Жуырда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың Бағдарлаушылар кеңесінің 53-ші мәжілісі болып өтті. Аталмыш шараға еліміздің атынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қатысты. Жиын барысында министр әлемдік ғылыми-техникалық үдерістердің жетістіктері жайлы сөз қозғап, ТМД елдері арасындағы аталмыш бағыттың қарқынымен ой бөлісті.
Мәжілісте ХҒТО жобаларының іске асырылу нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ, көп қырлы ғылыми-техникалық ұйымды құру қажеттілігі туралы да сөз болды. Ең бастысы, 2011 жылғы тұрақты дамуды жоспарлау мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Өңдеу және жаңа технологияларды коммерцияландыру орталығын дамыту қорын аралап шықты. Онда «Сколков» қорының объектілерінде болып, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың ғылыми жетістіктеріне байланысты ой-пікірлермен танысты.
Сондай-ақ, ол РФ Білім және ғылым министрі А. Фурсенкомен кездесіп, білім, ғылым және инновация саласындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Егемен-ақпарат».