25 Маусым, 2011

«Улы Сталин»

733 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
БІР ТҮЙІР ҚОРҒАСЫН ХИКАЯСЫ Батыр да бір оқтық дейді... Тарының түйіріндей ғана қорғасын тіршілік иесінің өмірін тоқтата ала­ды. Әрине, бұл ұрыс жағда­йын­дағы оқиға. Бейбіт өмірде иненің жасуындай қорғасынның оққа ай­нал­маған бір түйірі де бейкүнә жанн­ың тағдырын қыл ұшына байлай алады екен! Мен мұны тоқ­сан­ның төріне жақындаған қарт журналист Ханымбүбі Ақжолова апам­ның өз аузынан естідім. Аяулы әзіз жанның алпыс жылдан соң ақ­та­рып жайып салған жан сырынан жа­ным түршікті, жағамды ұстадым! Өткен ғасырдың 70 жылдары... Аудандық газетте жүргенімізде бізден ит көйлекті бұрындау тоздыр­ған Жұматай мен Базарбек, Мұха­мет­жан есімді әріптес ағаларымыз ол кісіні «арыстан апа» деп атар еді. Әрине, көзінше айтпайды, айту үшін де жан керек шығар... Ал біз, 20 жастың ар-жақ бер жағындағы редакцияның «бозөкпелері», неге еке­нін қайдам, ләжі болса ол кісі­нің атын атамауға тырысып баға­тын­быз. Апталық лездеме үстінде әлгі батыр ағалары­мыз­дың өзі «арыстан» туралы ұмытып, абайлап сөйлеп «апалап» қалатын. Жал­ғыз редакторымыз ғана әңгіме­сін «Ханеке» деп бастар еді. Білетініміз – апамыз қазақтың тұңғыш ашылған қызыл журналистика инс­ти­тутының қарлығаш-түлегі. Жұрт­тың бәрінің мысын басып, қайбірі­нің құтын қашырып жіберетін басты қасиет сол «қызыл журналис­ти­ка­ның» құдіретінде емес пе екен деген балаң ой кейде қылаң беріп қалатын. Қалай десек те, көнекөз һәм жәдігер апамыздың өзіне ғана лайық сұсты мінезі, салмақты болмысы бар еді. «Пар­тия солдаты» деген идеоло­гия­лық ұғымның түп-төркініне де сол жылдары «арыстан апамыздың» қи­мыл-қарекетінен қаныққан­дай­мыз. Апамыздың шынысы да, мүйізі де қалың көзілдірігін қолына алып, түюлі қабағымен көзіңе тіктеп қа­рап, хал-жағдайыңды сұрағанының өзіне сынақ үстіндегі солдаттай сас­қалақтайтынбыз. Ертеңгісін «Газет неге кешікті?» деген сұрауының қор­ғасындай салмағы туралы тәптіштеп айтудың өзі бір ғанибет. Онысы газет неге уақтысында жарыққа шық­пады дегені, ол кісі газеттің редак­торы болмаса да, редакциядағы партия ұйымының хатшысы. Еңбек тәр­тібін қадағалау тікелей міндеті. Өтірік айтуға қақың жоқ, жауапты хатшы болған соң, бәрін де бастан- аяқ баяндап шығуға мәжбүрсің. Оның үстіне, өзі қадап айтқандай, партия қатарына өтуге үміткердің бірі емеспін бе?! Айтпақшы, менің пар­тия қатарына өту үшін аупарт­комға барғанымның өзі бір жыр. Әлі есімде, апам мені бюроға ертіп әкелді. Дайындығым тастай. Коммунистік партияның жарғы­сы­нан бастап, осыны сұрап қалар деген жайттың бәрін жаттап алған­мын. Бюроға бірінші кірген орыс жігітінің кіруінен шығуы тез бол­ды. Ендігі кезек менікі. Ішке кірсек, төрде әйгілі актер Жантөрин­нен аумаған бір пенде отыр. Үлкен бөлменің бір қабырғасына қаз-қатар қойылған қызыл орын­дық­тарға бір қауым ел қаздай тізіліп жайғасыпты. Бірінші хатшының алдындағы ұзынша үстелде де ентелей, үймелей отырған адам. Бірінші хатшы қол астындағы қағаз­ға шұқшиып міз бағар емес. Мы­надай ортада, әрине, торға түскен торғайдай күй кештім. Бірінші хатшы мен пақырға көз де салған жоқ. Ақжолова апам ор­нынан тұрды. Бірден байқағаным, өзімізге, көзімізге таныс маңғаз апам маған әлденеден именіп тұр­ғандай көрінді. Бұрын-соңды біз естімеген бәсең дауыспен аты-жө­німді қызметімді, журфактің үшін­ші курсында сырттай оқитынымды тігісін жатқызып оқып берді. Дауы­сы қарлығып, қайта-қайта жөткі­рін­ді. Бүкіл аудан бойынша беделі бес батпан «арыстан апамның» мына­дай күй кешкенін алғаш көруім. Бірінші хатшы енді маған мойын бұрды. «Жамбыл ауданында қанша сауыншы бар?» «Апырай, мұндай да сұрақ болады деп кім ойлаған?» Әр тоқсан сайын сауыншылардың көрсеткіш қорытындысының тізімін беріп жүретін аудандық газеттің жауапты хатшысы емеспін бе?! «Үш қатардан боргеспен терілгенде тоқсан жол, корпуспен терілсе сексен жол, бас тақырыбын алып тастағанда...» деп жандалбасалап жатып, есептің жауабын дәл табуға қалғанда, «Қанша жылқы­шы бар? Қанша шопан және оның қанша көмекшісі бар?» деген сұ­рақ­тар маған қарай пулеметтен ат­қан оқтай жауды. Есеңгіреп қал­дым. «Жас екен, келесі жылы да­йынд­алып келсін! Партия хатшысы да... дайындалсын!» деп нығырлай айтылған соңғы сөз де есімде. Түсіндіңіздер ме, келесі жылы! Апам­да үн жоқ. Қатты қобал­жы­ғаны білініп тұр, көзілдірігін бір киіп, бір шешіп әлек. Осы сәт Жұматай Қалығұлов ағамның «Бұл кісі партиядан таяқ жеген адам, Сталиннің заманында бір әріп үшін атылып кете жаздаған» деген бір әңгімесі еске түсті. Алайда апамыз алпыс жыл ішінде сақтаған, адам тағдырына араласқан бір түйір қорғасынның сырына араға ширек ғасыр уақыт салып қанықтым... Бір кездегі «Большевик жолы», «Сталин жолы», «Екпінді еңбек» атауларын өзгертіп, «Атамекен» атауымен жарыққа шығып жатқан қасиетті қара шаңырақ – Жамбыл аудандық газеті 80 жылдық туған күнін атап өтуге құлшына дайын­далып жатқан. Жастық өмірінен бастап зейнет жасына дейін осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан қаламы қарымды журналист Ханымбүбі Ақжолова апамыз өз газетімен замандас әрі мұңдас. Содан да оны көлікке отырғызып, баяғы өзіміз бірге қызмет еткен аудандық газеттің редакциясына алып келгенім бар. Тастан қалан­ған ғимараттың бергі есігінен ре­дакцияға кіріп, екеуміз одан әрі бас­паханаға бас сұқтық. Бар жүйе компьютерлендірілген. Шағын цех­тағы Ұлтуғанның бет қаттайтын қаңылтырмен тысталған қара үс­телі мұражайдың жәдігеріндей, жас­тығымның айнасындай көзіме оттай басылды. Баспахананың қа­ңы­рап тұрған бар бөлмесін арман­сыз аралап жүрген апам да осы жерге келгенде кідірді. «Балам, бері таман келші» деп мені кішкене терезенің тұсына жақын шақырды. Әмиянын ашып, ішінен мұқият бүктелген бармақтай сары қағазды алды. Ашты. Әбден умаждалған са­ры қағаздың ішінен иненің жа­суын­дай бір түйір қорғасын шықты. ...1949 жыл. «Сталин жолы» газетінің кезекті саны шыққан алакеуім таң «аттандаған» төтенше оқиғамен басталыпты. Газеттің редакторы Ханымбүбі Ақжоло­ва­ны НКВД-нің екі қызметкері үйі­нен дедектетіп, баспаханаға алып келеді. Түкке түсінсе бұйырмасын. Әйтеуір жүрегі бір жамандықты сезгендей. Баспаханадағы газет басу машинасының жанында аудан­ның бірінші хатшысынан бастап, тіпті облыстың мүйізі қарағайдай белсенділері абыр-сабыр жүр. Өңдері өрт өшіргендей. Атынан ат үркетін мекемеде қызмет атқара­тын бейтаныс азаматтар да бар­шы­лық. Газет басушы жас жігітті аудандық милицияның түрмесіне қамап тастапты. Көзі шарасынан шыққан бірінші хатшы қолындағы газеттің бірінші бетін редактордың тұмсығына тақап «Жолдас Ақ­жолова, мынау не масқара?» дегенде барып мән-жайға қанықты. Газеттің бірінші бетіндегі үлкен әріппен басылған «Улы Сталин жасасын!» деген жазуға көзі түсті. Жүрегі аузына тығылып, басы ай­налып, құлап түсті. Есін жиса, әлдекімдер су бүркіп жатыр екен. Ол заманда қазақ әліпбиіндегі қа­зіргі «ұ» әрпінің рөлін төбесіне сы­зықша қойылатын «у» әрпі орын­дайтын. Әбден ыңыршағы шыққан ескі баспа мәшинесі селкілдеп, зырылдап бергенде сол «у» әрпінің үстіндегі сызықша ұшып түскен. Газет басушы байқамаған. Ұлы Сталин бірден «улы» болып шыға келген. Редактордың түннің бір уағында «Басылуға рұқсат» деп қол қойған газеті табылып, ондағы «Ұлыға» көздері жеткен құпия қызметтің агенттері коммунист Ақжолованың бұл әрекетті әдейі жасамағанына аз-кем иланғандай сыңай танытады. Жұрт баспа мәшинесінің айналасын сүзгілеп, кездейсоқ ұшып кеткен «у» әрпінің төбесіндегі түйір қорғасынды жа­нын шүберекке түйіп іздейді... – Апаңның көретін күні алда екен, жапа-тармағай іздеп, осы биттей қорғасынды тауып алдық... аман қалдым, сол күні-ақ алып кететін еді... несін айтасың, балам-ай! Редакторлық қызметтен босат­ты, партиялық қатаң сөгіс жариялап, газетте кіші қызметке қалдыр­ды. Сыртымнан бәрібір қауіпті «контра» ретінде бақылау қойыл­ды. Газет басушы жігіт салғырт­ты­ғы үшін ит жеккенге айдалды, одан арғы тағдыры маған беймәлім... – деген аяулы жанның күңгірт дауы­сы тарихи топалаңның сол кезең­дегі адам тағдырын ойыншыққа айналдырған азапты жылдарының азалы сәттерін көз алдыма елестетті. Адамдар өз қолдарымен жаса­ған қатігездік пен аяусыздықтың арбауынан шыға алмаған дегенге сенесіз бе? Тағдырдың тәлкегіне сағы сынбай төтеп берген жүректі азаматтың, өзіміз тәлім-тәрбиесін көрген ардақты ананың иығынан құшақтап, қолынан сүйдім. Жасты­ғымыздың ең аяулы шағында – зар заманның тосын тауқыметін көрсе де бір ауыз тіс жармаған сондай­лық сабырлы да салмақты, сали­қалы азаматпен бір кеңседе, бірге қызмет еткенімді мәртебе санап, қатты толқыдым... Талғат СҮЙІНБАЙ. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы.