22 маусымда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Атқарушы директоры Чинар Алдемирді қабылдады, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Қабылдау кезіндегі әңгімеде Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы АӨСШК уақыт өткен сайын әлемдік қоғамдастықта жоғары беделге ие болып келе жатқанын атап өтті. Министрдің атап өтуінше, бұған БҰҰ-ның Кеңесті Орталық Азиядағы, сондай-ақ Ауғанстандағы терроризммен күрес жөніндегі жұмыс тобына кіргізгені және ЕҚЫҰ-ның жанжалдардың алдын алу бойынша жұмыс тобына енгізгені нақты дәлел болады. Ержан Қазыханов, сондай-ақ Түркияның АӨСШК төрағалығына қолдау көрсеткені үшін ресми Анкараға алғыс айтты. Оған мысал ретінде Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Австрияға мемлекеттік сапары барысында АӨСШК-нің негізгі басымдықтарына арналған тұсаукесерді келтірді.
Қабылдауда тараптар осы жылдың күзінде Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы кезекті отырысының алаңында АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесін шақыру жөніндегі Түркияның ұсынысын да талқылады. Кездесу кезінде министр Атқарушы директорды осы маусым айының соңында Астанада өтетін ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының күн тәртібімен таныстырды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.