Биыл 2011 жылы Қазақстан әлемдік деңгейдегі тағы бір аса жауапты миссиясын атқарып отыр. Ол – Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) төрағалық етуі. ИКҰ – бұл бүгінгі таңда 57 мұсылман мемлекетін біріктіріп отырған халықаралық ұйым. Мұндай беделді ұйымға төрағалық ету тек құрмет қана емес, аса жауапты іс. Сондықтан халықаралық қатынастар дамуының қазіргідей күрделі кезеңінде оған төрағалық ету төраға елдерден бұл миссия үшін бейбітсүйгіш ішкі және сыртқы саясатын өз еліндегі ахуал арқылы көрсетуін, сондай-ақ толерантты қоғам мен діни тұрақтылықты қалыптастыруды талап етеді.
Бұл орайда, Қазақстанның айтарлықтай жетістіктері мол және Ислам Конференциясы Ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымға төрағалық ету шеңберінде шын мәнінде келісімшілік миссиясын атқара алады. Осы тұрғыдан қарағанда, егемен еліміздің мұндай маңызды халықаралық миссияны атқаруы толығымен заңды үрдіс болып саналады.
Әлемдегі ХХІ ғасырдың басындағы қарқынды әлеуметтік өзгерістер адамзат қоғамының алдына әлеуметтік проблемалардың шешімін әріден ойластыруды қажет ететін жаңа талаптар қоя бастады. Аталмыш мәселелер көп жағдайда жаһандану және интеграция үрдістерімен шиеленіске түседі. Біз әлемнің тек жаһандық экономикалық және саяси ғана емес, адамзат қоғамының рухани әлеміне де қатысты жаһандық дағдарыстарға ұшыраған кезеңінде өмір сүріп келеміз. Осыған орай, әлемнің көптеген елдерінде дін саласымен байланысты, діни ұйымдар мен діншілдердің қызметіне қатысты, сондай-ақ қазіргі қоғам дамуының түрлі қырларына діни факторлар әсерінің жоғарылауына байланысты мәселелердің өзектілігі артып отыр.
Белгілі бір жағдайдағы әсер етулер экстремистік және деструктивтік саяси мақсаттардағы діни жоспарларды қолдану жекелеген елдерде ғана емес, сонымен қатар, тұтас аймақтарда әлеуметтік тұрақсыздық туғызады. Сондықтан қазіргі мемлекеттердің көпшілігі үшін ұлтаралық және конфессияаралық қатынаста бейбітшілік пен келісімнің сақталуы басым міндеттердің бірі болып отыр.
Полиэтностық және поликонфессионалдық қазіргі Қазақстан үшін де қоғамда бейбітшілік пен келісімнің сақталуы маңызды міндеттің бірі. Бұл тіпті еліміздің саяси доктринасында Қазақстанның болашақта тұрақты және толыға дамуы үшін маңызды шарт ретінде қарастырылған. Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та үнемі көңіл бөліп отырады. Оны «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше атап көрсетеді: «Барлық қиындықты жеңетін бір ғана күш бар, ол – біздің бірлігіміз... Жаңа тарихымыздың ең қиын сәттерінде де біртұтас халық боп осы тұрақтылық пен келісімнің арқасында өзімізді сақтап қалдық емес пе?.. Мен қазіргідей өзіміз өткеріп отырған күрделі сәтте де халқымның жақсы қасиеттерімен көрініп, бейбітшілік пен келісімге ұмтылатынына сенемін».
Көпұлтты және түрлі конфессиялық ел ретінде Қазақстан өзінің бүгінгі демократиялық даму жолында бір мемлекет ішіндегі түрлі ұлт өкілдері мен діни сенімдердің бейбіт өмір сүруінің тиімді формасын жасауға ұмтылады және оны біртіндеп іске асыруда. Еліміздегі діни ұйымдар қоғамдық өмірде бұрынғыдан да маңызды орынға ие. Сонымен бірге, олар еркін дамуға және өзінің қоғамдық іс-әрекетін жандандыруға мүмкіндік алды. Дегенмен, елдегі түрлі діни бірлестіктердің қоғамдық іс-әрекеті бүгінде мінсіз дей алмаймыз. Сондықтан қоғамды одан әрі демократияландыру үшін бүгінде ресми құрылымдарға өзінің дін саласындағы саясатын реттеп отыруға тура келеді.
Оның үстіне қазіргі кезеңде белгілі бір діннің қайта өрлеу үдерісі күрделі әрі қарама-қайшылықты құбылыс ретінде қарастырылуда. Оны жалаң прагматикалық көзқараспен біржақты қарастыруға болмайды. Дәстүрлі діннің қайта өрлеу үрдісінде бұл мәселенің объективті жағын да байқай білу керек. Мұнымен қоса, қоғамдағы діни өмірдің өрлеуі қандай жағдайда әрі қандай ішкі саяси және сыртқы саяси факторларда өтіп, көрініс тауып жүргенін ескеру қажет.
Егер жоғарыда айтылған жәйттерді исламды мысалға ала отырып қарастырар болсақ, республикада исламның қайта өрлеуі мұсылман әлеміндегі кезекті шиеленіскен асқынулар жағдайында өтіп жатыр. Отаршылдық құлдық кезеңінде қысым көрген және өзінің тәуелділігін азаппен өткерген мұсылман әлемі өзін дәлелдеуге және әлемдік халықтар мен мәдениеттер бірлестігінде лайықты орын алуға ұмтылады. Бұл кешегі кеңестік кезең мұсылмандарына да тән еді.
Бүгінде ислам әлемі өзінің тарихи дамуындағы жаңа кезеңіне аяқ басуда. Мамандар жақын келешекте мұсылман елдерінің рөлі айтарлықтай өсе түсетіні жөнінде нақты деректер мен дәйектерге құрылған байламдар жасап отыр. Мұнда тек әлемдегі ислам әсерінің кеңеюі мен орнығуы ғана емес, энергетикалық ресурстардың көп бөлігінің мұсылман елдеріне тиесілі екендігін айтпағанның өзінде, әлемдік экономикалық қатынастарда мұсылман елдері рөлінің артатындығы айтылған.
Бұған қоса, сыртқы діни әсерлер тенденциясы бола тұрып, еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынаста маңызды фактор ретінде оның толеранттылық сипатын айтпай кетуге болмайды. Жалпы, төзімділік пен толеранттылықты қазақстандық қоғамның әлеуметтік қатынастарындағы объективті тарихи алғышарттары бар көптеген салаларда болатын ерекшеліктер және өзіне тән қырлары ретінде қарастыруға болады.
Соңғы жылдары Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы бейбіт сұхбаттар өткізу үшін тұрақты кездесу орны болып жүргені кездейсоқтық емес. Біздің елімізде соңғы жылдары бүгінде тұрақты сипат алған Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жұмысы үш рет ұйымдастырылды. Астанадағы осы мақсатқа арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайы біртіндеп дінаралық сұхбаттар дамуы бойынша игі бастамаларға арналған өзіндік штаб-пәтерге айналып келеді.
Қазақстан аумағында осындай әлемдік деңгейдегі форумдар өткізудің бұрын көрсетілгендей, субъективті алғышарттарымен қатар (мысалы, мұндағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі) объективті алғышарттары да бар. Оған Еуразияның кіндігінде орналасқан әрі негізгі әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері шоғырланған біздің еліміздің геосаяси жағдайы куә. Біздің еліміздің аумағында ешқашан діни негіздегі соғыс болған емес. Әрі Қазақстандағы этностық өкілдердің ешқайсысының тарихында діни қақтығыстар кездеспейді. Көшпенді өркениет ерекшелігінің өзі ұлыстардың табиғи діни толеранттылығын көрсетеді. Халқымыздың рухани мәдениеті мен кеңістігінде де ешбір діни ағым радикалды сипат алмағаны бес саусақтай белгілі.
Оның үстіне посткеңестік кеңістіктегі халықтардың ұзақ уақыт бойы бір мемлекет шеңберінде болуының өзі (алдымен Ресей империясы, кейін КСРО құрамында) олардың дін саласындағы өзара төзімділік пен толеранттылық дағдысын қалыптастырды. Діни конфессиялар арасында мұндай сыйласымды қарым-қатынастың орнауы, сөз жоқ, баға жетпес рухани құндылық болып табылады.
Сонымен қатар, қазақстандық қоғамда толеранттылық қатынас дамуының жоғарыда көрсетілген тарихи қырлары өздігінен ондағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға толық кепіл бола алмайтынын да ескерген жөн. Олар бүгінде республикамыздың қазіргі кезеңдегі бейбітшілік жақтаушы ішкі және сыртқы саясатын көрсететін маңызды алғышарттар болып табылады.
Тұяқбай РЫСБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Орал.