Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан ДӘНЕНОВПЕН әңгіме
–
Бұл жыл еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық белгісімен өтуде. Осы жылдар бойы сіз сыртқы саясат саласында жұмыс істеп келдіңіз. Отанымыздың егемен ел ретінде жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз?
– Өткен жылдарда нені іске асыра алғандарымызды түпкілікті түсіну үшін біздің кешегімізге зер салып, барлығы неден, қалай басталғанын еске түсіру керек.
Тәуелсіздікті бойға сіңіру тез де тиімді, батыл да теңгерімді шешімдерді қабылдауды талап еткен жаһандық геосаяси сілкіністермен қатар жүрді. Бай табиғи байлықтарға ие болса да, қажетті инфрақұрылымдарсыз, қаржылық ресурстарсыз және инвестицияларсыз еліміз қиын әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіруге мәжбүр болды.
Алайда геосаяси орналасуы жедел ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын, әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын, теңгерімді сыртқы саяси бағытты әзірлеуді талап ететін, байтақ аумағы бар, аяққа енді тұрып келе жатқан мемлекеттің бұл жалғыз ғана проблемасы емес еді. Көптеген сарапшылар біздің елімізге «Балқан синдромы» деп аталатын ішкі жанжалдар мен ыдырауды таңған болатын. Арал теңізінің тартылуы Семей өңірінің экологиясы, тағы басқа көптеген проблемалар да еңсені езе түскен шақ-тын.
Мемлекеттің өміршеңдігін қамтамасыз ету жөніндегі күрделі оперативті міндеттерді шеше отырып, Президент Н.Назарбаев болашаққа бастаған идеялары мен бастамаларын сол жылдары ұсына бастады. Стратегиялық бағдарламалар әзірленді, алысты көздеген тарихи саяси шешімдер қабылдана бастады. Әңгіме бұл арада Еуразия идеясы, «Қазақстан-2020» даму стратегиясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы, Семей сынақ алаңын жабу, әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тарту жөнінде болып отыр. Одан кейінгі болған оқиғалар олардың ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды тұғыр болғанын растады.
Астананың көп векторлы сыртқы саясаты өзінің тиімділігін дәлелдеді. Еуропа мен Азия арасында орын тепкен, Қазақстан бәрі таныған өңірлік жетекші ел мәртебесіне ие бола отырып, Ресей және Қытай сияқты стратегиялық әріптестері мен Орталық Азиядағы жақын көршілерімен, сол сияқты Еуроодақпен, АҚШ және Жер шарының барлық құрлықтарындағы басқа мемлекеттермен де өзара тиімді және сындарлы әріптестікті дамыта бастады. Көп тарапты дипломатия пішіні бойынша да үлкен жұмыстар жолға қойыла бастады.
Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде (СІМК) төрағалығын атқаратын Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы байланыстырушы рөл атқаратынын бүгін көпшілік жақсы нышан ретінде бағалайды. Бірақ символдан бөлек, барлық дүниежүзілік қоғамдастық үшін нақты практикалық мүдделіліктің бар екені мәлім. Біздің халықтың бір ерекшелігі, мүмкін артықшылығы болар, оған батыстың да, шығыстың да менталитеті жат емес, әлемнің осы екі бөлігінде тұратын халықтардың игі ұмтылыстары бізге бірдей жақын. Астана жасампаз үнқатысуды нығайтуға өзінің ерекше үлесін қоса алатынын бүгінде бүтін дүние мойындап үлгерді десек, қателеспейтініміз анық.
Қазақстанның бүгін қол жеткізген табыстарының бәрі бірден бола қойған жоқ, әрине. Оның артында Президент, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың орасан зор интеллектуалдық, мемлекеттік қызметі, халықаралық беделі, халқымыздың ерен еңбегі, сондай-ақ төзімі мен шыдамы тұрды.
–
Соңғы жылдары БАҚ-тарда Францияның іскер және ресми топтарымен болған кездесулер, келіссөздер және сапарлар туралы әңгімеленетін материалдар жиі кездеседі. Әңгіме тұтастай алғанда не туралы жүріп жатыр, келіссөздердің нәтижелері қандай және олардың біздің ел үшін мәні қаншалықты?
– Шығыста айтады екен: «Артқа әрбір көз салған, алға екі есе көз тігуге тиіс» деп. Қазақстанның алғашқы екі онжылдығына көзделген міндеттер орындалды және бүгін біздің елдің алдында Мемлекет басшысының стратегиялық ұстындарынан шығатын жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларға бұрынғы жылдардағыдай қол жеткізу үшін біздің сенімді шетелдік әріптестердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін пайдалану маңызды. Ондай елдердің қатарына көп салаларда жетекші әлемдік ұстанымдарға ие және Еуропалық одақтың локомотивтері рөлінің бірін орындайтын Франция жатады.
Сондай-ақ Қазақстанның егемендігін бірінші болып таныған елдер ішінде Франция бар екендігін еске сала кеткім келеді. Соңғы үш жылда екіжақты ынтымақтастық айтарлықтай жандана бастады, Қазақстан-Франция қарым-қатынасы сапалы жаңа деңгейге, яғни ресми мәлімдемелермен шектеліп қалмайтын, нақты жобалар және қадамдармен расталатын нақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Франция Президенті Н.Саркозимен тұрақты түрде кездесіп тұратыны мәлім. Олардың келіссөздерінің тақырыптары сан алуан және мазмұны терең.
Біздің елдер және мемлекет басшылары өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа белгілі бір үлес қоса отырып, халықаралық аренада да белсенді өзара әрекеттесіп отырады. Бұл ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалық барысында нақты байқалды. Бұрын бұл тақырыпқа әңгіме айтқан болатынмын. Сондықтан тек бір ғана қағидаттық кезеңді атап өткім келеді, яғни ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясы алғаш рет Н.Саркозидің 2009 жылы қазанда Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция президенттерінің Бірлескен мәлімдемесінде көрініс тапқан болатын. Шын мәнісінде Париж осы Ұйымдағы еліміздің төрағалығы басталардан бұрын бірінші болып ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Н.Назарбаевтың идеясын ресми қолдады.
Екіжақты келіссөздердің бұдан да басқа көкейкесті бағыттары бар. 2010 жылы қазанда Парижде болған жоғары деңгейдегі кездесу кезінде екі ел президенттері әлемдік қаржы жүйесін реформалау, валюталық курс тербелісін болдырмау тетігін әзірлеу және азық-түлік пен минералдық шикізат рыногындағы бағаны реттеу бойынша пікірлерімен алмасты. Осы жаһандық мәселелерге қатысты әдіс-айла жағынан жақындық білініп, кейбір жерлерде тіптен өте ұқсастықтардың бар екендігі белгілі болды. Президент Н.Саркози Францияның Т20-дағы төрағалығы кезеңінде Астананың идеялары мен көзқарасын есепке алатынына біздің Мемлекет басшысын сендірді.
Қазақстанның ИКҰ СІМК-нің төрағасы ретінде жуырда болатын қызметі шеңберінде пікір алысулар өзінше бөлек жүруде. Бұл арада ИКҰ-дағы төрағалық араб әлеміндегі көтерілістер және шекараны көзге ілмейтін терроризм мен экстремизмнің қаупі сақталып отырған күрделі кезеңде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.
Егер біздің сыртқы саясатымыздың еуропалық векторы туралы айтатын болсақ, онда Франция біздің Еуропалық Одақпен (ЕО) ынтымақтастық шеңберіндегі сенімді әріптес болып табылады. Сондай-ақ Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру және визалық режімді жеңілдету туралы Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты хаттамаға Қазақстанның қол қоюы жөніндегі мәселеде де Астана Париждің нық қолдауына сенім артады.
–
Сіз қазақ-француз экономикалық ынтымақтастығы қаншалықты табысты деп есептейсіз және оның нәтижелеріне қандай баға бересіз?
– Экономикалық ынтымақтастық айтарлықтай табысты дамуда, ол екіжақты қатынасымыз үшін өте маңызды да мазмұнды сала болып табылады. Мәселен, екі ел арасындағы электровоз құрастыру және портативтік радиостансалар өндірісі бойынша ірі жобалардың, авиация және ғарыш саласындағы жобалардың, қайталама қуат көздері мен күн батареясы панелінің қазақстандық тазалығы жоғары кремнийінің өндірісі жөніндегі бірлескен жобалардың болашағы зор. Францияның Күн қуаты ұлттық институты сарапшыларының берген бағасы бойынша, біздің фотовольттық элементтеріміз өздерінің сапалық сипаттары жағынан олардың әлемдік баламаларынан асып түседі.
Десек те, жан-жақты тоқталғымыз келген бірқатар аспектілер бар. Бір қарағанда өнеркәсіптік технологиялар трансфері мүлдем қарапайым нәрсе болып көрінуі әбден мүмкін және француздар басынан бастап-ақ бізбен барлық өнеркәсіп құпияларын бөлісуге, ондаған жылдар бойғы байқау мен қателер сынағынан өткен «нау-хауды» беруге, біздің мамандарға кәсіптің барлық ұңғыл-шұңғылдарын үйретуге дайын екендіктерін білдіріп отыр.
Француздық әріптестеріміздің пікірінше, Қазақстанда инженерлер мен кәсіби техникалық мамандар жетіспеушілігі жергілікті мазмұндағы міндеттерді орындауды қиындатады. Сонда да болса, нағыз білікті инженерлер мен кәсіби жұмысшылар мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ал олардың халықаралық стандарт бойынша сертификациясына келетін болсақ, ол басқа мәселе. Осыған байланысты Жамбыл облысындағы Мыңарал қыстағы маңындағы жоғары технологиялы және энергияны сақтайтын құрғақ әдіспен цемент өндірісі бойынша бірлескен зауыт салу нақты мысал бола алады. Зауыттың ерекшелігі сонда, оның құрылысы туралы келісім-шарт 2008 жылы Мемлекет басшылары арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қоюмен бір уақытта жасалған еді. Өз рыногында үшінші орын алатын француз компаниясы бұл жобаға 230 миллион еуро инвестиция салды. Құрылыс 2010 жылы қыркүйекте аяқталып, жоғары сапалы өнімнің алғашқы партиясы қазақстандық тұтынушыларға сол жылдың желтоқсанында жеткізіле басталды.
Әрине, цемент өндірісі аэроғарыш, радиоэлектроника немесе атом саласы сияқты инженерлерді соншалықты мұқият терең дайындауды талап етпейді. Алайда француз әріптестеріміздің цемент жобасындағы практикалық істерінің айтарлықтай пайдасы мол. Француздар Қазақстанда керекті мамандардың жетіспеушілігін үлкен әңгіме-дүкенге айналдырмай, Алматыда инженерлік персоналды іріктеп табуды байыппен жүргізіп, Мыңарал қыстағына техникалық қызметкерлерді алып келді. Басқарма төрағасы етіп французды, бас директоры етіп қазақты қойды. Нәтижесінде зауыт штаттық кестемен жұмыс істеп, сапалы өнімге деген сұраныс өндірістік мүмкіндіктен айтарлықтай асып түсті.
Шын мәнісінде бұл Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігінің бір көрінісі ғана.
–
Мемлекет басшысының соңғы ұстынын есепке ала отырып, сіз Францияның инновацияны мемлекеттік қолдау саласындағы тәжірибесіне қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Инновациялық экономиканы құру ісінде халықаралық бүгінгі тәжірибе және біздің әріптесіміздің әлеуеті керек болатыны күмәнсіз. Француздар инновациялық бизнесті қаржыландыруда үлкен нәтижеге жетіп отыр. Негізгі көмекті мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікке жасауда. Өйткені, ірі компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (НИОКР) бөлетін қаржылары жеткілікті.
Францияның әлемдік рынокта аэроғарыш саласы, атом өнеркәсібі, телекоммуникациялық қондырғылар, автокөлік жасау, фармацевтика мен косметикада жетекші орын алатыны мәлім.
Үкімет елдің жаһандық қатаң жарысқа түсуі жағдайындағы инновациялық дамуының шешуші мәнін әбден түсінеді. Сөйтіп, 2009 жылы француздар инновациялық даму жолында секіріс жасау қажет деп шешті. 35 миллиард еуро мөлшерінде ірі мемлекеттік несие бөлу ісі ұйымдастырылды. Жоғары білім беру мен кадрларды кәсіби дайындау модернизациясына 11 миллиард еуро, ғылыми зерттеуге – 8, өнеркәсіп, жоғары технологиялық шағын және орта бизнесті дамытуға – 6,5 экологиялық бағдарламаға 4,5 миллиард еуро бөлінді.
Франция үшін инновацияның қаншалықты маңызды екендігін жақсы түсіну үшін бұл ірі қаржы құюлар мемлекеттік бюджет тапшылығы 149 миллиард еуроны немесе ІЖӨ-нің 7,7 пайызын, ал мемлекеттік қарыз 1591 миллиард еуроны немесе ІЖӨ-нің 82,9 пайызын құраған дағдарысты және дағдарыстан соңғы кезеңде болып отырғанын атап өткен жөн.
Қорытындылай келе айтқанда Қазақстан үшін дамыған елдердің, соның ішінде Францияның тәжірибесін зерттеп, пайдалану маңызды екенін тағы бір қайтара атап көрсеткім келеді. Сонымен қатар, Франциямен біздің стратегиялық әріптестігіміз өзінің жемісін беріп отырғандығын тағы да көлденең тартсам деймін.
– 27-28 маусым күндері Франция үкіметінің басшысы Франсуа Фийонның шақыруымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Францияға – Еуропалық Одақтағы елге өзінің тұңғыш ресми сапарын жасайды. Бұл сапардың мақсаты неде?
– Бұл сапар Қазақстан-Франция әріптестігін нығайтуға жасалатын маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр. Және де өзара іс-қимыл үдерістерінің дәйектілігі мен үздіксіздігі сипатына басымдық берілетінін айғақтайтын сапар болмақ. Сапардың негізгі мақсаты Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылау, аса маңызды жобаларды ілгері жылжытуға жаңа серпін беру және алдағы кезеңдерде жоғары деңгейде қарастырылатын жаңа бастамалар бойынша жоспар түзу болып табылады.
Келіссөздер кезінде Қазақстан басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға орай елімізде жетекші технологияларды енгізу, инновациялық өндірістер құру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және отандық кәсіпорындардың өнімділігін жоғарылату мәселелеріне баса назар аударылатын болады. Атап айтқанда, француздық әріптестеріміздің мұнай кәсіпорындары мен металлургия саласы үшін кәсіпорындық газ өндіру, қуат үнемдеуші және табиғат қорғау технологияларын енгізу, инновациялық кәсіпорындарды венчурлық қаржыландыру сияқты жаңа ұсыныстары талқыланатын болады. Сонымен қатар, жақын болашақта екі елдің әуе компанияларына Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатынасының жүзеге асыруларына мүмкіндік беретін уағдаластықты бекемдеу көзделіп отыр.
Қазақстан-Франция ынтымақтастығы саяси және экономикалық әріптестіктермен ғана шектелмейді. К.Мәсімовтің алдағы сапары барысында 2010 жылы Қазақстанда Франция мәдениетінің маусымын, ал 2014 жылы Францияда Қазақстан мәдениетінің маусымын өткізу бойынша құжатқа қол қойылады. Осылардың барлығының жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тағы бір мәрте нақтылай түсетіні күмәнсіз.
Әңгімелескен Самат МҰСА.