Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Іс басындағы Төрағасы Орал Мұхамеджанов аталған Ұйымның Бас хатшысы Рамил Ғасановты қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бас хатшы кездесуде биылғы жылғы 12 маусымда Түркиядағы парламенттік сайлаудың дайындығы мен өту барысы жөніндегі ТүркПА байқаушыларының есебін табыс етті. Сондай-ақ Орал Мұхамеджанов ТүркПА хатшылығының қызметімен де танысты.
Кездесуде ТүркПА Төрағасы Бас хатшыға аталған Ұйымның, ТүркПА-ның Астанада өткен екінші отырысында шығарылған шешімге сәйкес құрылған тұрақты комиссия қызметінің жұмыс жоспары жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ТүркПА Хатшылығының құрылымы туралы жобаны табыс етуді өтінді.
Бүгінгі таңда Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Парламенттік одағында және өз кезегінде ИКҰ ТүркПА-да бақылаушы мәртебесіне ие болды. ТүркПА өкілдері шілде айының басында Белград қаласында өтетін ЕҚЫҰ ПА сессиясына шақырылып отыр. Басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ынтымақтастық байланыстар орнатылуда.
ТүркПА Бас хатшысы Астанаға ҚР Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша, ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясының жұмысына қатысу үшін келген болатын.
* * *
Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) Парламентаралық Ассамблеясының Төрағасы Орал Мұхамеджанов кеше, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Ахматбек Келдібековті де қабылдады.
Кездесу барысында ЕурАзЭҚ мүшелері болып табылатын Қазақстан мен Қырғызстанның өзара келісілген құқықтық саясатын қалыптастыру жөніндегі, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-тың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі екі мемлекеттің ұлттық парламентінің заң шығарушылық қызметін үйлестіру туралы өзекті мәселелер талқыланды.
Тараптар екі ел арасындағы байланыстың бүгінгі жай-күйі мен келешегі, басқа да парламентаралық ұйымдармен қарым-қатынас туралы ойлар ортаға салынды.
«Егемен-ақпарат».