29 Маусым, 2011

Азық-түлік белдеуі: Аты бар, заты қандай?..

724 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Маусым айының басында өткен Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Астана қаласының азық-түлікпен қам­та­масыз етілуі бойынша берілген менің тапсырмаларым орын­дал­мағанын атап өтуге тиістімін. Ал бұл мәселені іске асы­руға бөлінген қаражат жеткілікті болатын. Атап айтқанда, Астананың өне бойын қоршай азық-түлік белдеуі құрылған жоқ, коммуналдық рыноктар ашылмады. Базарларды делдалдардан тазартып, бағаны түсіруге ықпал ету керек деген едім, ол да орындалмады деп атап көрсетті. Иә, еліміздің бас қаласын сапалы да қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі сонау бір астананы Алматы­дан Ақмолаға көшіру кезеңі басталған ал­ғашқы жылдарда-ақ күн тәртібіне қой­ыл­ған болатын. Астананың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің өзінде-ақ Үкіметтің, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қала әкімдігінің алдына «Аста­наның азық-түлік белдеуін құру» туралы кешенді міндет қойған болатын. Ғасырлар тоғысы басталған сәтте Астана қала­сы­ның және Ақмола облысының әкімдіктері Мемлекет басшысының осы тапсырма­сы­на байланысты бас қала төңірегінде орна­лас­қан аудандардың қаланы ет, сүт, жұ­мыртқа және көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз етіп тұруы жөнінде өзара тиімді келісім жасап, арнаулы құжаттарға қол қойған болатын. Елбасы 2008 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету мақсатындағы стратегиялық тапсырмаларды күн тәртібіне қойды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі «2010-2014 жылдарда Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін құру жөніндегі бағдарлама» белгіледі. Міне, жоғарыда айтылған шаралар бары­сында Целиноград ауданының «Родина АФ» ЖШС, «Ижевский» ӨК, Аршалы ауданының «Поиск» ЖШС, «Дастархан» ШҚ, Шортанды ауданының «Возрождение» ЖШС, Еңбекшілдер ауданының «Ақ бас» ЖШС және басқалар Астана қала­сын барлық азық-түлік өнімдерімен, көк­өністің барлық түрлерімен қамтамасыз ету туралы кешенді шаралар жасаған болатын-ды. Мемлекет басшысы атап көрсеткен­дей, бұл кешенді жұмыстарды іске асы­руға бөлінген қаражат та жеткілікті еді. Мәселен, «ҚазАгроФинанс» АҚ тек 2008 және 2009 жылдары ғана Астана қаласы азық-түлік белдеуін жасау шараларына 5,5 миллиард теңге қаржы бөлді. Бұл қар­жыға Ақмола және Қарағанды облыс­та­ры­ның Астана қаласына жақын орналас­қан аудандарында 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Мәселен, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданындағы «Қаз­гер Құс» ЖШС-ын қайта құруға 2,2 миллиард теңге, «Ақмола-Феникс» АҚ-да жұ­мыртқа өндіру өндірісін кеңейтуге 155 миллион теңге, ет өнімдерін қайта өң­дейтін «Бай-Азат» ЖШС-на 600 миллион теңге, Қарағанды облысындағы «Тай» ЖШС-на 143 миллион теңге қаржы берілді. Қорыта айтқанда, «Астана азық-түлік бел­деуін» қалыптас­ты­руға мемлекет қор­жы­нынан миллион­да­ған қаржы бөлінді, нақ­ты бағдарламалар жасалынып, жан-жақ­ты қолдау көрсетілді. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» дегендей, Астана қаласының азық-түлік қорына сол азық-түлік белдеуінің қосқан үлесі мардым­сыз. Қыруар қаржы құмға сіңген судай қай­тарымсыз  кетті. Бас қаланың базар­ла­ры мен дүкен сөрелері сол баяғысынша Қы­тай­дың көкөнісі мен Ресейдің сүт ұнтағынан жасалған өнімдермен сауданы сапырып жатыр. Қаладағы миллиондаған қаржыға са­лын­ған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібі шикізат тапшы­лы­ғынан тұралап тұр. Мәселен, Астана қала­сындағы 6 ет өнімдерін қайта өңдеу кәсіп­орындары толық қуатының 30 пайызы көлемінде ғана жұмыс істейді. Сүт өнім­дерін шығаратын атақты «Фудмастер» ком­паниясы  қала маңайынан сатып ала­тын сүт таба алмай, өнім өндіру көлемін күрт төмендетіп жіберген. Тіпті, шыға­ра­тын өнімдерінің өзіне шеттен әкелінетін сүт ұнтақтарын қосып, көзжұмбайлап келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­деу өнеркәсібінің шикізат жетімсіздігінен жүйесіз жұмыс істеуге көшуі Астана қа­ла­сының азық-түлікпен қамтамасыз еті­луінің сапасына, көлеміне және бағасына елеулі нұқсан келтіруде. Сонау Ақмола қаласы астана дәре­же­сін алмай тұрған кезеңнің өзінде, қала ма­ңайында мыңдаған тонна көкөніс өнім­де­рін өндіретін мамандандырылған ірі ша­руашылықтар болатын. Тіпті, Целиноград облысының шаруашылықтары өндіретін ет, сүт өнімдері, мыңдаған тонна картоп, қияр және басқа да көкөніс өнімдері Ресейге, оның ішінде Мәскеу қаласын қам­та­масыз етуге жөнелтілетін. Ал сол ша­руашылықтардың орнын толтырып, жұ­мы­сын жандандырып, тәуелсіздігіміздің төл жетістігі – Астана қаласын азық-түлік молшылығының орталығына айналдыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы жылдары шыбық басын сындырмады десе де болғандай. Астана төңірегінде құрылған азық-түлік белдеуіне кіретін шаруашы­лық­тар­дың өндірген өнімі бас қаламыздың сұ­ра­нымын қанағаттандыруға қауқарсыз бо­лып отырғаны бүгінде ақиқатқа айналды. Қала тұрғындары сүт өнімдерінің жетімсіздігін ерекше сезінуде. Сүт өндіретін шаруашылықтар қаладағы қайта өңдеу өнеркәсіптерінің сұранымын мүлде қа­на­ғаттандыра алмайды. Сондықтан олардың басым бөлігі шеттен келетін сүт ұнтақ­тары­мен жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Азық-түлік белдеуі аумағында өн­дірі­летін ет шикізаты қаладағы шұжық шы­ғаратын кәсіпорындарға жетпейді. Қа­ла­дағы шұжық шығаратын кейбір кәсіп­орындар шетелден әкелінетін шикізатпен жұмыс істеп тұр. Ол ол ма, Астана қала­сын­дағы алдыңғы қатарлы мейрамханалар етпен жасалатын тәтті тағамдар үшін Бразилия және Аргентинадан ет өнім­де­рін алдырады. Бұл орайда асыл тұқымды мал етін өндіру жөніндегі Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің бағдарламасы даурықпа сөз, құр қағаз жүзінде қалып келеді. Астана қаласының көкөніске деген сұранымы еліміздің оңтүстік өңірлерінен және Қытайдан әкелінетін өнімдермен ғана қанағаттандырылып келе жатқаны жасырын емес. Азық-түлік белдеуіне кіретін қала маңындағы шаруашылық­тар­дың өндірген көкөнісі сапасыз әрі мар­дым­сыз. Өсімдік майын шығаратын, жеміс-жидек өсіретін фермерлік шаруа­шы­лық­тар санын ұлғайту туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Миллиондаған қаржы да бөлінді. Алайда нәтиже көңілдегідей емес. Мыңғырған мал өсіруге арналған Са­рыарқада бір қаланың қажетін қана­ғат­тандыра алмай келе жатқан мал шаруа­шы­лығы туралы айтудың өзі ұят. Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды мал өсіреміз, Қазақстанда ет молшы­лы­ғын жасап қана қоймай, Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз деп «жұмақ» орнатқанына да біраз уақыттың өрмегі ауды. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын жұмсап, мұхиттың арғы жағынан асыл тұқымды мал тасылуда. Бірақ олардың біздің өңірге қашан жерсініп, қашан ет молшылығына кенелтетіні әлі күнге күмәнді болып отыр... Мемлекет басшысы осыдан біраз жылдар бұрын базарларды делдалдардан тазартып, бағаны түсіру үшін және ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында коммуналдық базарлар ашу жөнінде тапсырмалар берді. Бұл міндет те межеге жеткен жоқ. Астанада әлі күнге дейін «Шапағат» атты бір ғана коммуналдық базар жұмыс істейді. Оның өзі «монополистік» мәртебесін пұлдап, бағаны арзан­да­туға құлықты емес. Қалада бүгінде 28 жеке меншік базар жұмыс істеп тұр. Ойлап көріңіз, бір коммуналдық базардың 28 жеке меншік базармен баға үшін бәсекеге түсуі мүмкін бе? Аты бар да, заты беймәлім «Астана азық-түлік белдеуінің» жұмысын дұрыс жолға қою үшін тағы да Мемлекет бас­шы­сының тікелей араласуына тура келді. Астана қаласын одан әрі дамыту мәсе­ле­сіне арналған маусымдағы кеңесте Елба­сы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын сын тезіне алып, нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты соңғы кезде Үкіметте және Астана қаласының әкімдігінде «Астана азық-түлік белдеуі­нің» жұмысын жандандыру мақсатында бірнеше мәжіліс өткізіліп, нақты шешімдер қабылдана бастады. Қайта пысықталған қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде жақын жерде орналасқан аудандардан азық-түлік өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту, импорт өнімдерінің кө­ле­мін азайту шаралары қазір Астана қала­сында жалпы сыйымдылығы 21 мың тон­на­ны құрайтын 4 көкөніс сақтайтын қой­ма және сыйымдылығы 2400 тоннаны құ­райтын азық-түлік сақтайтын терминал жұмыс істейді. Жақын арада жалпы сый­ымдылығы 40 мың тонналық тағы бірнеше қойма салу жоспарланды. Елбасының тапсырмасымен құрылған «Астананың азық-түлік белдеуі» бағдарламасына сәй­кес Ақмола облысының 17 ауданының және Қарағанды облысының 4 ауданының бас қаланың төңірегінен 300 шақырым қашықтықта орналасқан шаруашылық­тары­ның шығаратын өнімдері қайта сараптаудан өткізілетін болады. Осы келелі мәселеге байланысты «Нұр Отан» ХДП Астана филиалында жақында өткен мәжілісте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл кешенді проблеманы шешу үшін жалпы көлемі 1 миллиард теңге болатын тұрақтандыру қоры құры­латындығын атап көрсетті. Қордың мақ­саты – күз айларында арзан бағамен азық-тү­лік өнімдерін көптеп сатып алып, баға­ны тұрақтандыру үшін бұл өнімдерді рет-ретімен босатып отыратын болады. Соны­мен бірге қазіргі уақытта «Астананың азық-түлік белдеуі» бағдарламасын жан­дандыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігінде және «ҚазАгро» холдингінде ауылшаруашылық өндірісі көлемін ұлғайтуға байланысты бірнеше инвести­ция­лық жобалар қарастырылуда. Бас қа­ла­ның базарлары мен дүкен сөрелерін азық-түлік тауарларының молшылығына айналдыру мақсатында қазір Ақмола және Қарағанды облыстарында 38 инвес­ти­циялық жоба іске қосылмақ. Жоспар ауқымды, болашаққа белгіленген бағдар­ла­мадан бас айналады. Бірақ осының бәрі тағы да құр даурықпа мен қағаз  жүзінде қалмаса болғаны. Қала тұрғындары үшін қандай бағдарлама қабылданғандығы, қандай заманауи инвестициялық жоба жүзеге асырылатыны мансұқ емес, олар үшін дүкен сөрелерінде сапалы азық-түлік молшылығы болса болғаны. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.