28 Маусым, 2011

Жас әлеуметтанушылар форумы

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қаласындағы Достық үйінде жас әлеуметтанушылардың бірінші форумы өз жұмысын аяқтады. Қазақстан Республикасы Әлеуметтанушыларының 4-ші конгресі аясында өткізілген бұл шараға жас әлеуметтанушы ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Жаманбаланованың айтуынша, аталған форум Қазақ­стандағы әлеуметтанудың страте­гиялық тұрғыдан одан әрі дамуы үшін маңызды. «Форум жас, жігерлі ғалымдардың басын біріктіретін, кәсіби әлеуметтанушылар мен жас ғалымдар арасында пікір алмасуға лайықталған, дәстүрлі алаң болады деп ойлаймын», деді ол журналистерге берген шағын сұхбатында. Форум аясында кішігірім және ірі қалалардағы жастардың суб­мәдениеті, Қазақстанда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру жол­дары, орта мектептерде діни білім беру, елдегі әйелдердің кәсіп­керлігі, заманауи әлеуметтік білім беру, т.б тақырыптар талқыланды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры жанын­дағы Жас ғалымдар кеңесінің төр­айымы, әлеуметтану ғылым­дары­­ның докторы Гүлмира Әбді­ра­йымова жастар әрқашан күш-жігерімен, шығармашылық белсенділігімен ерекшеленетіндігін, әлем өзгеріп жатқан тұста елдің ғылыми әлеуетін көтеру жүгі ең алдымен осы жас ғалым­дардың мойнына артылатын­дығын тілге тиек етті. – Ғылым әрқашан да маңызды. Қазіргі модернизация кезеңінде ол табысқа жетудің маңызды бір бөлігіне айналады. Жаңа идеялар, мүмкіндіктер мен мазмұндылық – бұл қазіргі жас ғалымдарға қойылар талап. Бүгінгі кездесу отандық ғылымға үлес қосып жүр­ген жастардың әлеуетін арт­тыруға серпін береді деп ойлай­мын. Біз сіздерден тек ғылыми зерттеулердің қорытындыларын ғана емес, қазақстандық қоғам­ның экономикалық және әлеу­меттік мәселелеріне қатысты да ерекше ұсыныстарды күтеміз, – деді Г.Әбдірайымова жас әлеу­меттанушы мамандар алдында сөйлеген сөзінде. Шара барысында жас әлеу­меттанушылардың еңбектері қо­рытындыланып қана қоймай, түр­лі сұрақ-жауап алмасулар мен пікірталастар жүргізіліп, тәжірибе бөлісу, ұсыныс жасау секілді жас мамандардың қабілет-қарым­дары да көрініс тапты. Сондай-ақ Форум соңында резолюция қа­был­данып, жас әлеуметтану­шы­лар қауымдастығының жетекшісі сайланды. Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған жас әлеумет­тану­шылардың бірінші форумын Қ­а­зақстан әлеуметтанушылар қауым­дастығы ұйымдастырды. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.