29 Маусым, 2011

Бас қалалар бауырластығы

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
24-27 маусым күндері Астанада Анкараның мә­де­ниет күндері өтті. Түр­кия парламентінің өкіл­де­рі, әртістер мен  му­зы­кант­тар, шығармашылық ұжымдардан құралған Түр­кия делегациясын ел­ордаға Анкара қала­сы­ның мэрі Мелих Гокчек бас­тап келді. Анкараның Мәдениет күн­дері барысында 25 мау­сым күні елорда әкімдігінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ан­ка­ра қа­ла­сының мэрі Мелих Гокчекті қабылдады. Кездесу ба­ры­сын­да екі мемлекет астана­ла­ры арасындағы екіж­ақты ын­тымақтастық бағыттары тал­қыланды. Бүгінде Астана мен Анкара арасындағы екіжақты қарым-қатынастың негізін сау­да-экономикалық ынты­мақ­тас­тық, білім беру, медицина, сәулет өнері, индустрия саласындағы өзара арақатынас құрап отыр. Сонымен қатар тараптар ынтымақтастық бағытта­рын одан әрі кеңейтуге, тікелей байла­ныс­тардың көбеюіне және экономиканың перспективті салаларына инвестиция тар­­туға мүдделі. Бірақ кез келген іскерлік әріптестік рухани және мәдени құнды­лықтардың ортақтығына сүйенген адамгершілік байланыстарға негізделетіні ақи­қат. Астанаға түрік делегациясын бастап келген Анкара қаласының мэрі Мелих Гокчек екіжақты ынтымақтастықты атап өтіп, соңғы 10 жылда жеткен жетістіктерге тоқталды. «Біз Қазақстанды өзіміздің байырғы Отанымыз, Астананы өзіміздің байырғы қаламыз, Елордамыз деп білеміз. Қазақ халқын тек досымыз ғана емес, бауырымыз деп білеміз. Әр келген сайын көп өзгерістерді байқап жүрмін. Бұл өзгерістерге қызыға да қызғана қараймын. Зәулім ғимараттар мен жасыл желек қаланың шырайын кіргізіп, нағыз әлемдік деңгейдегі қалаға теңдестіріп отыр», деді ол. Өз кезегінде Астана қа­ласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов соңғы 10 жыл ішінде Астанада түрік ағайындарымыздың іскер компаниялары 50-ден астам ірі ғимараттар салғанын атап өтті. Оның айтуынша, бас қаланың ішкі өнімін екі үлкен сектор, құрылыс және шағын бизнес құрайды. Ал құры­лыс саласындағы жетістіктерде Түркия компанияларының үлесі зор. «Көптеген үлкен жобаларды, атап айтқанда, элек­тр­қуат,  жылу және көлік салалары бағы­тын­дағы жобаларды іске асыру жолын­дамыз. Сондықтан алдымызда ортақ істер көп, меніңше түрік компаниялары мін­детті түрде осыны іске асыруда өз үлес­терін қосады. Биылғы жыл біздің жас мемлекетіміз үшін ерекше жыл. Өйткені тәуелсіздігімізге жиырма жыл. Осы 20 жылдығымызды құрметтеп, Тәуел­сіздігімізді құрметтеп арнайы осын­дай шара ұйымдастырып отырға­ны­ңыз үшін сізге дән ризашылығымды білдіргім келеді», деді Иманғали Нұрға­ли­ұлы. «Біздің қарым-қатынас тек эконо­мика саласында болмауы тиіс. Сонымен қатар, мәдени қарым-қатынасымыз жоға­ры болу керек. Себебі, біз бір елміз, тіліміз, дініміз, діліміз бір», деп атай келе, И.Тасмағамбетов Астанадағы Анкараның мәдениет күндері екі ел халқы ара­сындағы гуманитарлық ынтымақтас­тық­ты дамытуға үлкен үлес қосатынына сенімді екенін алға тартты. «Түркияның Қазақстанға, әсіресе, Нұрсұлтан Назар­баев­қа деген ерекше сүйіспеншіліктері бар. Түркияда Нұрсұлтан Назарбаевқа қа­ла­ның орталығында ескерткіш орнат­тық. Бұл осы екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынасты көрсетеді. Сонымен қатар, Н.Назарбаев мырзаның екі медалін тағу құрметіне ие болдым. Сондықтан осылардың барлығы біздің қарым-қаты­насымыз қандай деңгейде екенін көр­сетіп тұр деп ойлаймын», – деді Анкара мэрі Астана әкімдігінде өткен кездесу барысында. Анкараның Астанадағы мәдени күн­де­рінің ресми ашылуы «Қазақстан» ор­та­лық концерт залында жалғасты. Оған Түркияның өнер шеберлері, шығар­ма­шы­лық ұжымдары мен белгілі түрік ән­шісі, тенор дауысты Ферхад Гучер қа­тысты. Ділі мен дінін жоғалтпаған түрік бауырларымыздың өнері көпшілікті сүй­сінтті. Алдымен халықаралық деңгейде танымал «Фонгед» би ансамблі тобы  түрік тарихын би қойылымымен бейнелеп берсе, Ферхад Гучер мырза қазақ әндерін шырқады. «Жұлдызым» мен ха­лық әні «Қамажай», Елбасының «Үш қо­ңыры» түрік бауырларымыздың өңдеуін­де өте әсерлі шықты. Бұл күні «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында да Анкара әртістері өнерлерін паш етті. Ал жексенбі күні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Анкара мэрі Мелих Гокчек «Ататүрік» ескерткішіне гүл шоғын қойды. Сондай-ақ делегация өкілдері «Yunus Emre Foundation» түрік мәдени орталығында ағаш отырғызды. Кез келген елді ел ететін оның діні мен ділі, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Қолдарынан таспиғын тастамай еркін көсіле билеген түрік бауыр­лары­мыз ділі мен тілінен ажырамағандығына осы мерекелік концертінде куә болдық. Түрік бауырлар еліміздің тәуелсіздігіне арналған кешке қатты дайындалып келгенге ұқсайды. Осылайша, Астанада өткен Анкара мәдениет күндері бауыр­лас­тықты, тарихи тамыр бірлігін, қала­лар достығын тағы бір мәрте паш етті. Венера ТҮГЕЛБАЙ.