Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы
1. Елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси жаңғыртуды ақпараттық қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының зор рөлін ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынымдарын қарай келіп:
Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары мыналарға берілсін:
Асқар Амангелдіұлы Әукеновке – «Панорама» газеті бас редакторының орынбасары, қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінің өзекті мәселелеріне арналған талдау мақалалар топтамасы үшін;
Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевқа – Қазақстан журналистикасы академиясының президенті, отандық журналистиканы дамытуға және қазақстандық журналистердің жаңа толқынын тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін;
Сергей Владимирович Кузовниковке – «Аргументы и факты Казахстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясатындағы өзекті қырларына арналған мақалалар топтамасы үшін;
Юрий Михайлович Солозобовке – ресейлік саясаттанушы және публицист, «Қазақстандық жол: Тәуелсіздік хроникасы» атты көп сериялы деректі фильмі үшін;
Болатбек Көрпебайұлы Төлепбергенге – «Шалқар» радиосының бас редакторының орынбасары, Қазақстанның жаңа тарихына арналған талдау мақалалар топтамасы үшін;
Қазақстан Республикасы Президентінің гранттары мыналарға тапсырылсын:
Марк Қабдығалиға (Марк Айсбергке) – Ұлттық баспасөз клубының вице-президенті, әлеуметтік-саяси проблемалар жөніндегі өзекті мақалалар топтамасы үшін;
Әлисұлтан Мұқанәліұлы Құланбайға және Жақсыбай Баянұлы Самратқа – «Егемен Қазақстан» газетінің шолушылары, елімізді әлеуметтік-саяси жаңғыртудың өзекті қырларын жария етуге бағытталған мақалалар топтамасы үшін;
Тілеуқабыл Үсенұлы Мыңжасарға – «Хабар» агенттігінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі, өңірде аграрлық саланы дамыту мәселесіне арналған материалдар топтамасы үшін;
Максим Валерьевич Шиманскийге – «Казахстанская правда» газетінің саясат бөлімінің редакторы, Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы және сыртқы саясат туралы материалдар топтамасы үшін;
«Арқа ажары» газетінің шығармашылық ұжымына – өңірдің қоғамдық-саяси өмірі мен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін терең ашып көрсеткені үшін;
«Заң газеті» мен «Юридическая газета» газеттерінің шығармашылық ұжымдарына – құқықтық реформаның үдерісін белсене жариялағаны және халықтың құқықтық мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін;
мыналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жариялансын:
Нұржамал Тегінбайқызы Байсақаловаға – «Алматы ақшамы» газетінің денсаулық және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, БАҚ-та әлеуметтік саланы дамыту, саламатты өмір салтын нығайту мәселелерін жариялағаны, ана мен бала проблемаларын шешуге қосқан үлесі үшін;
Серікбек Мейрамбекұлы Жанболатқа – «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы, отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін;
Гүлбаршын Айтжанбайқызы Сабаеваға – «Айқын» газетінің тілшісі, әлеуметтік-саяси жаңғыртудың өзекті қырларын жариялауға бағытталған мақалалары мен сұхбаттары және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне арналған «Елшілер сөйлейді» авторлық жобасын жүргізгені үшін;
Зейнекүл Қатшыбекқызы Сейсеноваға – «Достық – Дружба» журналының бас редакторы, қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселелерін жариялауға қосқан үлесі үшін;
Дәулетқазы Сейсенұлына – «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қатысу мәселелеріне арналған мақалалар топтамасы үшін;
«Қазақстан» телеарнасының «Қазақтың 100 әні» телевизиялық бағдарламасының шығармашылық ұжымына – қазақстандық патриотизмді нығайтуға, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін;
«Караван» газетінің шығармашылық ұжымына – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және саяси даму мәселелерін терең және жан-жақты жариялағаны үшін.
2. Осы Өкім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2011 жылғы 27 маусым.
№25