Парламенттің бірлескен және жалпы отырыстарында депутаттар көпшілікті толғандыратын мәселелер туралы депутаттық сауалдар жолдап, олардың оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Онда көтерілген проблемалардың ішінде аса өзекті әрі өткірлері де көптеп кездеседі. Біз бүгін сенаторлар тарапынан жолданған сауалдардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Тәуелсіз мемлекетімізге 20 жыл толып, бір ұрпақ өсіп шықса да, біздің Үкімет мемлекеттік дәрежеге жеткізе алмаған түбірікті мәселе – мектеп оқушыларына арналған оқулықтар сапасы. Бұл туралы жиырма жыл бойы дамылсыз айтылып жүр. Жай айтылып жүрген жоқ, қоғам тарапынан да, ата-аналар тарапынан да, БАҚ-тар тарапынан да толассыз көтеріліп келеді. Әсіресе, бастауыш сыныптарға арналған танымдық оқулықтар, орта және жоғары сыныптарға арналған тарих, әдебиет, дүниетаным, тағы басқа да оқулықтар заман талабынан артта қалған. Жасөспірімдер үшін түсініксіз, тартымсыз, дарынсыз жазылғаны туралы шағым-арыздар да жеткілікті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдағы 20 жылға дейінгі стратегиялық дамуымыздың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Сол бағыттардың талабына оқулықтар сай келе ме?», делінген Сенат депутаты Қуаныш Сұлтановтың Премьер-Министрге жолдаған сауалында.
Сенатор бұған мысал ретінде қазақ мектептерінің 6-сыныбына арналған ағылшын тілі оқулығын келтіреді. Сауалда көрсетілгендей, Білім және ғылым министрлігі бекітіп, «Атамұра» баспасынан 2006 жылы шыққан 6-сыныптың «English» оқулығындағы (авторлары – Т.Аяпова, З.Әбілдаева) мысалдардың көпшілігі Ресейге тән. Жер-су атауларының көпшілігі орыстікі. Ең қиянаты, «Болашақ» деген тараудың 121-ші бетінде карта берілген. Онда Қазақстан атауы атымен жоқ, Ресейдің құрамына кіріп кеткен. Осындай оқулықты министрлік екінші басылыммен таратқан.
«Бұл не? Болашаққа жастарды осылай өз Отанынсыз дайындау ма? Жоқ әлде оқулық қабылдауға немқұрайлылық па?» деп жалғастырады сөзін депутат. Мұндай оспадарлық үшін кім жауап беруі тиіс? Ұсынысым – Үкімет Президент Жолдауына сәйкес арнайы «Оқулық» атты жаңа бағдарлама жасағаны орынды болар еді. Барлық оқулықтар түгелдей дерлік өте жоғары дәрежедегі мамандар топтарының сараптамасынан өтуі тиіс. Оқулыққа байланысты өткізілетін тендерлер түгелдей бақылауға алынуы қажет. Адамның рухани санасы мен дүниетанымын қалыптастыратын, сондай-ақ, жаңа технологияларға жол ашатын пәндерді қатаң сараптама сүзгісінен өткізіп, Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауына бейімдеу ісі жүзеге асырылса, біз тәуелсіздігіміздің болашағына да алаңсыз болар едік».
Сенат депутаттары Бақберген Досманбетов пен Қожахмет Баймаханов Үкімет басшысына жолдаған сауалдарында салық салу, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелерін көтереді. «Ресей Үкіметі мен Қазақстан Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беруге қатысты келісімнің 6-бабы негізінде қалалық әкімдікті әкімдік басшысының ұсынысымен Ресей үкіметі құрылымдайды. Осыған байланысты жалға алу кезінде Байқоңыр қаласының аумағында Ресейдің салық заңнамалары жұмыс істейді, деп көрсетілген сауалда. Қалада орта және шағын бизнеспен 843 субъект айналысады. Оның 801-і жеке кәсіпкерлер. Байқоңыр қаласында азық-түлік тауарларының бағалары Қызылорда қаласымен және жақын ауылдармен салыстырғанда едәуір жоғары».
Депутаттардың сауалдарына қарағанда, Қызылорда қаласында тұз 25 теңге болса, Төретамда – 30 теңге, ал Байқоңырда – 60 теңге. Күріштің бағасы Қызылордада 100 теңге болса, Төретамда – 125 теңге, Байқоңырда 250 теңге екен. Сенаторлар баға алшақтығының себептерін де көрсетеді. Мысалы, Байқоңыр қаласына келетін тауарлардың 85 пайызына Қазақстанның 12 пайыз қосымша құн салығы салынады және соның жалпы құнына Ресейдің 18 пайыз қосымша құн салығы тағы қосылады. Бұл өз кезегінде тауарлар бағасының артуына тікелей әсер етеді.
«Байқоңыр қаласында кәсіпкерлік қызметті дамыту мәселесі де маңызды болып отыр, делінген сауалда. Өйткені, оның дамуына бірқатар кедергілер әсер етеді. Осы кедергілерді жою үшін төмендегідей мәселелерді шешу қажет. Біріншіден, қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерінің барлығы Ресей заңнамаларына сәйкес қабылданғандықтан, Ресейдің заңнамаларын Қазақстан аумағында қолданғанда келіспеушіліктер туындайды. Сол себепті тиісті бағдарламалар және қаулылар қабылдап, кәсіпкерлікке қолдау көрсету керек».
Осыған байланысты сенаторлар жалға берілген орынның жалдық ақысын есептегенде, көтеріңкі коэффиценттерді қайта қарауды, жер учаскелеріне қосалқы жалгерлік келісімді 5 және одан көп жылға жасауды, қосалқы жалға алушы қосалқы жалгерлік құқығын басқа тұлғаға беруге құқық беруді және болуы мүмкін кірісіне бірыңғай салық ставкасын есептеуде коэффиценттерді (К-2) белгілеуді ұсынады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.