Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Гранд Астана» тұрғын үй кешені мен сол жағалаудағы «BI Village» коттеджді тұрғын үйлер алабын аралады.
Түске дейін қара бұлт түйіліп, жаңбыр себезгілеп тұрған Астана аспаны Елбасы қалаға шыққанда шайдай ашылып, жарқырап сала берді. Президент проблемалық нысандардың құрылысымен және «АҚҚБ «Жаңа құрылыс» ЖШС үлескерлерді тұрғын үйлермен қамту барысымен танысты. Елбасы «Қуат» құрылыс корпорациясы бастап салған үйлердегі үлескерлер өздеріне тиісті үйлерді алатынына көзі жеткенін атап өтті. Бірақ болашақта үлескерлер осындай жағдайға тап болмауға өздері де бекем болулары керек, деді Мемлекет басшысы.
Қазір мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, аумағын абаттандыру, сыртқы инженерлік желілерді тарту, автотұрақты жайластыру секілді жұмыстар жалғасып жатыр. Жоспар бойынша кешен жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Айта кетерлігі сол, ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес 34 нысан проблемалық болып саналады. Соның 19-ның құрылысын Үкімет «АҚҚБ «Жаңа құрылыс» ЖШС-ін тартып, республикалық бюджеттен қаражат бөлу арқылы аяқтап жатыр. Бүгінгі күні 19 нысанның 17-нің құрылысы аяқталып қалды. Соның бірі – аумағы 540 мың шаршы метр болатын «Тұрсын Астана» ТК. Бүгінгі күні 5360 үлескер өкіметтің көмегімен тұрғын үйге қол жеткізді.
Президент Н.Назарбаев Есілдің сол жағалауындағы «BI Village» коттеджді тұрғын үйлер алабының ашылуына да қатысты. Осы жерде Елбасы коттедждердің біріне кіріп, оның тұрғындарын жаңа қоныстарымен құттықтады. Өзінің алған әсерін журналистермен бөліскенде Елбасы: «Біз орталықты салдық, енді қаланың төңірегінде халыққа жайлы осындай жекеменшік үйлер салынуда. Үй саламын деген астаналықтар осындай архитектурадан үлгі алуы қажет. Мұндай шағын аудандарда біртекті архитектура болуы керек. Көшелер мен олардың бояулары үйлесімді болса, сәнді болып көрінеді», деді. Сонымен бірге, Президент биік қамалдардан құтылу керектігін айтты.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Вi Group» компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаевтың айтуына қарағанда, осы алапта 9 коттедждер кенті болады. Бүгінгі ашылып жатқаны – соның біріншісі. Оның 30 пайыздайын сатып алған. Коттедждердің бір шаршы метрінің құны 1150-1350 АҚШ доллары көлемінде көрінеді. Ал коттедждің өз алаңы 113,9 шаршы метрден 350 шаршы метр аралығында. Алаптың жалпы алаңы – 8,5 гектар. Алғашқы кент 94 коттеджден тұрады.
Жақсыбай САМРАТ,
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.