Өткен сенбіде Сенат Төрағасы Қайрат Мәми Астанаға ресми сапармен келген Анкара мэрі Мэлих Гокчекті қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады, біздің халықтарымызды ортақ мәдени және тарихи тамырластық, тіліміздің жақындығы байланыстырады, деді Қ.Мәми. Астана мен Анкара арасындағы бауырлас қалалар ретіндегі қатынастарды атап өте келіп, Төраға экономикалық даму, саяси және әлеуметтік жаңғыру саласындағы мемлекет алдында тұрған міндеттерді табысты шешуде Қазақстан елордасы ерекше орын алатынын атап өтті.
Төраға, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып табылатындығын, биылғы жылы сәуір айында Астанада өткен ТүркПА-ның ІІ жалпы отырысының нәтижелерін жоғары бағалады.
Ал М.Гокчектің айтуынша, Қазақстан мен Түркия елордалары арасындағы бауырластық байланыстар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
«Егемен-ақпарат».