28 Маусым, 2011

Ислам әлемі және қазақстандық үдеріс

1744 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық биыл Қазақстанға өтпек. ИКҰ – ислам мемлекеттерінің халықаралық одағы 1969 жылдың 25 қыркүйегінде құ­рыл­ған. Ұйым 57 мемлекеттен тұрады, қазіргі уақытта өзінің құрамы жөнінен БҰҰ-дан кейінгі екінші орындағы ең ірі ұйым. Қазақстан ИКҰ-ға 1995 жылдан бастап мүше. Осы күндері Астанада өтіп жатқан ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінде дүниені дүр сілкіндірген араб әлеміндегі қақтығыстар және оны шешу жолдары назарда болары даусыз. Елбасымыз Н.Назарбаев «мұ­сыл­ман Давосы» деген атқа ие болып үлгерген 7-ші Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­ру­мында біздің ислам әлеміне қаты­сымыз, оның мыңжылдық та­рихы мен қазіргі уақыттағы заманауи қатынастарға деген қолайлы жағдайларын терең тұжырым­да­ды. Ислам әділетті дін немесе әділеттің діні. Ол Алла жолында ішкі қанағат пен шүкіршілікке жүгініп, осы арқылы адам жанын бұзбай сақтауға негізделген. Егер бұл ережені адамзат баласы түгел ұстанса, онда қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған заман болар еді. Мұны исламға дұшпандық көзқарастағы мемлекеттер мен тұлғалар да мойындайды. Елбасы айтқандай, ислам біртектес дін. Демек, құндылықтар тұрғысында қайшылық жоқ. Ислам қауымдастығының беделі қазіргі уақыттағы саяси-эконо­ми­калық ахуалға байланысты жаңа­ша қарқын алып келеді. Алайда кешегі Ислам елдері форумы көрсеткендей, олардың ішкі даму үлгілері біртектес болмай отыр. Президентіміз осы Форумда сөй­леген сөзінде ислам дамуының үш басты бағытына терең талдау жасады. Оның алғашқы екеуінің күні өткенін, заманауи қауіп-қатерлер мен сестерге төтеп бере алмайтынын ашып айтты. Сөй­тіп, үшінші бағыт – ислам әлемін жаңғырту стратегиясын қолдады. Ол – білімге, ғылымға, жаңа тех­нологияға негізделген жаңғыру. Бұл тек араб елдері ғана емес, бүкіләлемдік дамудың, оның ішінде Қазақстанда бар даму тен­денциясы, векторы еді. Елба­сы­мыз бұл жерде ислам елдеріне сырт көзбен қарап, біреуге жол көрсеткен жоқ, керісінше ислам әлеміне Қазақстан да кіретінін, айтылған пікірдің олармен бірге біздің елімізге де тікелей қатысы бар екенін білдірді. Заманауи даму – әр ел өзінің ерекшелігін сақ­тай отырып даму, міне, басты ба­ғыт осы. Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезінде осы мәсе­лелер тыңғылықты шешімін та­бады деп ойлаймыз. Мұсылмандар адамзаттың бес­тен бір бөлігін құрайды. Бірақ барлық саладағы жетістіктердің бестен бір бөлігі ислам әлеміне тиесілі деп айта алмаймыз. Ба­тыста бар жетістіктер ислам елдерінде жоқтың қасы. Кейбір ислам елдері модернизациялау «ис­ламның канондарын бұзады, таза ислам діні бұзылады, одан пайда жоқ» дегенді желеу етіп, консервативтік бағытты ұстана­ды. Егер де біз тарихқа тереңдей қарасақ, Елбасымыз айтқандай, анти­ка­лық дүниемен жаңа дүние­нің ара­сын жалғаған ортаға­сыр­лық араб өркениеті екендігін кө­ре­міз. Ал араб өркениеті, мәде­ниеті, ғылымы, әсіресе, фило­со­фиясы мен поэзиясы, архитекту­ра­сы мұсылман дінінің жеңісі­мен, осы негізде құрылған аса қуатты мемлекет – Араб хали­фа­тының қанат жаюымен тікелей байланысты. Адамзат дамуының антикалық биік шыңы – Грек-Рим өркениеті Араб дүиесінде жанданып, арабтардың Испа­ния­дағы жүз жылдық билігі арқылы Еуропаға өтіп, ол жақта қайта өрлеу дәуірін өмірге алып келді. Мұның өзі дамуда Еуропаны алдыңғы шепке шығарып, Ба­тыс­тың әлемдік басымдығын орнық­тырды. Еуропа сондықтан да осы тарихи метаморфозаны ұмытпай, ортағасырлық араб мәдениетінің алтын қазығы – ислам дінін әркез шапағатпен еске алып отырса, құба-құп болар еді. Егер мәселеге осы қырынан қарасақ, араб елдері мен Шығыстың басқа да мұ­сыл­ман елдерінің артта қалу­шылығы ислам дініне байла­ныс­ты деген адасушылығы жоққа шығады. Ислам керісінше ғылым мен білімді уағыздаушы ілім. Исламның біршама елдері қазір ауқатты, өзінің байлығын ұқыпты пайдалану арқылы әлем­дік қауымдастықта ықпалға ие бола бастады. Әлемдік мұнай қо­ры­ның 70 пайызы, газдың 50 пайызы осы ислам елдерінің еншісіне тиеді. Адамзат баласының едәуір бөлігі ислам дінін ұс­танады. Оның қатары күн санап көбеюде. Ислам мемлекеттерінің қолында мол мөлшерде қаражат бар. Олар өз ақшасын қауіпсіз сақтандыру үстінде. ИКҰ-ға төр­ағалық ислам елдерінің халалға негізделген қуатты инвестиция­сын жеделдететіні дау тудыр­май­ды. Алайда, ислам елдері байлығы­ның негізгі көзі – шикізат экс­порты. Ал оның қоры шектеулі. Олар қазіргі кезде заманауи инновациялық жетістіктерді игеріп жүр ме? Ислам елдері Батысқа шикізаттан басқа ешнәрсе сата ал­май­ды. Арагідік шыққан, негізінен тұр­мыстық тұтыну, тоқыма, қол­өнер заттары Батыстың сапалы тауарларымен бәсекеге түсе алмай отыр. Олар өз тауарларын өткізетін рынок іздеуде. Ислам елдерінде жоғары технология, инновациялық өндіріс, білім және ғылымға қолдау көрсету­ші­лік Батыс елдерінің стратегиялық жоспарына енбеген немесе әдейі енгізілмейді. Ислам елдері мұны жақсы біледі. Шикізат көзі тау­сылады. Сонда келешекте олар қалай өмір сүреді? Міне, бұл даму жолындағы және дамуда артта қалған елдердің алдында тұрған күрделі мәселе. Сондықтан олар да дамыған елдермен одақтасып, экономикалық, саяси қатынастар жасауға өзіндегі барын бере оты­рып, жоғын алу саясатын қол­дай­ды. Бұған бейбітшілік пен тұрақ­тылық қажет. Кейбір ислам елдеріндегі даму нақ Еуропадағыдай бола алмайды. Сондықтан өз мүм­кіндігі келетін өндірісті қол­дап, өз елінің ерекшелігіне келетін экономиканы таңдау керек. Мысалы, Сауд Арабиясында ауыл шаруашылығы Аргентина не Бразилиядағыдай дамиды екен деп айту қиын. Жаратылыс қазір өзінің орнында және адами тіршілікте өзімен есептесуді талап етеді. Сондықтан әлем бірігуге ұмтыла отырып, өзара еңбек бөлінісіне де көңіл аудару қажет. Парсы шығанағындағы және Араб түбегіндегі бай елдердің инвестициялық мүмкіндігін қа­лай пайдалануға болады? Осы уа­қытқа дейін біздің ислам әлемі­мен байланысымыз әлсіз болып келді. Бұған дейін біз сауда-сат­тықтағы басты әріптестеріміз Батыс, Ресей және Қытай болып келсе, енді ислам әлемімен қа­рым-қатынас, сауда-саттық жа­сау­дың оңтайлы кезеңі келді. ИКҰ осы қатынастардың күрмеуі қиын, қордаланған мәселелерін шешеді деп күтілуде. Бұл мәсе­лені Батыс күн тәртібіне әлде­қашан қойған. Ресей енді кірісіп жатыр. Бірақ қанша дегенмен, олардың арасындағы діни құн­дылықтар қайшылығы едәуір кедергі жасап отыр. Бұл тұрғы­сынан Қазақстанның жағдайы жаман емес. Қазақ халқының ислам әлемімен жақындығы өз алдына, біздің менталитетіміз ұқсас, дініміз ортақ. Қазақстан еуразиялық мемлекет. Тұрған жері геосаяси жағы­нан аса қолайлы, жері шикізатқа бай. Алайда көп жыл Кеңес Одағының құрамында болған­дықтан, экономикасы біржақты дамыған-ды. Қазіргі кезеңде өзін-өзі толық өндіретіндей дәрежеге қол жеткізу үшін барлық мүм­кіндікті жасауда. Тәуелсіздік жыл­дары Елбасы, Ұлт көш­басшысы Н.Назарбаевтың бас­шы­лығымен бұл саясат дұрыс жолға қойылып, әлем мойын­даған деңгейге көтерілді. Жақында Брюссельде Қазақ­стан­ның ИКҰ-ға төрағалығының перспективасына арналған конференция болып өтті. Осы жи­ында халықаралық сарапшылар «Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы көпір бола алады. Қазақстан бұған дейін ЕҚЫҰ-ға өте сәтті төрағалық етті. Осыған байланысты Қазақстанның мол тәжірибесі бар, осы тәжірибе ислам елдері мен басқа елдердің арасындағы ең өзекті пробле­маларды шешуге көмектесер еді» деген пікірге тоқталды. Қазақстан ИКҰ-ға төр­ағалыққа күрделі кезеңде кірісіп отыр. Мысалы, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы қақтығыс­тар, Оңтүстік және Орталық Азиядағы тұрақсыздықтар өз шешімін күтіп тұр. ИКҰ-ның көп­теген елдері жаһандық эконо­микалық дағдарыстың салдары­нан естерін енді ғана жинап келеді. Қазақстан ИКҰ-ға төраға­лықты күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге күш салып, абыроймен орындап шығарына сенім мол. Руслан РҮСТЕМОВ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.