауыстырып жатты. Сосын менің терезеге қарап жол бойын­дағы көріністерді қызықтағанымды жақтыр­мағандай: – Осы сенің атың Адам ба? – деп сұрады. – Иә, Адам. – Сонда, немене, сенен басқалардың бәрі ит пе? – Өзі рахаттана күліп алды. «Бұл не, маған тиіскені ме? – деп ойладым. – Ойпырмай, ауылға аман-есен жетсем жарар еді». – Сен бұл жақта түйе көп екенін білесің бе? – деп Нұрағаң иығынан асыра бармағымен ту сыртын нұсқады. – Білем. – Онда шұбат жайлы өлең жаз. Ертең Арал қаласының Мәдениет үйінде әншілерге орындатамыз. Әлгідегі бей-жай жай­барақат көңіл-күй табан астында астаң-кестең болды да кетті. Жауапкершілікті сезіну қашан оңай болған. Оның үстіне уақыт тығыз. Жақсы өлең жазу керек. Ал, жақсы өлең күнде жазыла бермейтіні тағы аян. Оған қоса бұған дейінгі жиырма жеті жылдық ғұмырымда шұбат атаулы­дан ауыз тиіп көрмеппін ғой. Рас, қымызды кешіп өстік десе де болғандай. Көкем мен апам сонау мамырдан қараша айына дейін бие байлайтын. Бірақ, түйе өсірген емес. Оның мәнісін көкем: «Сыр бойының шыбын-сонасы талаған түйе қатпа болып өліп қалады», деп түсіндіре­тін. Дегенмен, оны кімге айтып ақталарсың. Әйтеуір, ағарған ғой деп жобалап сөз құрастыруға кірістім. Біз Арал қаласына қас қарайған шақта жеттік. Вагоннан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Құлмағанбет Қартақов Нұрағаңды құшақ жая қарсы алды. Газ-69 жеңіл көлігімен аз ғана жүріп, үлкен дарбазаның алдына жетіп тоқтадық. Аулаға енгенде самаладай жарқыра­ған шамдардың жарығына оранған бақтың ішіне еніп бара жаттық. Ұлы даладағы бір дененің қос білегіндей батысқа қарай созылған Қарақұм мен Қызылқұмның түйісер жеріне орналасқан түнгі теңіздің әсерінен бе, әлде қаланың іргесін тепкен Арал теңізінің суының ауаға сіңген қасиетінен бе, жоқ қарсы алған шалқар пейілді осы аймақтардағы адамдардың алғашқы ықыласына қарай ма, әйтеуір бір жан-дүниеге гүлдің қош исінің лебі жетіп тұрғандай сезіліп жатты. Оған алды­мыздан шыққан осы үйдегі Роза жең­гейдің жарқылдаған ашық мінезі қосылып, тіпті, өзіміздің қонақ екенімізді ұмытып, ет жақын туыстарға қауыш­қандай, мәре-сәре болдық та қалдық. Асылы, нағыз таланттың қарапайым пенделерден көп айырмашылығының бірі мінезде болса керек. Сонау Қызыл­орда қаласында кездескеннен бері бет әлпетінен түрлі көңіл-күйді аңғартқан Нұрағаң, енді мына қарсы алудан кейін ірі тістерін ақсита көрсетіп, қайта-қайта кісіней күліп балаша мәз. Тіпті, үлкен бөлмеге жасалған дастарқан басына жайғаса беріп, төрде ілулі тұрған дом­быраға көзі түскен сәтте мүлде өзгеріп сала берді. Көз жанары сексеуілдің шоғындай жайнап, жүзінде басқаша бір жеке адамның қуанышынан биік – қанағаттанғандық пен ризашылықтан мүлде бөлек – сабыр ауқымына сыймай­тын рең пайда болды. Сосын домбы­раны қолға алды. Оң бұралған құлағын солақайға келтіріп барып, қос ішекті қағып өтті. Сол сәттен бастап жарық дүние басқаша құбылып, бөлекше реңге бөленді. Сонау Алатау бауырынан бас­талып, Атырау теңізінен асып жығы­латын сағынышқа толы ұлы жүректен шыққан саз әуені кең дүниені кернеп бара жатты. Сағыныш болғанда да жай­барақат емес, сабыр тағатын тауысып, құсша ұшып, дауылдай сапырылысқан сағыныш, осынау ұлы даланың адам­дарын құшағына алып, бауырына басып еміренбейінше мауқы басылмайтын са­ғыныш! Нұрағаң өзінің қарлығыңқы дауысы­мен саз әуеніне қосылып, ақырында оны аяқтап, домбыраны іргедегі қабырғаға сүйегенде, тұтқиыл бір алапатта ләз­затты сәтті бастан кешкен төрт-бес тыңдаушы біздер – ақырының не болғанын түсінбей қалғандай, әлгі сәттің жалғаса түскенін тағы да тамсана аңсайтындай күйде отырып қалғанбыз. Тыныштықты Нұрағаңның өзі бұзды: – Бұл жаңа әннің аты «Аралдағы жеңеше-ай», Роза жеңеше, сізге арнай­мын, – деді. Сосын маған қарап тапсырма берді. – Ал, кәне, бала, сөзін жазуға кіріс. Құлмағанбет ағай мен Роза жеңгеміз орындарынан ұшып тұрып, Нұрағаңды құшақтап жатыр. Шампан атылып, коньяктың тығыны ашылды. Қылаяқ хрусталь тостақтарға арақ пен шарап шімпілдете құйылды. Бірақ, Нұрағаң аузына да жақындатқан жоқ. Жауабы: – Бұл бәлені мүлде қойғанмын, – болды. Ендігі жердегі үлкен жауапкершілік менің мойнымда қалған еді. Дастарқан канша мол болғанмен ас батпады. Жатар кезде төсекті сыртқа салдырдым. Шөлдесең ішерсің деп Роза жеңгем бас жағыма бір шелек шұбат әкеп қойып еді, онан да бәлендей ауыз тиіп жарытпа­дым. Аула ішіндегі сәкі үстінде жалғыз өзім жатырмын. Үп еткен желсіз ты­мырсық түн. Ас­пан­да толық ай туған. Айнала сүт­тей жарық. Қора ішінде алма ағаш­тары мен үйдің тө­бесіне қарай жар­маса өскен жүзім өркені қарауытады. Ал мен еріксіз дөңбекшіп ойға батамын. Ертең Нұрағаң аудан орталығындағы Мәдениет үйінде жұрт алдына шығады. Мына жаңа ән сонда айтылуы керек. Ол үшін алдымен әннің сөзі композитордың өзіне ұнауы тиіс. Онан соң жұртшылық қолдауы қажет. Ал Аралдың халқы анау-мынауды місе тұтатындарға жатпайды. Талай-талай марқасқа ақындар мен шешендердің сөзіне құлақ құрышын қандырып өскен ел. Құйттай қияс кетсең жаратпай, лақтырып тастай салары хақ. Бірақ қай ақын болмасын өзінде барды ғана халыққа бере алады емес пе. Мен де сол заңдылықтан аса алмаймын. Ол үшін алдымен болашақта жазылатын сөздің түйінін табуға тырыстым. Жалпы, қазақ­тағы «жеңге» атына айтылатын жақсы лебіздерді еске түсіріп барып, өзімнің ет жақын жеңгелерімді көз алдыма елестеттім. Олардың аты Раушан, Рыс, Шәрипа болатын. Біз ес біліп, етек жаба бастаған кез қырқыншы жылдың аяғы, елуінші жылдардың басына тұстас келді ғой. Олар қолдары қалт етіп, бас қосқан сәттерде біз көрсек те, кескін-келбетін есте сақтауға өте жастықтан шамамыз жетпеген ағаларымыз жайлы әңгіме қозғап, кейде ақ таң атырып, күн ба­тыратын. Көрген қиындықтары мен сағы­ныштарын сөз етіп өздері де жы­лай­тын, бізді де жылататын. Аянышты тағдырларына байланысты ма, әлде шаңырақты кұлатпай ұстап жүрген ерліктеріне деген құрметтен бе, әйтеуір оларды әзіл-қалжыңнан биік, соғыстан келмей қалған ағаларымыздың өзіндей құрметтеп, сыйлап өстік. Ата-анамыз да бізді солай тәрбиеледі. Әсіресе, осылар­дың ішінде жалғыз мен үшін ғана емес, бүкіл біздің әулет үшін Раушан жеңе­шемнің орны бөлек-тін. Өйткені, көкем: «Біз бұл жерге кейін қоныс тепкенбіз. Арғы бабаларымыз сонау Ойыл жақта өмір сүрген екен», дей келіп, арғы-бергі аталарын түгендеп кететін.... Асаннан Құдайназар, Текей туады. Текей қалмақ­тың бетін қайырған батырлардың бірі болса, Құдайназар исі қазаққа белгілі хан Әз Тәукенің бас уәзірі болған кісі екен. Біз сол Құдайназарданбыз. Одан Сойырғас, Сойырғастан Алтай, Алтайдан Еркінбай туады. Алтай да қара­пайым көптің бірі емес, қалың елге қадірлі екен. Оған айғақ Еркінбай жас кезінде Ырғызда өткен үлкен асқа барғанда Шернияз ақын түрінен танып: «Сен осы Алтайдың баласы емессің бе?» деп сұрапты. Еркінбай: «Иә», – десе: «Тұлпардан қалған тұяғым-ай, менің қасымнан қалма», – деп ас тарқағанша жанында ұстапты. Мұны ойға алған себебім, сол Алтай­дың дулығасы, сауыты және қылышы атадан балаға ауысып, соғысқа аттанып хабарсыз кеткен Садуақас ағамыздың жесірі Раушан жеңгеміздің үйінде бо­латын. Оны ауылдағылар үлкен үй дей­тін. Ол үйге бас сұғып сәлемдесіп тұру бүкіл әулеттің міндеті еді. Мен студент кезімде оқудан оралғанда ол үйге бас сұғып, сәлем бермей кеткен кезім жоқ. Сәл кешігіп қалған күннің өзінде жең­геміз Раушан реніш білдіретін. Біраз томсырайып алып барып, өзінің Садуа­қа­сы мен халықтың бастан кешкен қиын­­шылықтарын айтатын. Мен әннің сөзін жазу үшін Аралдағы Розаны Раушан жеңгемнің қасына қатар қойып барып, қолға қалам алдым. Аралдағы Роза жеңгеміз де ақжарқын, бес баланың анасы. Құлмағанбет аға­мыздың нақ өзіндей парасат иесі еді. Ертеңіне мен жазған сөзді қабыл­даған Нұрағаңның атақты «Аралдағы жеңеше-ай» атты әні күй мен саздың құнын білетін осындағы өнер иелерінің аузымен айтылып, Мәдениет үйінің қабырғасын теңселтіп тұрды. Келесі күні Арал қаласының іргесін тепкен теңіздің Сары­шығанақ портынан «Төлеген Тоқтаров» атындағы катермен са­парға шықтық. Аудандық мә­де­ниет бөлімінің бастығы Құ­дайберген Жасекенов оншақты әнші қыз бен жеті-сегіз күйші жі­гітті Нұрағаңның туынды­ларын орындау үшін ала жүрді. Олар «Шөмішкөл», «Ақбасты», «Көкарал» елді мекендерінде атақты композитордың шығарма­ларын орындап, өз шеберліктерін топ алдында көрсетуге мүм­кіндік алса, халық саз өнерінің біртуар перзенті Нұрғиса Тілендиевпен қауышқан салтанатын ұланасыр тойға ұластыра қарсы алып, шығарып салып жатты. Күн үп еткен желсіз тымыр­сық болатын. Аспанда алашабыр бұлт. Әр жерде жүзген үйрек, қаз. Сонау алыста ғана жалдана шыққан көк қамыс көзге әрең-әрең шалынады. Кенет, көгіл­дірін соңдарынан ертіп, жүзіп бара жатқан қос аққу кезіккен. Сол сол-ақ, Нұрағаң толқынсыз көк теңізді тұмсығымен жарып заулап келе жатқан катерді Кұдайберген Жасекеновті арқылы тоқтатты. Мотор үнін өшірт­кізді. Домбыра алдырды. Катердің тұм­сығындағы ашық алаңға орындық қой­ғызып, өзі сонда барып отырды. Бағана­дан бері сыртқа шығып, табиғаттың осы бір тынышталған сәтін қызықтап тұрған қыз-жігіттер Нұрағаңның сырт жағына қарай топтала бастады. Жұрттың етек-жеңінің жиналуына қарамастан бұрын­ды-соңды естімеген бір күй басталып та кеткен. ... Мүмкін, бұл күй мәңгі ғашық қос аққудың іңкәр-сезім түйсікпен өліп-өшіп бір-біріне ұмтылған тұсы. Мүмкін, бұл сонау Ғұн, Сақ, Оғыз, Түрік қағанаттарының бөрілі байрақ ұстап, ел қорғаған қас батырының қолы қалт еткендегі аққуға ұқсас сүйгеніне ұмтылған ынтызар көңілінің аласапыран сезімі... ... Мүмкін, бұл Исатайдан айырыл­ған шерлі Махамбеттің аққу мінез  қазақ аруларына шаққысы келген мұң-зары. ... Мүмкін, аққулардай ажыраспауды тілегенімен тұз-дәмін тағдыр жарастыр­маған Абай мен Тоғжанның, Ақбала мен Тәңірбергеннің ғұмырлық өкініштері. Мүмкін, бұл Төлегенін жоқтаған Қыз Жібектің жан зары... Жалпы, бұрын-соңды мен тыңдап жүрген аққу мен сүйіспеншілікке байла­нысты айтылар сөз, толғанар жыр, орындалар саз ерекше бір сабырлы да мұңлы сарынды болушы еді. Ал менің мына естіген күйімде алыста елін қорғап жаумен айқасып жатқан бағзы заман сарбаздарының әлі жүзін көрмеген қызға деген күйіп-жанған махаббаты, сағынышы, жігері, ерлігі, өрлігі, қайсар­лығы, адалдығы, бәрі-бәрі от пен жа­лын­нан құралған құйындай жүйтки сырғып, көгілдір кеңістікке сіңіп бара жатты. Мұндай сезім, түйсіктің алуан саласын сазды әуенмен бір арнаға тоғыстыру тек ұлы адамдардың қолынан ғана келетін ұлы шаруа еді. Аралдықтар 1967 жылы шілде айында «Төлеген Тоқтаров» катерінің үстінде Нұрғиса Тілендиевтің өз орындауында тыңдаған «Аққу» күйінің шынында да ұлы шығарма екенін кейін уақыт дәлелдеп шықты. Нұрағаңның бастауымен ән-жыры­мыз үзілмей «Қаратерең» балық ұжым­шарына жеткенде мезгіл кешкі бесін еді. Біздер шағын кемеден түсіп, ауылға қарай шұбырып келе жатқанда батыс жақтан АН-2 қосқанат ұшағы тып-тыныш даланың берекесін кетіре дарыл­дап, аспанға қарай көтеріліп бара жатты. Ұжымшар орталығына еніп, басқар­ма кеңсесіне жақындадық. Ел көшіп кеткендей, ешкім жоқ. Естияр адамдар байқалмайды. Бұрын мұндай болмаушы еді, халық қаумалап қарсы алатын. Қай­ран қалып келе жатыр едім, көлденең көшенің қиылысынан бір тұтам шоқша сақалды, мұрты аузына түскен, дал­байды басына милықтата кигендіктен бе, кісіге ежірейе қарайтын, үстіндегі өңі қашқан бешпенттің екі өңірін қаусыра қымтап, белін тұсаумен мықтап байлап алған, мәсі сыртындағы кебісін тырп-тырп еткізіп аяғын санап басқан кісі шыға келді. Нұрағаң естияр жанның кезіккеніне куанып кеткендей: – Ассалаумағалайкүм! – деп қарттың бір қолын қос қолдап ұстап, ұзақ сілкілеп амандасты. Нұрағаңнан соң мен де қарттың қолына жармастым. Саусақтары сек­сеуіл­дің көмілген құмынан аршып, күн астына тастаған діңіндей қарақожалақ мүйізді екен. Аяғын санап басатыны дағ­ды болса керек, әйтпесе әзірше шы­нын­да нық екенін аңғарғысы келгендей, қолымды қысып жіберіп еді, жаным мұрнымның ұшына келді. Нұрағаң: – Бұл елдің адамдары қайда кеткен? – деп сұрады. – Қашып жатыр, – деді қарт. – Қашқаны несі? – Жаңа ұшып кеткен самолетті көрдің бе? – Көрдік. – Сол самолетпен келгендер өлген түйені тексеріп, аулыңда оба бар деп етін әлгінде көмдіріп кетті. Шалды қаумалай қоршап, аузына аңтарыла қарап тұрғандардың бәрі де суық хабарды есіткен бойда мына орталарында тұрған шал емес, пенде атаулыны жалмау үшін біреулер қаса­қана жіберген оба деген бәленің нақ өзі келіп тұрғандай шошып кетті. Қарасам, Нұрағаңның түсі де өң-сөлсіз боп бозарып кеткен екен. Ол бірден айқайға басты: – Әй, Адам, тез спирт тап! Бұл жолы Нұрағаңның дауысы қат­ты­рақ шыққанмен түк те ренжігем жоқ. Өйткені, мына бізді қоршаған әлемнің ішінен ең нәзік, ең отты, ең асыл музыка ырғақтарын тап басып тауып алып, оны құрастырып, адам сезімінің талмау сәтіне бағындырып дағдыланған шебер­дің кейде қарасөздің өз дәмін сақтауды талап ететін жауаптылығына ерегескендей, сөздің басын жарып, көзін шыға­рып айта салатынын біліп алғанмын. Нұрағаңның ән мен күйіне тәнті жұрт та ол кісі қандай оғаш сөз айтса да мін санамай, қайта рақаттана күліп қоя салады екен. Бұл шақтарда Нұрағаң қалып­тастырған саз әлеміне табынып біткен менің де сол ымырашылдыққа бағын­бауға шарам қалмаған. Жүгіріп жүріп, обкомның беделін салып, ауылдық ауруханадан екі шөлмек спирт тауып әкелдім. Олжалы оралға­нымды айтып Нұрағаңның құлағына сыбырлап едім, ол кісі мені оңаша шығарып әкетіп, алдымен өз қолын, сосын менің қолымды спиртпен жудыр­ды да, стаканға құйдырып алып тартып жіберді. Маған да: – Іш, мынаны! – деп зекіді. – Нұраға, мен ішпеймін ғой, – деп едім. – Сен жаңағы шалдың қолын ұстадың ба? – деп сұрады. – Иә, ұстадым. – Онда сен оба маған да жұқсын деп тұрсың ба. Кәне, тез іш! Мен ашуландырып алармын деп жарты стакан спиртті қағып салдым. Өңешімді өртеп кетті. Дегенмен көзім шырадай жанып, артынша-ақ көңілім көтеріліп, дүние басқаша реңге бөленіп құлпырып сала берді. Мұныма Нұрағаң риза болғандай: – Бізді әзірше обадан сақтайтын спирт. Сен де шығармашылық адамы­сың. Аман жүрсең, халыққа пайдаң тиер деп ішкіздім, – деді. Мен сонда Нұрағаңның обаның қатерінен гөрі әлі де алдағы күндерде жазатын шығармаларының тоқтап қалу қаупінен сескенетінін аңғарғанмын. Оба жайлы әңгіме шыққаннан кейін қайтар жолда біздерге адам атаулы сақтықпен катынас жасап, біраз әбігерге түсірді. Бірақ мен оған түк те өкінгенім жоқ. Өйткені, бұл кездерде Нұрағаңмен ағалы-інідей табысып кеткен едім. Нұрағаң Қызылордаға жеткеннен кейін Алматыға аттанып кетті. Мен ұлы сазгердің тапсырмасын орындап, өзім сөзін жазған жеті әнін облыстық газетке жариялаттым. Кейін жол түсіп Алматыға барғанда алдымен Нұрағаңның үйіне соқпай кетпейтінмін. Дариға жеңгемнің қолынан шай ішіп, ағамен ұзақ әңгімелескен кезім көп болды. Не айтары бар, шынында да Нұрағаң тірі кезінің өзінде-ақ күйдегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір тектес; әдебиетте Махамбет, Абай, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты қазақтың ұлы тұлғаларының қатарынан орын алған дара талант болатын. Бұл өмірде ұлы дүние жасау­шының қосын жегіп, қасында жүрудің өзі де бір дәурен десем қателеспеспін, сірә. Менің, кейде, арада қаншама жыл өткеніне қарамай, сонау тамыры тартылып, ерні кезерген шақтарда Аралдан тіршілік қамымен алысқа көшіп кетіп, кейін ұлы теңізіне жете алмай, сағыныштан сарғайған балықшыдай, Нұрағаңмен бірге өткізген сол бір күндерді жиі аңсайтыным да, бәлки сондықтан шығар. Адам МЕКЕБАЙҰЛЫ, жазушы. Алматы.