29 Маусым, 2011

Түнде атылған оқ депутаттың өмірін жалмады

443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс аумағында үлгілі ауыл саналатын Новосельское тұрғындары қатыгез қарақшы­лық шабуылдың куәсі болды. Түнде атылған оқ Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, жергілікті «Клименко 1» ЖШС директоры Александр Клименконың өмірін қиып кетті. Атбасар ауданының прокуроры Қайырбек Омаровтан тергеу амалдарының алғашқы нәти­желері туралы төмендегідей дерек алдық: «Алек­­сандр Давыдович аудан орталығынан зайыбы Татьяна Анатольевнамен бірге үйіне түн­гі он екілер шамасында оралған, – дейді ол. Әйелін есік ал­дында түсірген директор қалып­тасқан әдетімен ауылды аралап шығуға кетеді. Осы кезде жан­түршігерлік оқиға орын алған. Ерлі-зайыптылар коттедждерін үптеп жүрген ұрыларды үркітіп жіберсе керек. Бетперделі екі қарақшы табалды­рықтан аттаған әйелді ұрып-соғып, байлап тастайды. Қыл­мыс­керлер көзге түсіп тұрған алтын бұ­йымдарына тиіспегеніне қарағанда, тек қана ақша іздегені байқалады. Есесіне оның мыл­ты­ғын табады. Қылмыскерлер үйіне алаңсыз кірген отағасын кеудеден атып өлтірген. Әйелі­нің айтуынша, одан кейін, ештеңе бо­л­мағандай, тағы да ақша іздеуін жалғастырған. Сөйтіп үй иелерінің «Мазда» көлігімен ізін жасырған. Кейін анықтал­ғанын­дай, ұрылар ЖШС кеңсесіне де түскені белгілі болды. – Облыстық мәслихаттың депутаттығына екі рет сай­лан­ған абыройлы азамат жуырда маған келіп, 3 шілде күні атап өтілетін 60 жылдық тойына шақыру қағазын тапсырған еді. Ал, бүгін, сәрсенбі күні оны жерлеп отырмыз, – дейді Атбасар ауда­нының әкімі Руслан Әубәкіров. Еңбек жолын өз ауылында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болып бастаған ол осы елді ұйыстырып тұрған абы­ройлы басшы дәре­жесіне көтерілді. Өндірісті нөлдік циклмен қайта жаңғыртты. Ауыл клубын, спорт кешенін, балалар бақшасын салып, атқарушы органның балансына өткізді. Бокс мектебі жұмыс істеп тұр. Белсенді өмір салтын ұстан­ған Александр Давыдовичтің қайғылы қазасы баршамызға батады. Қазір қанды оқиғаға қатысты ҚР ҚК 96- бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу тобы жұмыс істеуде. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.