25 Маусым, 2011

Өткен жылғы бюджет мақұлданды

322 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бірақ көңілде біршама түйткіл қалды 2010 жылға арналған Республикалық бюд­жеттің орындалуы туралы, Үкімет пен Рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің есептері Парла­менттің екі палатасында да, барлық көрсет­кіш­терімен жан-жақты талқыланып көптеген ұсыныс, пікірлер айтылғаны белгілі. Сон­дық­тан да оларды қайталамастан, Үкіметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін, сондай-ақ, Елбасының халыққа Жол­дау­ларынан туындайтын тап­сыр­малардың орындалуын қам­тамасыз еткендігін айта оты­рып, осы бюджеттің орындалу барысында бюджеттің сапалы орындалуына кері әсерін тигізетін кейбір өзекті мәселелерге тоқталған жөн ғой деп есептеймін. Ол, біріншіден, бюджеттік жоспарлау сапасының қажетті деңгейде бол­мауы. Бюджеттің кіріс және шығыс бөлік­те­ріне әсер етіп, оның негізгі параметрлерін нақ­тылауға әкеліп соғатын макро­эко­но­ми­ка­лық көрсеткіштер жыл сайын төмен болжануда. Болжамдық көрсеткіштерді нақтылау аса «сақтықпен» жүзеге асырылған. Мысалы, әлеу­меттік-экономикалық даму көрсеткіш­те­рі­нің 2011-2015 жылдардағы болжамына сәй­кес, ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 2014 жыл­ға қарай 103,9% деңгейінде жоспарлан­ған. Жыл қорытындысы бойынша 2010 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 107 пайызды құрағаны бәрімізге белгілі. Осы жерде «бюджеттің кіріс бөлігінің асыра орындалу себебі субъективті сипатта емес пе?» деген сұрақ туындайды. Екіншіден, Парламент депутаттары бюд­жет қаражатының уақтылы және сапалы, әрі толық игерілмеуіне жол берген лауазымды тұл­ғалардың жауапкершілігін күшейту тура­лы мәселені түрлі деңгейде, бірнеше мәрте көтерген болатын. Өткен жылдардағы сияқты 2010 жылы да Үкімет бюджеттің толық атқа­рылуын қамтамасыз ете алмады, бюджеттің екі рет нақтыланып, 16 рет түзетілгеніне қа­ра­мастан, 37,5 млрд. теңге игерілмей қалды. Мәжілістің жалпы отырысында атап өтіл­генін­дей, 41 бюджеттік бағдарлама әкімші­сінің тек 15-і ғана бюджеттің 100 пайызға атқарылуын қамтамасыз еткен. Бөлінген қаражаттың игерілмеуінің негізгі себептері «созылмалы» сипатқа ие. Депутаттардың «Үкі­мет бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген және ведомство алдына қойылған міндеттердің атқарылуына қол жеткізбеген әкімшілерге қандай шаралар қолданды» деген сұрақтары да жауапсыз қалып отыр. Үшіншіден, кредиторлық және деби­тор­лық берешек сомалары жылдан жылға ұлғая түсуде. Сөзім дәлелді болу үшін дебиторлық берешек серпінін мысалға келтірейін: ол 2006 жылы 16,6 млрд. теңге, 2007 жылы 34,6 млрд. теңге, 2008 жылы 53,7 млрд. теңге, 2009 жылы 74,4 млрд. теңге болса, 2010 жылы 120,3 млрд. теңгені құрады. Қалыптасқан дебиторлық бере­шек­тердің басты себебі, бір сөзбен айтқанда, бюджет қаражатына әкім­шілік ету сапасының төмендігі. Төртіншіден, жылдық сомалар­дың айларға дұрыс бөлінбеуі, яғни айлар бойынша қаржыландыру жос­парының дұрыс жасалмау прак­тикасы сақталуда, қаражаттың не­гізгі бөлігін бюджеттік бағдар­ла­малар әкімшілері қаржы жылы­ның соңына жоспарлайды. Бюд­жеттік бағдарламалар әкімшілеріне респуб­ли­калық бюджет қаражатының есепті жыл­дың соңында аударылуы оның ауқымды бөлі­гі­нің игерілмей қалып, бюджетке қайтарыла­ты­нын немесе дебиторлық берешектің ұлғайып, белгіленген жоспардың орындал­мауына әкеліп соғатынын көрсетіп отыр. Бесіншіден, өткен жылдардағы сияқты есепті кезеңде де, жергілікті атқарушы органдар уақтылы бөлінген трансферттердің 25,1 млрд. теңгесін игермеген. Соның салдарынан инвестициялық жобалар уақтылы іске асырылмай, тиісінше әлеуметтік және өндірістік мақсаттағы жекелеген объектілер белгіленген мерзімдерінде пайдалануға берілмеген. Басқаны айтпағанда, Парламентте, кезекті жылға арналған бюджетті қарау кезінде, жыл сайын депутаттардың ұсынысымен салалар­дағы проблемаларды шешуге қосымша қара­жат көзделген бағдарламалардың өзі толық игерілмеген.    Қаражаттың игерілмеуінің не­гіз­гі себептері – мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындамауы, жұмыстарды орындау кестесінен кешігуі, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізудің ұзаққа созылуы, жобалық-сметалық құжаттаманың кеш бекітілуі секілді субъек­тивтік сипатта. Өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыру тетігі жеткілікті дең­гейде реттелмеген, әрі республикалық және жергілікті деңгейде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауаптылығы көзделмеген. Алтыншыдан, квазимемлекеттік сектор субъектілері республикалық бюджеттен бө­лін­ген қаражатты тиімді пайдаланбайды. 2010 жылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға республикалық бюджеттен 284,7 млрд. теңге көлемінде қомақты сома бөлінді.       «Халықтық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Заңына сәйкес бәсекеге қабілет­тілікті, халықтың әл-ауқатын арттыру және ұлттық экономиканы орнықты дамыту қор қызметінің негізгі мақсаты болып бекітілген. Қазіргі экономиканың жаһандану және ха­лық­аралық экономикалық бәсекеге қабілет­тіліктің өсуі жағдайында, бәсекеге қабілетті ұлттық салалар мен өндірістерді ашудың маңызы аса зор екені баршаға аян. Алайда, елеулі қаражатты квазимемлекеттік секторға құю тиімділігі мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Мәжіліс отырысында әріптестерім тарапынан бүгінгі таңда нақты іске қосылған зауыттар мен фабрикалар тура­лы кім айта алады? Экономикамыздың бәсе­кеге қабілеттілігі қаншалықты артты? Есепті жылда біз неге қол жеткіздік? деген заңды сауалдар туындады. Бүгінгі таңда, біз ұлттық хол­дингтер мен басқа да даму институт­тарының көптеген еншілес және өзге де бөлімшелер құруын, яғни көп сатылылықты, функциялардың қайталанып, шығындардың ұлғаюын, мемлекеттік активтерді пайда­ланудың ашық болмауын көреміз. Жетіншіден, қаржылық заң бұзушылық­тың орын алуы әлі де жалғасуда. Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ұсы­нылған есептерінде жүргізілген бақылау іс-шараларының саны туралы, анықталған заң бұзушылықтар сомалары мен пайдаланылған қаражаттың тиімсіздігі туралы және т.б. деректер жеткілікті. Алайда, аталған заң бұзу­шылықтарға жол берген азаматтарға қолда­нылған шаралар туралы ақпарат жоқтың қасы. Бюджетке қайтарылған қаражат сомасы анықталған заң бұзушылықтар сомасымен салыстырғанда мүлдем мардымсыз. Тағы бір айта кететін жағдай, есеп комитетіне, өткен жылдардағы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы қорытындыны тал­қылау барысында, есепте тек өткен қаржы жы­лындағы тексеру деректерін көрсету ұсы­нылған болатын. Алайда, енгізіліп отырған есепте бұл ұсыныс орындалмаған, есепте ал­дың­ғы жылдардағы бақылау іс-шараларының деректері мен анықталған қиғаштықтар сомасы қамтылған. Жоғарыда айтылған барлық мәселелер жұ­мыс тобының отырыстары мен палата отыры­сында егжей-тегжейлі талқыланды. Үкімет үстіміздегі жылдың есебін талқылау бары­сында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсыныстарды міндетті түрде ескеруі қажет деп есептейміз. Әрине, сөзіміздің соңында әділдік үшін Үкі­мет ұсынған 2010 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп­тің бұрынғыларға қарағанда сапалы жасалып, көрсеткіштер құрамының кеңейтілгенін, есеп­тік-талдамалық базаның жақсарып, бюд­жеттің жекелеген баптарының орындалу негіз­демесі деңгейінің артқанын айта кетуіміз керек. Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты.