Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеу институтында Ислам Конференциясы Ұйымындағы Қазақстан басшылығы үшін күн тәртібі» тақырыбындағы әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің және осы институт қызметкерлері дайындаған «Қазақстан және Ислам Конференциясы Ұйымы» атты ұжымдық монографиялық еңбектің таныстырылымы өтті.
Ислам Конференциясы Ұйымы – мұсылман елдерінің ірі әрі ықпалды халықаралық ұйымы болып табылады. Ұйым ислам қоғамының ауызбіршілігін арттыруды, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешу мен мәдениет және ғылым салаларындағы тығыз қарым-қатынасты жандандырып, ұйымға мүше мемлекеттер мен басқа да елдердің арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуды көздейді. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығы кезіндегі міндетін табысты тәмамдағаннан кейінгі еліміздің сыртқы саяси белсенділігінің табиғи жалғасы іспетті.
«Қазақстан және Ислам Конференциясы Ұйымы» атты ұжымдық кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Ислам әлемінің бірігуі және ұйымның құрылу тарихы, бүгінгі әлемдегі ИКҰ-ның рөлі, ұйымның құрылымы, қосалқы және арнаулы мекемелер, ұйым ісіндегі негіз қалыптастырушы құжаттар, мақсат пен мұрат нысаны, ИКҰ және халықаралық ұйымдар дейтін тақырыптарды қамтиды.
Екінші бөлім «Қазақстан және Шығыс мұсылман елдері» деп аталады және мұсылман мемлекеттерінің өмір тарихын жан-жақты баяндайды. Үшінші бөлім «ИКҰ және ТМД елдері» деп аталады. Мұнда ұйымның бұрынғы кеңестік жүйеден босап шыққан мемлекеттермен байланысы қарастырылған. «Қазақстан ИКҰ жүйесінде» деп аталатын төртінші бөлімде еліміздің ИКҰ төрағалығынан кейінгі салмағы мен алда кездесетін мәселелер, ислам қаржы саласы және оның ауқымы мен даму келешегі деген секілді маңызды мәселелерге жауап боларлық тақырыптар қозғалған.
Сондай-ақ кітаптың таныстырылуымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеу институты мамандары жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі де көпшілік назарына ұсынылды. «Ислам Конференциясы Ұйымындағы Қазақстан басшылығы үшін күн тәртібі» дейтін тақырыпта жүргізілген әлеуметтік зерттеу ел азаматтарының дені бұл ұйымдағы біздің төрағалық қызметімізден көптеген жақсылықтар күтетіндігін көрсетіп отыр. Мәселен, діни-саяси бағыттағы мәселелер, экономикалық байланыс мүмкіншілігінің жандануы секілді мәселелерге қазақстандықтар шынайы қызығушылығының басым екендіктерін танытқан.
Осы зерттеуде қоғамдық пікірмен қатар, сарапшылардың да пайымы есепке алынып отыр. Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік және тәуелсіз талдау құрылымдарының жетекші мамандары, БАҚ өкілдері, сонымен қатар, Алматы қаласындағы бірқатар жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Бұл таныстырылым Астана қаласында 2011 жылдың 28-30 маусымы аралығында өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында болатын Қазақстанның ИКҰ төрағасы қызметін бастау рәсімі қарсаңында өткізіліп отыр.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.