Ислам Конференциясы Ұйымы: Ынтымақтастық, толеранттылық және үнқатысу
Бүгін Астанада Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы жұмысын бастайды Қазақ елі тарихының мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас және халқымыздың рухани мәдениетінің ислам өркениетімен ежелден тамырлас екені ешбір дау туғызбайтын шындық. Рас, соңғы ғасырлардағы тарихи ақиқат еліміздің зайырлы мемлекет болып қалыптасуына алып келді. Десек те, бүгінгі таңда зайырлы мемлекет болса да, Қазақстан ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады һәм бүкіл әлем қазақты мұсылман елі деп таниды. Сандық салыстырмаға жүгінсек, халқының саны жағынан әлемде 62-ші орында тұрған Қазақстан Республикасы мұсылман әлемінде 23-ші орынды иеленсе, жер көлемі жағынан олардың арасында бірінші орында екен. Бұл да мән бермеуге болмайтын фактор. Өткен жылы Қазақстан тек Азия мемлекеттерінің ғана емес, сонымен қатар, ТМД, сол сияқты күллі мұсылман елдерінің арасынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайланған алғашқы мемлекет болды. Ал, бұл шешімді ең әуелі мұсылман мемлекеттері мақтаныш сезіммен қабылдады. Олай болатын жөні де бар. Себебі, кейбір ерекшеліктеріне қарамастан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсат-мүдделері мен Ислам Конференциясы Ұйымының басты нысаналары бір арнаға тоғысып жатады. Өйткені, екі ұйымның да көздегені – әлемдегі қауіпсіздік пен халықтар арасындағы ынтымақтастық, экономикалық-экологиялық қатерлерді тізгіндеу, адам құқығын сақтау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанның аталмыш халықаралық екі үлкен ұйымның арасын жақындата алатын мүмкіндігінің мол екенін Батыс та, Шығыс та өте жақсы түсінеді. Әлбетте, мұндай терең түсінік өзінен-өзі пайда болған жоқ. Бұл – 20 жылдан бері бар күш-жігері мен білік, тәжірибесін аямай, халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Елбасының ерен еңбегінің, сындарлы саясатының мәуелі жемісі. Мемлекет басшысының өзі сипаттағандай, «ғұмыры ел тағдырымен еншілес» Елбасымызға «Сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылған-ды». Содан бастап «сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойнына алған» ол «күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегінен өткізіп қабылдады». Қазақстанның әлемдік дәрежедегі жетістіктерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кезекті Жолдауының кіріспесінде былай деп атап көрсетеді: «Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады». Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ. Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде жеттік! Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы. Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағындырдық». Елбасының сындарлы саясатының арқасында 1995 жылдан бері Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекет ретінде Қазақстан аталмыш Ұйымның атқарып келе жатқан іс-шараларына белсене араласып, оның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысып келеді. Ендеше, 2011 жылы осы беделді ұйымға басшылықтың Қазақстанға өтуін жер жүзіндегі мұсылман қауымдастығы тарапының біздің елге деген үлкен сенімі мен қолдауы деп қабылдаған жөн. «Үстіміздегі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етеді. Біз Батыс пен Ислам әлемі үнқатысуын нығайту бойынша бастама көтердік. ИКҰ-ға төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс», – деп атап көрсете отырып, Мемлекет басшысы оның геосаяси мәніне де баға береді. Айта кетейік, алдағы кезде Қазақстан төрағалық етпекші болып отырған Ислам Конференциясы Ұйымы – Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарының үлкен географиялық аймақтарын мекендейтін, халықтарының жалпы саны 1,5 миллиардты құрайтын 57 мемлекеттің (оның сыртында бес бақылаушы ел мен бес халықаралық ұйым бар) басын біріктіріп отырған үлкен халықаралық форум. Ұйымға мүше елдер Жер шарының алтыдан бір (32,4 млн. шаршы км.) бөлігін иемденеді және олардың ішкі жалпы өнімінің көлемі 2009 жылы 7,5 трлн. АҚШ долларына теңелді. Бұл көрсеткіш бойынша бүгін олар алпауыт Қытайдан сәл ғана артта тұр. Қазір аталмыш Ұйымға мүше 45 елдің (12 кедей елді қоспағанда) жиынтық алтын-валюта қоры 981 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Бұл көрсеткіш бойынша Ұйымға мүше елдер қазір әлемдік жер байлығының 65 пайызына қожалық етіп, шикізаттың 45 пайызын өндіреді. Қазіргі кезде ірілігі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орынды иемденетін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы құрылған болатын. Бірақ о баста аталмыш ұйым Бүкіләлемдік Ислам конференциясы (1926 ж.) деген атпен құрылып, кейін Ислам конференциясы форумы және «Әлемдік ислам конференциясы» деген атауларды да иеленген. 1969 жылдан бермен қарай Ислам Конференциясы Ұйымы өзіне мүше елдердің саяси проблемаларымен қатар, олардың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларына қатысты түйінді мәселелерді шешумен үнемі айналысып келеді. Ұйымның ұстанған негізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдете түсіп, олардың ортақ табиғи және адами байлықтарының сол елдердің өз мүдделеріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына оң ықпал жасау және олардың әл-ауқаттарының артуын қамтамасыз ету. Ұйымның бас хатшылығы Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның жарғысы бойынша Бас хатшыны бесжылдық мерзімге ұйымға мүше елдердің бірінен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі сайлайды. Қазіргі Бас хатшы Экмеледдин Ихсаноғлы мырза бұл лауазымға 2005 жылдың 1 қаңтарында бекітілген. 2008 жылы өткен ұйымның ХІ саммиті Э.Ихсаноғлының бұл мандатын тағы бір кезеңге ұзартты. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, біздің елде «Орталық Азиядағы ислам өркениеті» деген тақырыптың аясында өткен халықаралық конференцияға қатысты. Э.Ихсаноғлы Қазақстан мен Ислам Конференциясы Ұйымының арасындағы қарым-қатынастың кеңейе түсуіне үнемі атсалысып келеді. Ол Қазақстанның 2011 жылы аталмыш ұйымға төрағалық етуіне байланысты көтерілген ұсынысты да бірден қолдаған. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы Ресейдің «Известия» газетінде жарияланған мақалаларының бірінде көтерген сындарлы бастамалары ойға оралады. Онда Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің алдымыздағы жылдары ұлғая түсетінін, атап айтқанда, біздің елдің бірнеше абыройлы халықаралық ұйымдарға басшылық ететінін тілге тиек ете келіп, еліміздің осы мүмкіндіктері мен әлеуетін ЕҚЫҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар ұтымды пайдаланса, олардың абыройы бұрынғыдан да арта түсетінін мәлімдеген болатын. Айтса айтқандай-ақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан алған тәжірибесінің еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымына, немесе Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, я болмаса ЕурАзЭҚ немесе ТҮРКСОЙ-ға төрағалық еткен кезде үлкен еуразиялық аймақтағы қауіпсіздіктен бастап, әлемдік саяси, экономикалық, экологиялық, энергетикалық немесе азық-түлік саласындағы қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешуде үлкен себі тиіп, пайдаға асатынына шүбә келтіруге болмайды. Осы тұста және бір елеулі саяси факторды атап айтсақ, артық бола қоймас деген ойдамыз. Ол – еліміздің қазіргі мұсылман әлемімен орнатып жатқан қарым-қатынастарының биік белестерге көтеріліп келе жатқандығы. Бұл үрдіс еліміздің болашақ мүдделеріне де, ішкі-сыртқы саясатына да толық сай келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, елімізді Ислам даму банкі тарапынан қаржыландырып, осыған дейін іске асырылған және алда да іске асырылатын ірі-ірі инвестициялық жобалардың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, Қазақстанның бүгінгі таңда Ислам Конференциясы Ұйымының толыққанды мүшесі дәрежесіне көтерілуі де жоғарыда аталған оң үрдістің тағы бір белгісі. Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымының басты институттарының жұмысына, атап айтқанда, ИКҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының тікелей қатысуымен әр үш жылда бір рет өтіп тұратын Ислам саммитіне, Сыртқы істер министрлерінің жыл сайын өтетін кеңестеріне, Тұрақты кеңес отырыстарына қатысып келеді. Оның оң нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, 2008 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға мүше елдермен алмасқан тауар айналымының көлемі 10 млрд. АҚШ долларынан асып түсті (экспорт – 8,7 млрд. долл., импорт 2,6 млрд. долл.). Бұл көрсеткіш, әрине, аз да емес, көп те емес. Ал егер Қазақстан мен ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық әлеуеттерінің барлық мүмкіндіктерін толық жұмылдырып, жан-жақты іске қосқан жағдайда, бұл үрдістің екі жақтың экономикалық даму қарқыны мен халық тұрмысына тигізетін оңтайлы әсерінің қаншалықты зор болатынын көзге елестету онша қиынға соқпаса керек. Осы тұста Ислам Конференциясы Ұйымының 2005 жылы Мекке қаласында өткен кезектен тыс саммитінде қабылданған ұйымның онжылдық бағдарламасының да мәнінің өте зор екенін атап өткен жөн. Ұйымға мүше елдердің демократиялық жолмен дамуына ауадай қажет көпнысаналы бұл бағдарламаның нақты іске асуына Қазақстан да тікелей араласып, атсалысатыны сөзсіз. Айта кетейік, Ислам Конференциясы Ұйымының келешекке бағытталған онжылдық бағдарламасы бойынша ұйымға мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Міне, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, Қазақстанның 2011 жылы іске асырмақшы болып отырған бастамасының мақсаты Астанада жетінші Әлемдік экономикалық ислам форумын өткізіп, оны мұсылман елдері үкімет басшылары мен мемлекет органдары жетекшілерінің және әйгілі экономистер мен мұсылман әлемінің іскер топтарының үнқатысу алаңына айналдыру болып табылады. Өйткені, ХХІ ғасырда сапалы ақпаратқа қол жеткізу экономиканың қай саласында болсын табысқа жетудің ең тиімді кілтіне айналып отыр. Жанкелді ЕСТЕНБАЕВ, Халықаралық заманауи исламдық экономика және қаржы институтының бас директоры.Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31
Ауыр атлетика федерациясының президенті ауысты
Спорт • Бүгін, 18:00
Көлікке жылқы тиеп алған Қарағанды тұрғыны ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 17:39
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы сотталды
Оқиға • Бүгін, 17:15
Абай облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 17:01