2011 жылғы 14 маусымда Президент, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2-тармағына, сайлау туралы Конституциялық заңның 69-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сүйене отырып, Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын 2011 жылғы 19 тамызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықтың 2-тармағына сәйкес, Үкіметке, Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдеріне «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау» тапсырылған.
Орталық сайлау комиссиясы өзінің 15 маусымдағы отырысында Парламент Сенаты депутаттарының 2011 жылғы 19 тамызға тағайындалған сайлауын әзірлеу мен өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын қарап, бекітті. Күнтізбелік жоспар осы жылдың 16 маусымы күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сайлаудың өткізілуін қамтамасыз ету үшін облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жолданды.
Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары болып табылатын республика азаматтары қатысады.
Конституцияның 50-бабы 2-тармағына сәйкес, «Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, Сенаттың он бес депутатын республика Президенті тағайындайды».
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. «Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады», делінген Конституцияның 50-бабының 2-тармағында. Сенат депутаттарының жартысы соңғы рет 2008 жылғы 4 қазанда сайланған болатын.
2011 жылғы 19 тамызда таңдаушылар ел өңірлерінің әрқайсынан бір-бір депутат, яғни барлығы 16 сенатор сайлауы тиіс. Сайлау тек балама негізде өтуі керек (бір мандатқа кемінде екі үміткер болуы міндет).
Халықаралық құқықтық актілерде парламенттердің құрылымы туралы қанадай да бір ұсынымдар жоқ. Шет мемлекеттердің заң шығарушылық қызмет атқаратын өкілді билік органдарының құрамы, әдетте, құрылым нысанына байланысты болып келеді.
Сондай-ақ, заң шығарушы органдардың атауларында, сандық құрамын анықтауда, азаматтардың сайлау құқықтарында да бірыңғай стандарттар жоқ. Шет мемлекеттердегі парламенттік жүйелер парламентті қалыптастыру тәсілдері туралы бірталай мағлұмат береді.
Қос палаталы жүйе (бикамерализм) – заң шығарушы билікті ұйымдастыру әдісі. Бұл әдіс бойынша заң шығарушы жиылыс (парламент) екі коллегиалдық органнан – палаталардан (әдетте – жоғары және төменгі, сирек жағдайда – тең құқылы) құрылады.
Қос палаталы парламенттер әлемнің 195 дербес мемлекетінің 78-інде бар. Олардың халқы 3 млрд. 570 млн. адам, яғни дүние жүзі халқының 55,3%-ын құрайды. Қос палаталы парламент жүйесі бар мемлекеттер жалпы көлемі 91 млн. 016,9 мың шаршы шақырым жерді иеленеді, бұл – Антарктиданы қоспағанда, Жер құрлығының 67,5%-ы. Көріп отырғанымыздай, адамзаттың басым көпшілігі, мемлекет құрылысының нысанына (унитарлық немесе федеративтік) қарамастан, парламент құрылымында қоспалаталыққа артықшылық береді. Бұл заңды да, өйткені қос палаталы парламент заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының арасындағы тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, заң шығарушы органның өз ішінде де бір палатаның билігі екінші палатамен белгілі бір деңгейде тежеліп отырады.
Айта кету керек, парламенттің нақ осы құрылымы неғұрлым сапалы заңнамалық өнімнің шығуын қамтамасыз етеді: жоғары палата төменгі палатаның шешімдерін мұқият тексеруден өткізеді, сондай-ақ олар талқылау, пікір алмасу және дәлелдеу нәтижесінде өзара келісілген шешімге келу үшін келісу комиссияларын құра алады. Оның сыртында, парламенттің екінші, көбінесе жоғары палатасы, бүкіл елдің мүддесін білдіріп қана қоймай, өңірлердің, елдің автономдық құрылымдарының мүддесін де қорғайды. Бұл да маңызды.
78 елдің құрамында 59 унитарлық (біртұтас) мемлекет және 19 федеративтік мемлекет бар. Федеративтік құрылымы бар мемлекеттерде, әдетте, парламенттің екінші палатасы, біз атап өткендей, ел өңірлерінің мүддесін білдіреді. 59 унитарлық мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Ирландия, Испания, Италия, Нидерландтар, Польша, Румыния, Словения, Франция, Чехия, Филиппин, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония және тағы басқа мемлекеттер бар. Біртұтас мемлекет болып табылатын Қазақстан Республикасы да осы мемлекеттер тобында.
21 елде парламенттің жоғары палатасы төте сайлау негізінде сайланады. 11 ел өздерінің заң шығарушы органдарының жоғары палатасын жанама сайлау негізінде қалыптастырады. Бір таңқаларлығы, 18 елде парламенттердің жоғары палатасы тек тағайындау арқылы ғана құрылады. Парламенттердің екінші палатасын қалыптастырудың аралас нысаны (сайлау арқылы және тағайындау арқылы) 28 елде қолданылады. Қазақстан Республикасы өз Парламентінің жоғары палатасын қалыптастыру жолы бойынша осы 28 елден тұратын топқа кіреді. Бұл топта, сондай-ақ, Бельгия, Италия, Испания, Алжир, Индия, Малайзия, Тәжікстан, Өзбекстан, Ирландия және басқа да бірқатар мемлекеттер бар.
Демократиялық электоралдық қағидаларға сәйкес біздің елімізде жоғары палата депутаттарын – сенаторларды (32 депутат) жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауы арқылы қалыптастырады. Сенаттың тек шамалы бөлігін ғана (15 адам) Президент тағайындайды. Осылайша гендерлік тепе-теңдік реттеліп отырады, қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуі қамтамасыз етіледі, Сенаттың құрамына тәжірибелі саясаткерлер мен қажетті сала мамандарын енгізу жүргізіледі.
Сайлауды тікелей ел азаматтары емес, мәслихаттар депутаттары жүзеге асыратын болғандықтан, бұл сайлау жанама сайлау деп аталады. Сенат депутаттарын сайлауға ел халқының өзі тікелей неге қатыспайды деген орынды сауал туады. Бұл жерде Қазақстан Парламентінің жоғары палатасы республика өңірлерінің мүддесін білдіретінін, ал өңірлер, өз кезегінде, аудандық, қалалық, 14 облыстық мәслихаттарда және Астана мен Алматы қалалары мәслихаттарында өкілдік ететінін ескеру керек. Парламенттің жоғары палатасын бұлай қалыптастыру, жалпы алғанда, әлемдік үдерістер мен тәжірибеге сәйкес келеді.
Сонымен қатар, республика азаматтарының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын жанама сайлауға белгілі бір қатысы барын да айта кеткен жөн. Сенаторларды азаматтар төте дауыс беру арқылы сайлаған мәслихаттар депутаттары сайлайды, олай болса, Қазақстан Республикасының барлық халқының Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына жанама түрде қатысуы қамтамасыз етіледі деуге әбден болады.
Оның үстіне, Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңның 71-бабына сәйкес, еліміздің азаматтары өз кандидатурасын өзін өзі ұсыну тәртібімен ұсына отырып, бұл сайлауға тікелей қатыса алады. Осы орайда 2008 жылы 4 қазанда өткен Сенат депутаттары сайлауында ұсынылған барлық 88 депутаттыққа кандидаттың 72-сі (82 пайызға жуығы) өзін-өзі ұсынғандар болғанын айта кетсек те жеткілікті. Бұл – республика азаматтарының демократиялық ерік білдіруінің нақтылы көрінісі. Жоғарыда аталып өткендей, Сенат депутаттарын сайлау балама негізде жүреді. Бұл – республика бойынша бір орынға екіден кем кандидат ұсынылған бірде-бір өңірдің болуы мүмкін емес деген сөз.
Бүгінгі күні біздің елімізде әртүрлі деңгейдегі 213 мәслихат (облыстық, (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), қалалық, аудандық мәслихаттар) жұмыс істейді, олардың құрамына 3 мың 335 депутат сайланған.
Айта кетейін, бірқатар елдердің заңдарында парламенттің екінші палатасына балама негізде сайлау туралы норма жоқ. Қазақстанның балама сайлау қағидатын ұстануы оның сайлау үдерістері мәселелерінде демократиялық құндылықтарға бейілділігін көрсетеді. Сайлау туралы Конституциялық заңның 76-бабында тиісті ұйымдастырушылық-құқықтық тетік көзделген: «Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін кандидаттардың шығып қалуы нәтижесінде Сенат депутаттығына екіден кем кандидат қалған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиісті облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана), қалалық сайлау комиссияларының ұсынуы бойынша, өз қаулысымен сайлаудың мерзімін ұзартады, бірақ ол екі айдан аспауға тиіс». Мұнан әрі осы бапта «бұл жағдайда Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау туралы заңда белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады» делінген.
Егер депутаттарды тағайындауды демократиялық жанама сайлаумен салыстыратын болсақ, жоғары палата құрамын қалыптастырудың бұл тәсілі консервативтік әдіс деп аталады. Бірқатар дамыған демократиялық мемлекеттерде бұл – парламенттің екінші палатасын жасақтаудың айтарлықтай тұрақтанып қалған нысаны. Мысалы, Ұлыбританияда министрлер кабинетінің ұсынымы бойынша Патшайым өмір бойғы пэрлерді – Лордтар палатасының мүшелерін сайлайды. Бүгін мұндай мәртебеге иелер саны 676, бұрын екі есе көп болған. Лордтар өкілеттігінің мерзімі шектелмейді. Канадада Сенаттың барлық 105 мүшесін премьер-министрдің ұсынымы бойынша генерал-губернатор тұрақты мерзімге сайлайды және олар тек жасы 75-ке келгенше ғана Сенат отырыстарына қатысады. Неміс жерлері үкіметі мүшелерінен қалыптастырылатын Германия Федеративтік Республикасы Бундестагында өкілеттіктің белгіленген мерзімі жоқ. Жерлердің үкіметі оларды тағайындайды және өздері қайта шақырып алады. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 47 депутатының 15-ін қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету мақсатында республика Президенті тағайындайды.
Біздің елімізде және шет елдерде парламенттің жоғары палатасы депутатының мандатына кандидаттарға қандай талаптар қойылады?
Ең алдымен бұл – азаматтықтың болуы.
Шет елдердің заңнамаларын талдау азаматтықтың болуы туралы талап парламенттерінде екінші палатасы бар барлық дерлік елдерде жалпы мойындалған тәжірибе болып табылатынын көрсетіп отыр. Мұндай талап Австрия, Аргентина, Австралия, Беларусь, Бельгия, Индия, Ирландия, Испания, Италия, Колумбия, Малайзия, Марокко, Нидерландтар, Пәкстан, Польша, Румыния, Словения, АҚШ, Чили, Франция, Жапония сынды мемлекеттердің конституцияларында жазылған.
Мексика, Тайланд, Тунис пен Уругвайда заң шығарушы органның жоғары палатасының депутаттығына кандидаттың тумысынан сол елдің азаматы болуы талап етіледі. Чехия мен Египетте берген өтініші негізінде азаматтық алған тұлғалардың кандидат болу құқы бар. ГФР-да бұл талап мейлінше либералды: үміткердің бір жыл Германия азаматы болуы жеткілікті.
Сенат депутаттығына кандидатқа қойылатын басқа бір талап – азаматтың Қазақстан Республикасы аумағында соңғы он жыл тұрақты тұруы. Депутаттыққа кандидаттың мемлекет аумағында тұрақты тұруы туралы талап Польша мен Тунисте (кемінде бес жыл), Аргентинада (алты жылдан кем емес), АҚШ-та (он жылдан кем емес) белгіленген. Бұл талап болашақ сенатор халықтың мұқтаждықтарын, өңірдің және тұтастай алғанда өз елінің қажеттіліктерін білуі тиіс дегенді меңзейді. Осы көзқарас тұрғысынан келгенде, мұндай талапқа сай сенатор мемлекеттің заң шығару жұмысына халық мүддесін ескере отырып, белсенді әрі кәсіби деңгейде қатысады деп сенім артуға болады.
Біздің заңнама Сенат депутаттығына кандидаттардың жасына да қатысты бірқатар шектеулер қояды: Конституцияның 51-бабына сәйкес, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың жасы отызға толған болуы шарт. Аргентина, Беларусь, Египет, Индия, Колумбия, Малайзия, Марокко, Пәкстан, Польша, АҚШ, Уругвай, Франция мен Жапонияда сенаторлар үшін 30 жас ценз белгіленген. Бразилия, Румыния, Тәжікстан мен Филиппинде жасы кемінде 35-ке толған азамат сенатор бола алады. Сенаторлар үшін ең жоғары жас цензі Италия, Тайланд, Тунис, Чехия мен Чилиде белгіленген: бұл мемлекеттерде жасы 40-қа толмаған азамат Сенат депутаты бола алмайды.
Қазақстан Сенаты депутаттығына кандидаттардың жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Барлық елдер мұндай талапты міндетті деп санамайды. Сенаторларға білім деңгейі бойынша ценз белгілеген мемлекеттер қатарында Египет, Филиппин мен Тайланд бар. Мысалы, Тайландта Сенат (Витусапх) депутаттығына кандидаттың бакалавр дәрежесі болуы тиіс. Бұл дұрыс та, өйткені, заң шығарушы қызметпен кәсіби дайындығы бар адамдар айналысуы керек.
Осы талдауды қорытындылай келе, біздің елімізде Парламенттің құрылымы, сондай-ақ оның палаталарын қалыптастыру тәртібі жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді, депутаттық корпустың жоғары кәсіби деңгейін, қабылданатын заңдардың сапасын, сондай-ақ өңірлік мүдделердің елдің жоғары заң шығарушы органында тиімді білдірілуін қамтамасыз етеді деген тұжырым жасауға болады.
Оның сыртында, қазақстандық заңнамамен көзделген Сенат депутаттары сайлауының міндетті түрде балама жүйеде өткізілуі, оның ашықтығы мен айқындығы, сондай-ақ азаматтардың сайлауға өзін өзі ұсыну жолымен ұсынылған кандидат ретінде кеңінен қатысуына мүмкіндік берілуі Қазақстанның демократиялық сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге және дамытуға деген ұмтылысының дәлелі болып табылады.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.