25 Маусым, 2011

Айтыс ақындары

3243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ЖЕТІСУ ЖЕРІН ДУМАНҒА БӨЛЕДІ Ел тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы аясында өткізіліп жатқан мә­дени көпшілік шаралар легі бар­ған са­йын жарқын сипат алып, ауыл-ай­мақтағы жұртшылықты қуа­нышқа кенелте бастады. Со­ның айғағын­дай, республикалық ақындар айты­сы Ұзынағаш ауы­лында өтіп, оны көпшілік ерекше ықылас қойып та­машалады. Бұл жыр бәсекесі сон­дай-ақ ха­лық поэзиясының алыбы Жам­был­дың туғанына 165 жыл толуы құрметіне орай ұйымдасты­рыл­ғанын да атап айтқан орынды. Еліміздің бірнеше облыстары мен қалаларынан келген өнер саң­лақтары өзара бәсекеде сөз сайы­сының дәстүрлі үлгісінен жаңыл­мады. Қыз бен жігіт, жезде мен балдыз, жеңге мен қайны, ұстаз бен шәкірт, құрдастар ара­сын­дағы ас­тар­лы әзіл, тапқыр тар­мақтар ар­қылы бір-бірін бірде тұ­қыр­тып, бірде құлпыртып сөйле­ген ақындар ай­тыс­тың ажарын аша түсті. Нәтижесінде, ынталандыру сый­лы­ғына Атырау облысынан келген Серік Қойшығұлов пен Нұрболат Нұ­ғыманов, Жамбыл облысының на­мысын қорғаған Есет Досалы, ал­ма­тылық Рүстем Қайыртай мен Ай­сәу­ле Бейсехан, шымкенттік Кә­рима Оралова, Ал­маты облысы­нан Қуа­ныш Жанәділ, Әбдіғани Бәзіл­хан, Ай­­бек Ережеп сынды үш ақын ие болды. Сөз шеберлерінің бір тобына атақты ақындар атындағы арнайы жүлделер тағайындалды. Мәселен, Доспамбет жырау атындағы сый­лық семейлік Ринат Заитовқа, Ора­залы Досбосынов атындағы жүлде Ал­ма­ты облысынан келген Бақыт Жағы­пар­ға, Қазақстанның халық ақыны Әсім­хан Қосбасаров атын­дағы жүл­де Қызыл­орда облысынан келген Мұх­тар Ниязовқа, бал­қаш­тық дүл­дүл ақын Балтағұл Бигелдиев атын­да­ғы жүлде Шығыс Қазақстан облы­сынан келген Әсем Ережеқызына, Алатаудың бұл­бұлы атанған даңқты композитор әрі ақын Кенен Әзірбаев атындағы жүл­де Ақтөбе қаласынан келген Төре­ғали Әлиханға, ақын Темір­ға­ли Рүстем­беков атындағы жүлде Қа­рағанды облысынан келген Мақ­сат Ақановқа, Жандарбек Бегімбетов атындағы жүл­де Алматы қала­сының атынан айтысқан Серік Қалиевке бұйырды. Ақтық сынға алты ақын жолдама алды. Олар – астаналық Серікзат Дүйсенғазин, Алматы облысы­ның жас арғымақ айтыскері Жандарбек Бұлғақов, Орал қаласының жүйрігі Жансая Мусина, Қараған­ды облысынан қара үзіп шыққан ерен дүлдүл Дидар Қамиев, Астана қаласының ақтаңгер ақыны Айнұр Тұрсынбаева, Батыс Қа­зақ­стан об­лысынан келген Бауыржан Халиолла. Іріктеу айтыстың қорытын­ды­­сында қазылар алқасының төр­ағасы Өмірзақ Айтбайұлы түйінді сөз сөйлеп, тапқырлық пен ой ұш­қырлығының озық үлгісін көр­сеткен дарын иелеріне шығарма­шылық сәттілік тіледі. Айтыс Сарыжазық жайлауын­да өткен малшылар слетінде на­ғыз ұлттық дәстүрімізге сай ұйым­дастырылған түрлі ат спорты шараларымен бірге жалғасты. Қазылар алқасының баға­лауы­мен ақын Сара атындағы ІІІ дәре­желі дипломға Айнұр Тұр­сын­баева, Үмбетәлі Кәрібаев атын­дағы осын­дай жүлдеге Бауыржан Халиолла, Бақтыбай Жолбарыс­ұлы атын­дағы ІІ дәрежелі диплом Жандарбек Бұл­ғақовқа, Қаблиса жырау атындағы осындай жүлде Жансая Мусинаға бұйырды. Ақиық ақын Сүйінбай Арон­ұлы атындағы І дәрежелі диплом Ди­дар Қамиевке берілді. Ал Жам­был атын­дағы бас жүлдені Серікзат Дүй­сен­ғазин иеленді. Жайлау төріндегі Жамбыл ау­да­нының малшылар жиынында «Сазген» фольклорлық-этногра­фиялық ансамблі өнер көрсетсе, шаршы кілемдегі балалардан бастап, білекті жігіттердің белдесуіне көпшілік қауым ерекше қо­шемет танытты. Облыс көкпар­шы­лары серкені қол­дан бермесе, қыз қуу ойыны да қызықты болды. Тау мен тасты, өр мен ылди­ды талғамайтын шабандоздар да ерекшеленіп, бес жүйрік бәйгелі болды. Бас жүлде айдарлылық шабандозға, екінші орын Беріктас, үшінші орынды Талап ауы­лының сәйгүлік­тері иеленді. Бап та, бақ та бәсекеге түскен ай­тыс пен ұлттық ойын өрнегі осы­лай қабысқан тамашаның көрермен көңі­лінен шыққаны анық. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. Суреттерде: Сары­жазық­та­ғ­ы мерекеден көріністер.