Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде ведомство басшысы Нұрғали Әшімнің төрағалық етуімен және еліміз Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченконың қатысуымен «Табиғат пайдаланушылармен экологиялық заңнаманың сақталуы туралы» мәселесін талқылаған министрліктің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Оған мемлекеттік орындардың жауапты қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Сағынбек Мұташев өз баяндамасында құқық бұзушылықтардың төмендеуі табиғат пайдаланушылардың жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған министрліктің табиғат қорғау саясатының іске асырылуының нәтижесі болып табылатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ол бұл тұста заң бұзушылықтардың алдын алуға және өндірістік бақылауды күшейтуге бағытталған бақылау инспекциялық қызметті реформалау да үлкен маңызға ие екендігін назардан тыс қалдырмады.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко табиғат қорғау заңнамасының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретін прокуратура органдарының ұйымдастырылуымен жүргізілген тексерудің маңыздылығын атап өтті. Алқа отырысында штаттан тыс жағдайлар нәтижесінде техникалық жабдықтау жұмысында алаулардағы ілеспе газдарды жағу есебінен зиянды заттар шығаруға тұрақты түрде жол беретін кәсіпорындардың жұмыстары да айтылды. Олардың қатарында «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг компании Б.В.» сынды компаниялар бар.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Арселор Миталл Теміртау» АҚ және «Қазцинк» ЖШС сияқты ірі металлургиялық комбинаттарында шаң және газ тазартқыш жабдықтарды пайдалану ережесінің бұзылуы, оның ішінде шаң және газ тазартқыш құбырларының тесілулері мен бұзылулары орын алған. Өткен жылы ғана еліміз бойынша экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жалпы сомасы 5,8 млрд. теңгеге 8203 айыппұл салынып,оның 5,02 млрд. теңгеге 7142 айыппұлы өндірілген.
Басқосуды қорытындылай келе министр Нұрғали Әшім табиғат пайдаланушылар экологиялық заңнама талаптарын сақтауға ішкі бақылауларды күшейтулері мен табиғат пайдалануға рұқсат құжаттарын алу кезінде әзірленетін табиғат қорғау іс-шараларын толық көлемде іске асырулары керектігін жеткізді. Сонымен бірге өндірістік нысандарда штаттан тыс жағдайларды болдырмауға бағытталған шаралар кешенін әзірлеулері тиіс екендігіне ерекше тоқталды.
Жиын соңында ведомство басшысы БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау саласын көрсетуге үлес қосуда белсенділік танытып жүрген журналистерге арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпаттар жасады. Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкерлеріне «Экология ісінің үздігі» атағын табыс етті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.