Ел газеті «Егемен Қазақстанға» жүктелер жауапкершілік те, артылар міндет те көп. Солардың бірі – тәуелсіздік тарихын жазу, ел шежіресін қалыптастыру. Өткен жылы «Елбасы» кітабы осындай оймен дайындалған болатын.
«Егемен» баспасы ел өміріндегі ерекше белес – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне, Астана Саммитінің тамаша табыспен өтуіне арналған мақалалар мен сұхбаттардан тарихшылардың, саясаттанушылардың, дипломаттардың, журналистердің игілігіне жарайтындай «Салтанат» аталатын кітап құрастырды. Кітап аты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Астана Саммитін өткізу – бүкіл Қазақстан халқының салтанаты» деген сөзінен алынған. Онда ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Саммит өткізу, Президентіміз айтқандай, «бүкіл ел тарихындағы ең маңызды әрі аса ауқымды шара» екендігі нақты дәлелденген, Елбасының осы істегі тарихи еңбегі, егер әр нәрсені өз атымен атасақ – қазақтың етектегі басын төрге, төр болғанда да Еуропа төріне шығарып берген ерлігі айшықты ашылған.
Журналистер мерекесінің алдында бас газет қызметкерлерінің шығармашылық ізденісімен көркем безендіріліп, сапалы қағазға басылып, жарық көрген жаңа жинаққа жазылған алғысөзді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Сөз ретін пайдаланып, «Салтанат» кітабына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараев демеушілік жасағанын разылықпен айтып, ардақты азаматтарға алғысымызды жеткіземіз.
Әдетте маңызды жаңалықтың бәрін жұрттың алдымен телеарналардан естіп-білетініне біз әбден үйренгенбіз. Ол заңды да. Газет, қанша дегенмен, таңертең шығады ғой. Ал телеарналар түннің бір уағына дейін хабар тарата береді. Сөйтсе де, бір таң қаларлығы, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайланғаны жайында сүйінші хабарды біздің халқымыз алдымен телеарналардан естіген жоқ, газеттен, атап айтқанда, «Егемен Қазақстаннан» оқып-білді.
Ол қалай болған дейсіз ғой?
Қазақстан төрағалығы жөніндегі шешім 2007 жылғы 30 қараша күні, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кеңесінде қабылданғаны белгілі. Министрлер аса маңызды бұл шешімге кешкі сағат сегізге жақындағанда дауыс берген. Испания астанасына арнайы жіберілген тілшіміз қуанышты хабарды алдымен телефонмен жеткізгенде Еуропамен уақыт айырмасына байланысты Астанада сағат түнгі бір болып қалып еді. Бұл кезде біздегі телеарналардың біразы хабар таратуын аяқтап, аяқтамағандары жаңалықтар қызметін тоқтатып, қазақшасын елу пайызға толтырудың қамымен түнгі ұзақ-сонар концерттерге кірісіп кеткен. Содан журналисіміз қонақүйге жеткенше, материалын тергенше, электронды поштамен бергенше, оны біз көргенше, тексергенше, бетке салғанша сағат тілі түнгі үшке тақап қалды. Таңғы төрттің төңірегінде газетке қол қойдық. Бірінші беттің маңдайшасына «Сарабдал саясаттың салтанаты» деп жарқыратып жаздық. Сөйтіп, халқымыз Қазақстанның Еуропа төріне көтерілгенін алдымен таңертеңгі газеттен оқыды.
Өзінің тоқсан жылдан асатын тағылымды тарихында қашанда елдіктің сөзін айтумен келе жатқан «Егемен Қазақстан» біздің мемлекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің, бұл Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитінің Астанада өтуінің мән-маңызын жеріне жеткізе жаза білді дей аламыз. Оны оқырман назарына ұсынылып отырған мына көлемді жинақ айқын дәлелдейді. Кітап беттерінен сіз еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына ниет танытқан тұсынан бастап, 2010 жылдың соңында Астана Саммитін өткізген кезіне дейінгі уақыт аралығында газетімізде жарияланған сан алуан мақалаларды, шетелдік репортаждарды, сұхбаттарды оқисыз, Қазақстан төрағалығының әлемді таңдандырғандай табысты өтуінің сырына қаныға түсесіз, Астана Саммитінің шын мәнінде саламатты ой-ниеттің салтанатына айналу сырын ұғасыз. Қай мәселеге де мемлекеттік тұрғыдан қарар болсаңыз, тәуелсіздік туын тіккенімізге жиырма жыл да толмай жатып Қазақстанның әлемдік деңгейдегі осындай биік тұғырға көтерілген тұңғыш азиялық мемлекет, тұңғыш ТМД мемлекеті, тұңғыш халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш түркітілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет болуы біз үшін шын мәнінде бөлекше бақыт, баянды бақыт екенін бағамдайсыз. Баянды бақыт болатыны – бұл бүкіл елдің бақыты.
Кітап материалдары сізді еліміз үшін, Елбасымыз үшін мақтаныш сезіміне бөлентеді. Елбасымызбен мақтанғанда біз еліміздің халқы үшін алдымен мақтанамыз. Жалпы, халқымызда кісі тану, адамды айыра алу ежелден бағалы қасиет саналады. Қазақстан халқы 1991 жылғы 1 желтоқсаннан бері кісі танудың кереметін көрсетумен келеді. Осы жиырма жылдың ішінде ел халқы дәйім Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызын жоғарыдан жандырумен болды. 2011 жылғы 3 сәуірдегі кезектен тыс президенттік сайлауда Қазақстан халқы танытқан азаматтық белсенділік, Елбасын дәл мұндайлық қолдау шын мәнінде елдік ерлігіне айналды. Елім, жерім деген, елдің, жердің қамын жеген ерге сену, таңдаған азаматымыз адастырмайды, алға бастайды деп қиын күндерде де соңынан еру халқымыздың мемлекетшіл мінезін, бірлікшіл болмысын сан мәрте айқын айғақтады. Ал сол қиын күндерден өткен, бүгінгі берекелі заманға жеткен халықтың бұл сайлауға түгелге жуық келуі, Елбасыға түгелге жуық дауыс беруі әбден көкейге қонады.
«Әр халықтың басшысы өзіне лайықты болады», деген сөз бар. Тарихтың тағдырдың тар кезеңінде Қазақстан аспанына Назарбаевтай азаматты алып шығуында ғажайып әділеттілік жатыр. Қазақтың маңдайына маңдайы жарқыраған Нұрсұлтандай перзент бітуінде, оның ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде ел билігіне келуінде ғажайып заңдылық жатыр.
Жылдар өтеді. Назарбаев феноменін тарихи зерденің терең талдауына салатын уақыт та жетеді. Болашақтың саясаттанушылары, философтары тұлғаның ел тарихындағы атқарар рөлі туралы толғанатын сол тұста Назарбаевтың Қазақстан Республикасы атты мемлекетті құрудағы, оны әлемге танытудағы жеке-дара еңбегі жайында жасампаздық жұмыстың жарқын мысалы ретінде жазатын болады.
Назарбаевтың есімі әлем тарихынан ойып тұрып орын алатыны мына жайдан да көрінеді. Қазақстан төрағалығы арқылы Еуропа мен Азияның арасындағы, Батыс пен Шығыстың арасындағы, христиандық пен мұсылмандықтың арасындағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан алып дуалды, қалың қабырғаны құлату үдерісі басталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаткер ретіндегі тындырар ең ірі ісі де, әлемдік тарихта қалдырар ең ірі ізі де осы болуы мүмкін. Оңайлықпен біте қоймайтын, тіпті ондаған жылдардың ішінде де аяқтала қалмайтын бұл үдерістің де әуелде қазақ даласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыскер адамзат разылықпен еске аларына, біздің ұрпақтарымыз мақтанышпен айтарына сенгіміз келеді. Ал бұл ұлы үдеріс 2010 жылы – еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен жылы басталған.
Қазақты Еуропа төріне алып шыққан, ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізу арқылы айдынымызды тасытып, абыройымызды асырған сол жылдың орасан мәнді оқиғалары кітапхана қорында ғана сақталатын сарғайған газет тігінділерінде қалып қоймасын, мемлекет шежіресін құрастыруға, тәуелсіздік тарихын жазуға бас басылымның бір үлесі болып кітап күйінде топталып тұрсын деп осы жинақты алдыңызға тарттық, ардақты ағайын! Қабыл алыңыз.
ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалығы – Тәуелсіздіктің жиырма жылында біздің елімізде жасалған жасампаздық жұмыстың жарқын жемісі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған сарабдал саясаттың сұлу салтанаты. Сондықтан біздің кітабымыз да «Салтанат» деп аталады.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті.