25 Маусым, 2011

Денге шипа, бойға қуат сыйлаған

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің 2011-2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасының көз­де­ген мақсаты – меди­ци­налық мекемелерді соңғы үл­гідегі технологиямен жабдық­тау, сол тех­нологияны жетік меңгерген ма­ман­дарды даярлау болса, мұ­ның өзі соңғы жылдары өзекті мәселеге айналуда. Бұл, түптеп келгенде, ауырған соң емделуді емес, сол ауруды болдыртпауды жақтайтын бағдарлама. Республикада қан айна­лы­мы жүйесі ауруларының ішінде жүрек-қан тамырлары дерт­тері­нің кең тарағаны әрі өлім-жі­тім­нің көбеюі қазақ қоғамын алаң­датып отырғаны белгілі. Соңғы жылдары жаңа технологияны енгізу, білікті мамандар даярлау нәтижесін­де бұл аурулармен кү­рестің де қарқын ала бастағаны сезіледі. Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде қоғамы­мызда ең көп кездесетін ауру стенокардия, атеросклероз, ише­­мия, миокард инфарктісі сияқты сырқат түрлері дендеп тұр. Бұлар жалпы алғанда, қан айналымы жүйесінің аурулары. Қазақстан осы аурулар бойын­ша өлім-жітім жағынан ТМД ел­дерінің ішінде бірінші орын­да екен. Әрине, өкінішті. Елімізде медицинаның осы за­мандық диагностикалау және емдеу қондырғылары пайдала­ны­­лып, жаңа технологияларды игерудің нәтижесінде соңғы бес­­жылдықта онкологиялық ау­ру­­лардың біршама тұрақтал­ға­нын атап өтуге болады. Республикада негізінен онкологиялық аурулармен күрес үш бағдар­ла­ма бо­йын­ша жүзеге асуда. Олар­дың бі­ріншісі – ауру белгілерін ерте анықтауға негізделген болса, оның өзі екі бағытта жүзеге асып жатыр. Әйелдердің жатыр мойны ісіктері мен сүт бездері ісіктерін ерте анықтау арқылы олардың бойында енді-енді ғана пайда болып келе жатқан қатерлі дерттің асқынып кетуіне жол бермеуге болады дей­ді мамандар. Еліміз бойын­ша қатерлі ісік­тің алдын өкпе ісі­гі бермей келе жатыр екен. Ке­йінгі орын­дарды сүт безі, тері, асқазан қа­терлі ісіктері иемденген. 80 жылдық тарихы бар Пре­зиденттің Іс басқар­ма­сы­на қа­рас­ты орталық клини­ка­лық ауруханада адам­дардың денсау­лы­­ғын жақсартуға ай­рықша мән бе­ріп, медицина­лық көмек көр­се­тудің тиімді әдістерін пай­да­ланып, іске сер­гек қарау ерекше назарға алынған. Мұнда нау­қас­тың жағдайын алдын-ала біліп, шұғыл шара қолданы­лады. Емдеу, дерттерді анықтау, операция жасау жөнінен үлкен жетістіктерге жетіп отырған ұжымда өмір бойы ізденісте жү­ретін, талай адамдардың кө­ңі­ліне шуақ сеуіп, денге шипа, бойға қуат сыйлап жүрген әм­бебап мамандар қатары мол. Біз бүгін сон­дай ақ халатты абзал жандардың бір тобын сіз­дер­дің назарлары­ңыз­ға ұсынып отырмыз. Мамандардың айтуынша, қа­зіргі уақытта кейбір қалта­лы­лар­дың ішінде шетел асып емделіп жатқандар бар. «Басқа елде сұл­тан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, басқа елге бару­дың қажеті жоқ. Елімізде ем­делудің барлық мүмкін­дік­тері бар, дейді мамандар. Ме­дицина саласына жыл сайын миллиард­таған қаражат бөлінуде. ҚР Президенті Іс басқар­ма­сының клиникалық ауру­хананың ұжымына адал ең­бек­терінің жемісін көре бе­рің­дер, ел құрметіне бөлене беріңіздер дегіміз келеді. Ғалым ҚҰРАШ, журналист.