29 Маусым, 2011

Саңлақ

428 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Даңқты волейболшы, бапкер Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповтың туғанына – 80 жыл Дәл бүгiнгi күнi волейбол дүбiрi елi­мiздiң халқын футболдай алабөтен күйге бө­лей алмаса да, осы өнердiң арғы-бергi та­рихына, қазiргi күйiне жан ауыртатын жандар аз емес. Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасының әлем чемпионаттарына қаты­суы да бұл спорттың елімізде жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал әуедоп ойы­нын ұнататын жанкүйерлер Октябрь Жа­рыл­қапов есiмiн естiсе, елең ете қалары да кү­мәнсiз. Өйткенi, бүгiнгi волейболы­мыз­дың табысын сонау 1950-1960 жылдары Түр­­кiс­тан түлегi Октябрь Қыдырбайұлы қалап кеттi. Соғыс көрген ұрпақтың тағдыр-тала­­йын басынан кешiрген Октябрь аға 1931 жылы 25 қазанда туыпты. Яғни, биыл тiрi болғанда 80 жасқа толар едi. Амал қанша, қазақ спортының жарық жұлдызы Алладан емес, адамнан келген зауал зардабынан 38-ақ жасында бақилық болды. Шыны керек, кейiнгi ұрпақ Жарылқапов есiмiнен көп хабарсыз. Сөйтсе де, бұл саң­лақпен кезiнде бiрге жүрген, тәлiмiн көрген жандарды әңгiмеге тартсаң, Октябрь есiмiн ауызға алғанда бәрiнiң жүзi нұрланып, ерекше шабыттанып, сөзге кiрiседi. Бiзге анық болғаны, Октябрь Қыдырбайұлы – талантты спортшы, бiлiктi бапкер, шебер ұйымдас­ты­рушы, өз ұлтын ерекше сүйген арыс. Өзiңiз қараңызшы, ауылдан Алматыға келген жас жiгiт арада санаулы жылдар өткенде волейболдан қазақ жастары арасынан шыққан тұң­ғыш «КСРО спорт шеберi» атанды, Одақтағы үздiк 24 волейболшының сапына кiрдi. Ол кезде спорт шеберi атану тұрмақ, оны ойлау­дың өзi талайға арман едi. Ок­тябрь Жарыл­қапов осы арманды жүзеге асы­рды, сөйтiп арттағы iнiлерiне тамаша жол ашты. Сөйтіп асыл аға Алматының өз перзенттерiнен жа­сақталған «Буревестник» командасын құрып қана қоймай, оның одақ­тық, еуропалық дең­гейге жетуiне өл­шеу­сiз еңбек сiңiрдi. Кейiн Қазақ КСР спорт одақ­тары мен ұйымдары одағы Кеңесi төра­ға­сының орынбасары қыз­ме­тiнде жүргенде де Жарылқаповтың шапа­ға­тын барлық спорт түрiнiң өкiлдерi көрдi. Ок­тябрь аға 1962 жылы «Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңiрген жат­тықтырушысы», ал 1967 жылы «КСРО ең­бек сiңiрген жаттықтырушысы» құр­меттi атағын алды. Шәкiрттерi де ұста­зы­ның жеңiстi жолынан тайған жоқ, «Буревестник» сапындағы «октябряттар» алдымен 1969 жылы КСРО чемпионы атағын жеңiп алды, ал 1970 және 1971 жылдары қатарынан Еуропа чемпиондары кубогын иелендi. Октябрь Қыдырбайұлының өмір жо­лы­на үңіліп көрейікші. *   *   * Бұл сұраққа жауапты біз жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың «Қанат» хикая­тын­дағы «Алдымен сені құттықтар едік» атты бөлімінен табамыз. Үзіндісін оқиық: ... «Жасынан малсақ бала ата-бабаның өнерін қумақ еді. Он жылдықты тауысып, Алматыға келді. Тұңғыш рет театр көрді. Тұңғыш рет... Санай берсе, көп-ақ. Тұңғыш рет волейбол деген үстіндегі күпәйкемен киіп-жарып кірісетін ауылдағы аяқ-асты ойын емес, өнер екенін сезді. Мәйкілерінің сыртында қадау-қадау ци­фр­­лары бар ойынның бір кезеңі бітпей, алаң­нан шығып қалды. Намыс кернеп, кө­кі­ректеп қайта кіріп еді, тордың ар жағынан зеңбірек оғындай зулай келген доп қолға жөн­ді ілікпей, беталды ұшып жатты. Тарс-тұрс, тарс-тұрс. Басы айналды. Бұл жолы еш­кім қу­мады, өзі шығып кетті алаңнан. Көз алды мұнартып, астындағы жер көшіп жатты. Екі құлағы тарс бітелді. Жатақ­ха­надағы төсегіне жетуге асық болды... 1951 жылы, сiрә, тұңғыш рет болса керек, «Алматыда волейбол жарысы болады екен» деген жарнамалар iлiндi. КСРО ку­бо­гының Орта Азия аймағындағы ақтық ай­қа­сы. «Динамо» стадионына келушiлер де едә­уiр. Жалпы, Қазақстан волейбол­шы­лары­ның жұрт алдында барын киiп, белдемшесiн асы­нып, шындап шыққаны бұл сапар. Абы­рой­сыз­дық аяқ астынан емес пе?! Ептеп ел ара­сын­да аты естiлiп жүрген жiгiттер Ташкент волейболшыларынан мықтап тұ­рып ұтыл­­ды. Жеңiлген жұртта не күй бар?! Стадионнан тарқағандардың бәрi оқты көздi қадап кетiп жатыр (ол кезде ел көзiнен таса киiну-жуыну бөлмесi болмай­тын). Қабағы қа­­тыңқы топ­тың ортасынан жы­рылып шы­ғып, бiр жiгiт айналсоқтап көп тұрды. Во­лей­бол­шы­лар қы­зыл­шеке бо­лып керiлдесiп, бiрiн-бiрi жер табандатып бiттi. Жөн-жөнiне кетуге ай­нал­ды. Әлгi жiгiт тартыншақтап келiп, волейбол­шы­лар­дың бiрiн жеңiнен тартты. – Менi командаларыңызға қоспай­сыз­дар ма? – Қостық делiк, не бiлесiң? – Волейбол ойнай бiлемiн. – Қанша жыл болды ойнағаныңа? – Бiр жылдан асты. – Масқара мол екен. Әйтсе де мына бiз­дiң тобырымызға елiмiздiң астанасынан ат ары­тып iздеп кеп қосылмас ойыншы. Атың кiм? – Атым – Октябрь. – Октябрь? – Қазақшасы да – Октябрь. – Жарайды, бiздiң командаға Октябрь шұғыласы бола ғой. Команда келесi күнi жаттығуға жи­нал­­ды. Ойыншылардың аңдыған-баққан­да­ры – жас жi­­гiттiң қимылы. Жаттығу со­ңын­да ой­ын­шы­лар­­­дың жүзi жылып сал­ған­дай болды. «Доп ой­на­ғаныңа қанша жыл болды дедiң сен?» Бұл жо­лы осы таң­да­ну­дан басқа тергеу болған жоқ. Сөйтiп, 1951 жылы күлкiге бай, мiнезге бай, дәйiс қуанып жүретiн Октябрь Жа­рыл­қапов келешекте Қазақстан волейбо­лы­ның көз қуанышы болу үшiн алаңға келдi. Оның жанкешті жаттығуларын көр­ген­де, небір еңбекқор спортшының өзі жа­ғасын ұстады. Тақтай дуалдың түп жағын ала допты бар пәрменімен соғып, жер бауырлап келе жатқанда әуелетіп алып кететін Ок­тябрь. Бір емес, бірнеше жүз қай­талайтын. Октябрьдің қақпан құруға шық­қан кезін көрсеңіз! Бүгінгі ең зергер ойын­шының ішінде доп тосқауылдарына одан асары кем­де-кем». (С.Бердiқұлов. Таңда­ма­лы. А: «Жа­зушы», 1991, 61-62 беттер). *   *   * Октябрь Қыдырбайұлының бапкерлігі де аңызға бергісіз әңгіме. Замандастарының естелігіне ой жүгіртсек, Жарылқапов спорт­тың бұ­қа­ралық сипаты уақыт өте келе аса жо­ға­ры бо­латынын сезінген сияқты. 1950-60-70- жыл­дары КСРО-да спорт кәсіпқойлық дең­гейге енді ғана көтеріле бастады. Сол кездің өзінде Октябрь аға ірі табыстарға жету үшін спорт­шы­ның өзін осы кәсіпке толықтай арнауы қа­жет екенін, жаттығулардың жиі және интенсив­ті болуы қажет екенін толық түсінген. Жарыл­қа­повтың даңқты шәкірт­те­рінің бірі Жәнібек Сау­ранбаев ұстазы жайлы былай деп еске алады: – «Буревестниктi» құрып, одақтық, ха­лық­аралық деңгейге жетелеген – Октябрь Жа­рылқапов. Ол өз ойын тәсiлi бар, ешбiр ко­ман­даға ұқсамайтын, ешбiр команданың өрнегiн қайталамайтын команда құруды ой­лады. Арада 40 жылға жуық уақыт өттi ғой, мен қазiр де ойланып отырып, Октябрь Қы­дырбайұлының талантты таңдаудағы та­л­ғамына таң қаламын. Ол әрбiр ойыншының көзге көрiнбейтiн, кө­ңiлмен ғана түйсiнуге болатын дарынын дәл аңғара бiлдi. Әйт­песе, «Буревестникке» келген әр ойыншы әр­түрлi болатын, бiр-бiрiне мүлде ұқсамай­тын. Бiрақ бiз алаңда жұ­мыл­ған жұды­рық­тай қимыл­дай­тынбыз. Бап­ке­рi­мiздiң бас­та­ма­сымен бiз алғаш аптасына үш рет, сосын төрт, алты, сегiз, он рет жаттығатын бол­дық. Ол кезде ешкiм мұндай жаттығу әдiсiн қол­данбайтын. Октябрь Қыдырбайұлы уа­қы­­ты­нан озып ту­ған жан едi. Ол кiсiнiң тұсында «Буревестникте» қазақ балалары көп болды. Заңғар Жәр­кешев, Марат Мә­денов, Жәнібек Сауранбаев, Еңсебек Иман­ғалиев... Ұста­зы­мыз жастығына қарамай, бiздiң қамқор әке­мiздей едi. Өз арамызда «папа» дейтiнбiз. 1969 жы­лы тұңғыш рет КСРО чемпионы ата­ғын же­ңiп алдық. Сол жылы Октябрь Жа­рыл­қапов дүниеден озды. Бұл кезде ол кiсi спорт ко­ми­тетi бас­шы­сының орын­ба­сары болып қыз­­мет iстейтiн. Оның бастаған iсiн шә­кiрт­терi, алдымен Марат Мәденов, бiр жылдан кейiн Заңғар Жәркешев жалғас­тырып әкеттi. *   *   * Өмiрзақ Жолымбетов, спорт журналисi: – Октябрь Жарылқапов спортшы ретiн­де де, ұйымдастырушы ретiнде де өте мық­ты адам едi. Өзi – Түркiстанның перзентi. Қа­зiргi Саттар Ерубаев атындағы орта мек­тептi, сол кездегi темiр жол мектебiн бi­тiр­ген. Көрер көзге сүйкiмдi, келбеттi кiсi едi. Бойы шамамен 185-186 см, салмағы 80-85 кило, сым­бат­ты болатын. 38-ақ жасында дү­ниеден озды... Мен Октябрь Қыдырбайұлымен қызмет барысында көп кездестiм. Көрген сайын кi­сi­лiгiне, кiшiлiгiне, адамгершiлiгiне, пара­са­тына тәнтi болатынмын. Ол өз iсiнiң бiлгiрi едi. 1967 жылы Мәскеуде КСРО халық­та­ры­ның IV спартакиадасы өттi. Ол кезде Жа­рылқапов – республикалық спорт комитетi басшының орынбасары. Жарыс спорттың 25-26 түрiнен өтiп жатты. Күн сайын бағ­дар­ламаға сәйкес жарыстар кеш аяқталса да, О.Қыдырбайұлы түнгi 1-2-лерде жаттық­тырушылармен жиналыс өткiзетiн. Спорт комитетiнiң сол кездегi басшысы Қаркен Ахметов едi, ол кiсi өзi спортшы болмаған, сондықтан спорттың iшкi астарын бiле бер­мейтiн-дi, негiзiнен ұйымдастыру шаруа­ла­рын мойнына алатын. Сондай жиналыс­тар­дың бiрiнде Қ.Ахметов Октябрьдiң сөзiне жиi араласып, «ананы үйту керек, мынаны бүйту керек» деп бүйiрден қосыла бердi. Ақырында оны Октябрь аға тоқтатты. «Сiз идеологсыз. Спортшыларға рухани дем бер­сеңiз де жетедi. Бұл арада демагогияның ке­регi жоқ. Спортта табысқа жету үшiн нақты нәрселер айту керек, нақты қатенi көрсету керек», дедi. Байқауымызша, Октябрьдiң бетiне ешкiм қарсы келмейтiн. Абзал азамат өз ұлтын ерекше сүйетiн едi. Оның басшылығымен волейболға, жал­пы спортқа қазақ жастары көптеп тартылды. З.Жәркешев, М.Мәденов, Е.Иманғалиев, Ж.Сауранбаев, А.Сұлтанов, Т.Ахметжанов си­яқ­ты Жарылқаповтың шәкiрттерi кейiн во­лейболымыздың туын көкке көтердi. Ок­тябрь таланттарды тап басып тани бiлетiн. Аты аңызға айналған Валерий Кравченконы спартакиадада тәжiк командасынан көрiп қалып, Алматыға шақырды, оны жоғары деңгейге көтердi. Екi дүркiн олимпиада чем­пионы Нина Смолееваны өсiрген де – Ок­тябрь Қыдырбайұлы. Октябрь Нинаны ерлермен қатар жаттықтыратын. Алматы­дағы қазiргi «Спартак» стадионының маңын­дағы велотректiң орнында бұрын 3-4 волейбол алаңы бар болатын. Октябрь сонда Смоле­е­ва­ны жiгiттерге қарсы ойнатып, шеберлiгiн шыңдайтын. Нәтижесiнде Нина спортта орасан табыстарға қол жеткiздi. Халық сүйген адамның өлiмi бәрiмiздiң қабырғамызды қайыстырды. 1967 жылы Семейде ашық ядролық сынақ өтiп, соған Ор­талық комитет арнайы бригада ұйымдас­тыр­ды. Ол кезде Д.Қонаев еңбек демалы­сын­да едi, оның орынбасары Титов деген кiсi бригада құрамына сол кездегi ДОСААФ бастығы К.Бошаевты, комсомол басшысы Царевтi, спорт комитетi басшысының орын­басары Жарылқаповты қосыпты. Әдейi қосқан болар, мүмкiн... Арада екi жыл өтер-өтпесте Октябрь Қыдырбайұлы ақ қан ауруына шалдығып, өмiрден озды... *   *   * Октябрь аға туралы даңқты волей­бол­шы Николай Рогозин былай дейді: – Иә, Октябрь Қыдырбайұлының даңқ­ты спортшы, бiлiктi бапкер, нағыз азамат еке­нiне дау жоқ. Ешқашан еңсесiн түсiр­мей­тiн, үмiт үзбейтiн асыл адам едi. Бiрақ мен ол кiсiнiң спортшылығынан гөрi, ұйым­дас­ты­рушы­лы­ғы­на қатысты естелiк айтсам деймiн. Ол кезде «Спартак» стадионының ай­на­ласында гимнастика алаңы, күрес алаңы ашық болушы едi. Волейбол алаңдары да жеткiлiктi болатын. Маңынан қала аллеясы өтетiн. Стадионнан сәл аулақта сырахана тұрушы едi. Ол кезде қалада сырахана сирек, жұрт көбiнесе «Спартакқа» ағылушы едi. Сонда олар жолай стадионда жаттығып жүргендердi қызықтап, өздерi де ойнап кеткенiн бiлмей қалатын. Бiрте-бiрте жұрт сыраханаға емес, бiздiң жаттығуымызды көруге келетiн болды. Сондай күндердiң бiрiнде Октябрь (бiр қызығы, ол бiзге атын атататын, әкесiнiң атының кiм екенiн де бiлмейтiнбiз) жаттығуды тамашалап отыр­ған, байсалды киiнген адамды көредi. Оны­мен жақынырақ танысады. Сөйтсе, ол Ор­талық комитеттiң қаржы жөнiндегi басқар­масының бөлiм бастығы Семен Александрович Пак деген кiсi екен. Октябрь осы Пак арқылы Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановпен танысып, ақырын-ақырын спортқа демеушiлiкке тарта бастайды. Одан бiздiң «Буревестник» жаман болған жоқ. Қазiргi тiлмен айтқанда, Октябрь Қыдыр­бай­ұлы тамаша менеджер едi. Қазiр ғой, әрбiр қала басшылығы, облыс басшылығы өздерiне тиесiлi командаларға қаржылай, басқа да көмек көрсетiп жатады. Бұл дәс­түр­ге айналып кеттi. Ал елiмiзде осы дәс­түр­дi алғаш бастаған О.Жарылқапов едi. Октябрь – менiң спорттағы бағымды ашқан кiсi. Ол кiсi министрдiң орынбасары болып жүргенде де өзiнiң аңқылдақ, ақжар­қын қалпынан танған жоқ. 1967 жылы Ал­ма­тыда КСРО бiрiншiлiгiнiң I туры өттi. Мен 17 жастамын, жiгер деген асып-төгiлiп тұр. Бi­рақ бапкерiмiз Заңғар Жәркешев ой­ынға 6 ойыншыны қосса, оларды еш алмас­тыр­май-ақ аяқтауды тәуiр көредi. Менiң алаңға шыққым-ақ келiп отыр. Бiр кезде қарасам, қасымызда Октябрь тұр екен. «Жәр­кешевке айтшы, менi алаңға шы­ғар­сын», дедiм өтiнiп. Октябрь – министрдiң орынбасары, лауа­зы­мын көлденең тартып, Жәркешевке «ауыс­тыр» дей салса да ешкiм жазғырмас едi. Бiрақ ол басқа айла тапты. Орнынан тұра қалып: «У нас замена, замена!» – деп айғай салды. Жәркешев түк тү­сiн­бей қалды. Октябрь оның қасына жедел­детiп барып: «Рогозиндi Сау­ран­баевтiң ор­ны­на шығар, бойы ұзын, тос­қауыл қоюға жақсы», дедi. Волейбол ере­жесi бойынша ойыншы тез ауысуы керек. Жәр­кешев менi алаңға: «Бұлталақтап көзге түсе бермей, тыныш тұр ана бұрышта», деп жiбер­дi. Октябрьдiң осы тапқырлығы мен үшiн жаман болған жоқ, бiрте-бiрте нағыз дода ру­хын сезiнiп, сақа спортшыға айнала бер­дiм. Өкi­нiшке қарай, Октябрь Қыдырбайұлы өз «Бу­ревестнигiнiң» КСРО чемпионы ата­нуы­на небәрі 29 күн қалғанда көз жұмды... P.S. Қазақ спортының жарық жұлдызы Октябрь Жарылқапов атында елімізде бірде-бір спорт мектебі, үлкен қалаларда көше ата­уы, жалпы көзге ілігетін ештеңе жоқ. Қа­зақ ұлт­тық аграрлық университетінің спорт за­лы ғана даңқты волейболшының есімін осы­дан 5 жыл бұрын алған. 80 жылдық ме­рей­то­йына қарсы осы олқылықтың орны тол­­ты­рылса, жөн болар еді. Туған жері Түр­кіс­тан қаласында, өскен жері Алматыда Ок­тябрь есімін мектептерге, көшелерге берсе, қазақ спортының тарихына зор құрмет болар еді. Есей ЖЕҢIСҰЛЫ, журналист.