29 Маусым, 2011

Дауыл

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазгидромет» мемлекеттік қа­зыналық кәсіпорнының ха­бар­лауынша, 27 маусымда Алматы қа­ласында желдің күші секун­дына 11 метрге, таулы жерлерде 13-16 метрге, ал «Медеу», «Каменское плато», «Бутаковка» елді мекендері маңында 26 метрге жет­кен. Төтенше жағдай сал­да­рынан 4 адам түрлі дене жа­ра­қатын алып, олар №7 және №12 қалалық ауруханаларға орналас­тырылған. Қаланың жоғарғы жа­ғында орналасқан «Балбұлақ» ши­пажайынан 41 бала, 11 ата-ана, 20 қызметкер, «Алатау» ши­па­жайынан 42 бала қауіпсіз ай­маққа көшіріліп, жалпы саны 114 адамға көмек көрсетілген. Қала бойынша 0,4 кВт-қа дейінгі эл­ектр тасымалдаушы әуе желілері үзіліп, Бостандық, Алмалы және Әуезов аудандарында 13 қосалқы электр стансалары істен шыққан. Көше бойындағы көлік­тер­ге, кісі жүретін жолдарға 19 ағаш құлау оқиғасы тіркеліп, Бос­тандық пен Медеу аудан­дарында 17 үйдің шатыры ұшып кеткен. Бұл дауылдан келген шығын. Ал енді бұршақ аралас жауын­ның салдары өз алдына бір төбе. Қаладағы арық жолдарын толық тазартып үлгермегендіктен, су көшелерде сел боп ағып, жекелеген аудандарда жертөлелер мен жер үйлерді су басу оқиғасы тіркелді. Есентай өзенінің баты­сын­да орналасқан Әл-Фараби даң­ғы­лы бойындағы жер асты автомобиль жолы суға толып кетіп, оны қалпына келтіру ісімен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің өрт сөндіру қыз­ме­ті және қалалық «Құтқару қыз­меті» мекемесі айналысты. Кіші Алматы шатқалы жел тұр­са жапа шегетін аймаққа ай­налғанын жасырмау керек. Бұл жолы да 520 ағаш құлап, «Бутаковка» мен «Медеу» кешеніне кіреберістегі экологиялық бекетке ба­ратын көлік жолы тағы да жа­бы­лып қалған. Долы дауыл 1 бил­борд­ты, 7 жол белгісін, 2 автобус аял­дамасы мен 12 электр желісін жарамсыз етіп қатты зақымдаған. Тек кешкісін ғана бір бағыт бой­ынша көлік жолы ашылып, за­қым­далған 14 көлік пен өзге де 123 көлік қауіпсіз орынға көшірілген. Қазір «Медеу», «Каменское плато», «Бутаковка» маңында құ­ла­ған ағаштар саны бес мыңға жетіп отыр. Ал қала бойынша 161 ағаш опырылып түскен. Тө­тенше жағдайлар департаменті мен арнайы құрылған топ жол жиектеріндегі ағаштарды тазарту ісімен қызу айналысып жатыр. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.