25 Маусым, 2011

Негізгі қағидатқа келісер деген үміт бар

292 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
АҚШ Президенті Барак Обама Қазан қаласында болатын кездесу алдында Әзербайжан президенті И.Алиев және Армения президенті С.Саргсянмен телефон арқылы сөйлесіп, оларды Таулы Қарабақ проблемасына байланысты өзара  кикілжіңді бейбіт жолмен реттеуге шақырды. Қазан қаласында екі елдің басшылары Ресей Федера­циясының Президенті Д.Медведевтің қатысуымен кездесу өткізеді. ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақ проблемасын реттеуге байланысты құрылған Минск тобына мүше – АҚШ, Ресей және Франция елдерінің басшылары бұл кездесуден үлкен үміт күтуде. Олар осы кездесуде кикілжіңге қатысушы елдердің басшылары проблеманы реттеудің негізгі қағи­даттары туралы құжатқа қол қояр деген үмітте. ҚЫТАЙ ИНФЛЯЦИЯНЫ ҚҰРЫҚТАЙ БАСТАДЫ Соңғы кезде Қытайдағы инфляция құрықтауға көнбей бара жатыр, деген хабар шыға бастаған еді. Осыған байланысты ҚХР Премьер-министрі Вэнь Цзябао бірінші кезектегі қажетті тауарлар бағасының өсімін тоқтатуға қол жеткізілді деп жариялады. «Біздің қолға алған әрекетіміз өзінің жемісін бере бастады.  Жылдың аяғына дейін инфляция құрықталатын бо­лады, деді ол. Бұдан бұрын Қытайда инфляция деңгейі соңғы 34 айда болмаған көлемге жеткенін, соның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 11,7 пайызға қымбат­та­ғаны айтылған еді. КАДДАФИДІ ҚУДАЛАУДЫҢ ЖАҢА ТҮРІ Ливияның бұрынғы сыртқы істер министрі, БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Мұхаммед Шалгам Муаммар Каддафиді көп болса екі-үш аптадан кейін елден қашып шығатын шығар деп мәлімдеген. Бұрынғы министр оның Белоруссиядан саяси баспана сұрауы мүмкін екенін де айтқан. Оппозиция жағына шыққан адам не демейді десек те, Триполиге жасалып отырған соңғы кездегі қысымдарға қарағанда, бұл сөздің жаны бар сияқты. Қазір онда оппозициялық күштер жасырын әрекеттер жасауға көшіпті. Ал АҚШ Сенаты Б.Обама әкімшілігіне Ливиядағы соғыс әрекеттерін бір жылға дейін созуға келісімін берді. БЕС МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ҚАЗЫНА Жуырда Египет пен Жапония ар­хео­логтары Хеопс пирами­дасы­ның түбіндегі 4,5 мың жыл бойы сақ­тал­ған саркофагты ашу үшін алғашқы плита­сын алды. Үш бұрышты екі саркофаг әктен жасал­ған осындай 40 плитамен жабылған екен. Олар алғаш рет 1955 жылы табылған. Сол кезде зерт­теу­шілер оның біреуін ашып, ішінен ливан самырсынынан жасалған ладьяны тапқан екен. Оның 1224 бөлшегін құрастыруға 10 жыл уақыт кеткен. Екінші саркофагта да ладья жатқаны радар арқылы анықталған.  Алынған ал­ғашқы плитадан кейін-ақ оның шеті көрініп жатқан. Ал­ғаш­қы ладьяның биіктігі – 43, ені – 6 метр болған, мынау да содан кем емес көрінеді. ТҮРКИЯДА ТАҒЫ ДА ОРЫС ТУРИСТЕРІ ЗАРДАП ШЕКТІ Түркияда тағы бір автобус апаты болып, 24 адам зардап шекті. Анталья курортты провинциясында бол­ған бұл апат та орыс туристерімен байланысты бо­лып отыр. Басқа автобусқа соғылысқан микроав­тобус­тың жолаушылары ресейлік туристер болған көрінеді. Зардап шеккендердің бәрі жақын маңдағы ауруха­на­ларға жеткізілген. Ресей Федерациясының Антальядағы бас консульдығы зардап шеккендердің жайын анықтап, кө­мек­тер жасап және олардың еліндегі туыстарымен байла­нысу жұмыстарын жүргізіп жатыр. АҚШ ҚАРУЫН ИРАНҒА САТҚАНДАР АҚШ Францияның Аеrotechnic ком­­паниясын, оның президенті мен коммерциялық директорын Иранға аме­­­рикалық қару-жарақты сатқаны үшін айыптап от­ыр. Бұл кәсіпорын АҚШ-тың әскери тік­ұшақтары мен истребительдеріне арналған жарақ­тар­­­­ды сатып алып, оны заңсыз жолмен Иранға өт­кіз­ген деп айыпталуда. Бұл іс бойынша АҚШ, Франция, Біріккен Араб Әмір­лік­тері және Иранда орналасқан барлығы 5 кәсіпорын айып­та­лып отыр. АҚШ-тың Джорджия штатының соты осы кәсіп­ор­ындардың басшы қызметтеріндегі 7 адам  бірлесіп, АҚШ-тың мүддесіне қарсы қылмыс жасаған деп айыптауда. Бірақ олар­дың екеуі қазір АҚШ аумағынан тыс жерде жүрген көрінеді. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Украинаның бұрынғы премьер-министрі Ю.Тимошенконы Киевтің Печорский аудандық соты Ресеймен арадағы газ келісіміне байланысты жауапқа шақырды. Сотқа келген Тимо­шен­коны жақтастары да, қарсыластары да қарсы алып, екі топтың арасында кикілжің болған. Венесуэлада сотталғандар бір түрмені басып алып, полиция шабуыл жасаса да, төтеп беріп отыр. Кеше ғана олар полиция шабуылынан қаза болған төрт сотталушының мәйітін далаға шығарып, полицияның қолына берді. Ал өздері әлі берілер емес. Белоруссияда президент А.Лукашенконың ар-намысына тіл тигізген А.Почобут деген журналистке сот процесі жүріп жатыр. Кеше прокурор оны үш жылға бас бостандығынан айы­руды сұрады. А.Почобут Беларусь азаматы болғанымен, Польша газетінің қызметкері болып істейді екен. АҚШ-тың Аляска штатынан 102 шақырым жерде маг­нитудасы 7,4 балл болатын жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі жер қойнауының 40 шақырымында екені анықталған. АҚШ-тың геологиялық қызметтері цунами болу қаупі бар екенін жоққа шығармайды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.