Өткен жылы елімізде тұңғыш рет Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолындағы жарыстың өткізіліп, ол бокс десе делебесі қозатын мыңдаған жанкүйерлердің қолдауына ие болғанын білеміз.
Жақында біз биыл екінші рет өткізілгелі жатқан жарыстың маңызы, оның ерекшеліктері туралы еліміздегі бокс бәсекелерін ұйымдастырушылардың бірі, Бокс федерациясының әйелдер ұлттық құрамасы және төрешілер жұмысын үйлестірушісі Берік МЫРЖЫҚПАЕВПЕН кездесіп, әңгімелескен едік.
– Бокс федерациясының кубогы өткен жылы басталған жаңа жоба ғой. Оның мақсаты мен маңызы туралы айтып берсеңіз.
– Ең алдымен біз осы мүмкіндікті пайдаланып, «Егемен Қазақстан» газетіне алғыс айтқымыз келеді. Өткен жылы сіздер жарысқа ақпараттық жағынан қолдау көрсетіп, өз үндеріңізді қосып отырдыңыздар. Биылғы жылы да біз ата газеттің ақпараттық қолдауын күтеміз. Өйткені, жарыстарды, бокс туралы барлық нәрсені ел-жұрт сіздер арқылы біледі. Мұндай жарыстар біздің аға буынға жақсы таныс. Кеңес одағы кезінде Қазақстан кубогы өткізілетін еді. Содан кейін ол көрінбей кетті. Осы жерде біз Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевқа алғысымызды білдіргіміз келеді. Тимур Асқарұлы кубок жарысының керек екенін, оны қайта жалғастыру керектігін айтып, аз ғана уақытта Қазақстан Бокс федерациясы кубогы жолындағы жарысты өткізу мәселесін шешіп берді. Биыл федерация кубогы қыркүйек айында Бакуде өтетін әлем чемпионатынан кейін басталады. Яғни, 2 қазан мен 16 желтоқсан аралығында өтеді. Жарыста биыл да 4 дивизион болады. Батыс өңіріндегі бәсекелер 2 қазанда, шығыста 4 қазанда, оңтүстікте 7 қазанда, солтүстік дивизионда 9 қазанда жалау көтереді. 10-16 қазанда және 24-30 қазан аралығында боксшылар демалады. Қазан айының басында өз дивизионында жеңген командалар 21-23 күндері бір-бірімен кездеседі. Одан кейін 4 қарашада батыс пен шығыс, 6 қарашада оңтүстік пен солтүстік өңірлерінің жеңімпаз командалары жартылай финалда қолғап түйістіреді. Осы сында жеңген командалар 16 желтоқсан күні финалда кездеседі.
Жарыстың мақсаты туралы айтсам, 2007 жылы елімізде 18900-ден астам жастардың бокспен айналысатыны, оларды 690 бапкердің жаттықтыратыны туралы ақпар алған едік. Бірақ, бір қызығы осыншама жастар бокспен айналысып жүрсе де ауыр және басқа салмақтарда бәсекелестік деген мүлдем болмаған еді. Аталған жарысты өткізудің бір мақсаты осы мәселеге арналып отыр. Яғни, елімізде қанша адамның бокспен айналысып жатқанын, оларды қанша бапкердің жаттықтыратынын білу. Құрғақ санға сенбей, бокстың жергілікті жерде дамуына көз жеткізу. Жалпы, Бокс федерациясына Тимур Құлыбаев президент болып келгелі бері өңірлерде спорттың осы түрі жақсы дамып келеді. Егер бұрындары Қазақстан құрамасына кірмей қалған боксшылар 1 жыл кезегін күтіп, жарыстардан сырт қалатын болса, қазір мұндай жағдайдың болмайтынына сенімдіміз. Кубок жолындағы жарыстың негізгі мақсаты да осы, оны ел чемпионаты сияқты лайықты деңгейде өткізіп, талантты, жарыстарда бір ұпай санымен жеңіліп қалған боксшыларды сыртта қалдырмай, олардың сағын сындырмау үшін қайтадан өзін дәлелдеуіне жағдай жасау. Тағы бір мәселе, жанкүйерлердің санын көбейту бар.
– Жарыстың биылғы ерекшеліктері қалай болады?
– Осы жылы біз легионерлердің қызметінен бас тарттық. Өйткені, жарыстың өзі оларды қолдауға емес, өңірдегі боксты дамытуға арналған. Екінші ерекшелік, төрешілер жеңген боксшыға бұрынғыдай 3 ұпай емес, енді 1 ұпай беретін болады. Өткен жылы кубоктың финалында Астана мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамалары кездескенде, есеп 5:5 болып аяқталып, жеңіс астаналық боксшыларға берілгенде көп жанкүйерлердің күдігін туғызған еді. Осы жағдайды қайталамау үшін біз енді жеңімпазға бір ғана ұпай береміз. Егер командалардың есебі тең болса, онда кездесудің тағдырын аса ауыр салмақтағы боксшылар шешетін болады.
Кубоктың жеребесі қыркүйек айында тартылады. Біздің ойымызша, өткен маусымдағы кемшіліктер ескерілген соң биылғы жарыс жоғары деңгейде өтуге тиіс. Ол үшін федерация барлық жағдайды жасауда. Қазір федерацияның қолға алған тағы бір жұмысы – ұлттық құраманы жақсарту екенін білесіздер. Талантты жастарды негізгі командаға шақырту жүріп жатыр. Сосын боксшылар мен бапкерлердің жалақысын өсіру, оларға сыйақы беру, дәрігерлер мен төрешілердің жағдайын шешу бәрі-бәрі федерацияның жұмысы. Федерация басшылығы елімізде боксты дамыту үшін жақсы жобаларды іске қосты. Бокс мектептерін ашу, төрешілерді дайындау, жарыстарды халықаралық талаптарға сай өткізу, ғылыми-медициналық жетістіктерді пайдалану сияқты жұмыстар істелінуде. Қазір федерацияның толық жүйесі құрылды, жұмысы реттеліп, 4 құрама жасақталды.
– Қазақстан Бокс федерациясының кубогын жасөспірімдер арасында өткізу жоспарда бар ма?
– Бұл өте өзекті мәселе. Осы мәселе бізге өңірлерден келетін ұсыныстардың ішінде бар. Мұны алдағы уақытта шешеміз деп ойлаймын. Өйткені, жақын арада Астанада тұңғыш рет 15-16 жасар 500-ден астам боксшылар қатысатын жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өткізіледі. Ол 22 шілде мен 30 шілде аралығында «Қазақстан» спорт сарайында өтеді. Балалар осыған дайындалуда. Біз алдымен әлемдер чемпионатын өткізіп алғанды жөн көріп отырмыз. Ал басқасын болашақ көрсетеді. Соның ішінде әйелдер арасындағы жарыс та бар. Әйелдер демекші, қазір біздің құрамада әлем чемпионатының күміс жүлдегері Марина Вольнова, Азия чемпиондары Жайна Шәкірбекова мен Дариға Шәкімова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Айдана Арапбай, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Назым Төлеуова мен Назым Қызайбай бар. Оларды білікті бапкер Вадим Присяжнюк жаттықтырады. Жалпы, ұлттық құрама жастар, жасөспірімдер мен әйелдер командасына федерация тарапынан қолдаудың бәрі көрсетіліп жатыр. Олардың бәрі экипировкамен, қазіргі заманға сай спорттық киімдермен қамтылған. Болашақта Алматы облысында Бокс академиясы ашылады. Осы жерде боксшыларымыз жаттығып, төрешілер мен бапкерлерге арналған семинарлар өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, бокс үшін барлығы болады.
– Келесі жылғы Олимпиадаға Қанат Ислам бара ма? Осыны көп адам білгісі келеді.
– Бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын. Қазір Туризм және спорт министрлігі мен Бокс федерациясы Қанатты Лондонға апару үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатыр. Барлық құжаттарды тапсырдык. Бұл мәселе 10-15 күнде шешіліп калар. Ал әзірше бізде Олимпиадаға бір жолдама бар. Оны Қанат Әбутәліпов алғанын білесіздер. Енді басқа жолдамаларды Бакуде өтетін әлем чемпионаты таратады.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.