29 Маусым, 2011

Игілікті жобалар

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Он бесінші Петербург ха­лық­аралық экономикалық фо­ру­мы аясында Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков  ресейлік және шетелдік бірқатар ком­па­ниялардың басшыларымен кездесті. Мысалы, атақты «Мечел» ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төр­аға­сы И.В.Зюзинмен және ком­па­ния­ның  мемлекеттік органдармен іс-қимыл жөніндегі бірінші вице-президенті В.Тригубкомен әңгімелескен кезде   өзара ын­ты­мақтастықтың  және Қазақ­стан аумағында бірлескен перс­пективалы  жобаларды іске асы­рудың мәселелері тал­қыланды. Елшіліктің «Нұр Отан» және «Еди­ная Россия» партиялары­ның қолдауымен қолға алған Ржев-Вязьма шайқасының мұ­ра­жайын құру жолындағы қыз­меті туралы баяндап, «Мечел» басшылығын осынау игілікті жобаға қатысуға шақырды. Ал Мемлекеттік Эрмитаж басшылығымен кездесу кезінде бірлескен ғылыми экспедиция­лар мен зерттеулер,  көрмелер, мұражай қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарын  ұйымдастыру, арнаулы әде­биет­термен алмасу сала­сын­дағы ынтымақтастықтың жайы әңгіме болды. Сұхбаттасу ба­рысында Түркістан қаласында­ғы «Әзірет Сұлтан»  тарихи-мәдени мұражайының базасын­да Мемлекеттік Эрмитаж қо­рын­дағы экспонаттарды экспо­зициялау  жөнінде уағдалас­тық­қа қол жетті. Егер сәтін салып, осы уә­де­лес­тік ойдағыдай  жүзеге асып жатса, онда кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін ар­найы тапсырыспен ХІV ға­сыр­да алтын мен күміс қосып жа­салған әйгілі шырақшам – шы­рағдан жұртшы­лық­тың наза­ры­на ұсынылып, бұ­рынғы құт­ты мекенінде қайта төбе көр­сетіп қалуы әбден   мүм­кін.  Со­нымен бірге, кездесуде Ор­та­лық Азиядағы көшпелі ха­лық­­тардың ортағасырлық мәде­ниетімен байланысты басқа да экспонаттарды көбірек көрсету  жайына  назар аударылды. Елшінің Санкт-Петербургке сапары әдеттегідей  осы қалада тұратын отандастармен кездесуге ұласты. Елші жинал­ған­дарды Қазақстан Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  би­ыл­ғы халыққа Жолдауының негізге ережелерімен танысты­рып,  еліміздің экономикалық-әлеуметтік және индус­трия­лық-инновациялық даму жетістіктерімен  таныстырды. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.