Ислам Конференциясы Ұйымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деп аталатын болды.
Бұл шешім – еліміздің Ислам әлеміндегі биік беделінің келісті көрінісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясындағы сөйлеген сөзі
Бисмиллаһи ир-Рахмани ир-Рахим!
Қадірлі қонақтар,
Ханымдар мен мырзалар!
Сіздерді кеңпейіл Қазақстан халқы атынан ыстық ықыласпен қарсы алғаныма зор қуаныштымын!
Биыл еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеп жатқан Қазақстан үшін Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етудің тарихи маңызы өте зор.
Бүгінде бейбітшілік, ынтымақтастық және даму үшін Ислам Конференциясы Ұйымының қажеттілігі арта түскені бәрімізге белгілі.
Бұл ұйым – төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін «Ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы» міндетін атқарып отырған бірегей құрылым болып саналады.
Бүгінгі алмағайып заманда Умма салмақты проблемалармен бетпе-бет келіп отыр.
Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет.
Умманың жиынтық экономикалық әлеуеті шексіз және бізге өзара тиімді ынтымақтастық, өзара көмек және дамуға ықпалдастық тұрғысынан күш біріктірген ұтымды болады.
Сауда-инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және білім беру бағдарламаларын іс жүзіне асыруда Ислам ынтымақтастығы біздің ұйымның басты қағидаты рөлін атқарады.
ИКҰ-ға мүше мемлекеттер тұрғындарының орташа сатып алу қабілеті тоғыз жарым мың долларды құрайды, ал Еуропа елдеріндегі балама көрсеткіш жиырма төрт мың доллардан асады.
Ислам Конференциясы Ұйымы елдер арасындағы дамудың өзінде үлкен айырмашылықтар бар.
Мәселен, жан басына шаққандағы ІЖӨ аса дамыған және дамымаған мемлекеттер арасында 100 пайыз айырмашылықты құрайды.
ИКҰ-ға мүше елдер әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылауында ұстап отыр.
Алайда оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек қана 7,5 пайызы және әлемдік тауар айналымының 11 пайызы ғана келеді.
Жағдайдың бұлай қалыптасуы біз үшін мүлдем орынсыз деп санаймын.
Біздің ұйымға мүше әрбір мемлекеттің, тұтастай алғанда Умманың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату қажет.
Сондықтан ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы үшін интеграциялық стратегия дайындауды ұсынамыз.
Осыдан үш апта бұрын өткен Бүкіләлемдік жетінші Ислам экономикалық форумында мен бірқатар нақты ұсыныстар енгізсем, олар негізінен қабылданды.
Атап айтқанда, он жетекші мұсылман экономикалық тобы үшін үнқатысу алаңын құруды ұсындым.
Ұйымға мүше 57 мемлекеттің тек 10-ы ғана мұсылман елдері қоғамдастығы өнімі жиынтығының 80 пайызын шығарады.
ИКҰ шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек көрсету жүйесін жөнге қойған жөн. Өйткені, бұл күн өткен сайын үлкен проблемаға айналу үстінде. Ал азық-түлік жетіспеушілігі бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналып отырса, мүдделі елдерде оның пулын ұйымдастырған ұтымды болмақ. Біз ондай ұйымның штаб-пәтерін азық-түлік ресурсын экспорттайтын мемлекет ретінде Қазақстанда орналастыруға дайынбыз.
Бүгінде энергетикаға ауқымды инвестициялардың маңызы өте жоғары.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, 2030 жылға дейін энергия қуатын өндіру және тасымалдау үшін 17 триллион АҚШ долларын шығындау қажет болады.
Біздің еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша «Экспо-2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізуге өз кандидатурасын ұсынды.
ИКҰ-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан біздің бастамашылдығымыз қолдауға ие болады және ұйым мүшелері ұсынылған тақырыпты талқылауға белсене қатысады деп үміттенемін.
Мұсылман елдері проблемасын шешуге іштен келу қажеттігіне сенімдімін.
Ислам әлеміне дамудың шикізаттық бағытынан индустриялық-инновациялық қырына қарай көшу қажет.
ИКҰ аясында энергетикалық салада инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық бойынша іс-әрекеттің бірлескен жоспарын әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ Халықаралық инновациялық орталық құруды ұсынамын.
ИКҰ аясында шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін қалыптастыру ісі маңызы зор басым бағыт болып табылады.
Біз Ислам даму банкі қасынан Шағын және орта бизнестің арнаулы қорын құруды ұсынамыз.
Әлемдік экономикалық дағдарыс ислам қаржы-экономикалық моделінің тұрақтылығы мен өміршеңдігін айқындап берді.
Умма әлемге ұсына алатын пайдалы және тиімді өнімдердің бірі ислам қаржыландыру жүйесі болып табылады.
Қазақстан өзінде Ислам банкін ашты.
Біз Қазақстанда ислам қаржыландыруы мен өңірлерде исламдық қаржыландыру құралдарының бенчмаркингін құруды белсенді түрде алға жылжытудамыз.
Ислам банкингі жөнінде халықаралық конференция өткізуді, сондай-ақ Алматыны ислам қаржыландыруын қолданатын өңірлік қаржы орталығы ретінде дамытуды ұсынамын. Бұл конференцияны да сонда өткізуге болар еді.
Ақыр аяғында ислам әлемі өзінің артықшылықтарының бірі – демографиялық өсім әлеуетін пайдаланып, оны тұрақты экономикалық дамудың ажырамас бір бөлігіне айналдыруы тиіс.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша 2030 жылы мұсылман әлемінде 2,2 миллиард адам өмір сүретін болады. Бұл – планета халқының төрттен бір бөлігі деген сөз.
Орасан зор адам ресурстары сайма-сай білім және ғылыммен қамтылуды қажет етеді.
Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жылжуына қабілет танытатын интеллектуалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс.
Орта ғасырларда ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады.
Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болып табылды. Олар ғалымдар, әдебиетшілер мен кітап шығарушылардың ірі қауымдастығын өздерінде шоғырландыра білді.
Мұсылмандар көрші елдердің қызығушылығы мен таңданысын туындатқан қуатты интеллектуалдық өркениетті құра алды.
Қайта өрлеу заманының қарсаңында христиандық Еуропа шығыс киімдерін киді және мұсылмандардың философиялық шығармаларын оқуды дәстүрге айналдырды.
Араб цифрлары мен есептеу жүйесінің пайда болуы математикада, алгебрада, геометрияда танымдық төңкеріске әкелді. Осының негізінде Еуропаның мұнан кейінгі гүлденуіне қызмет еткен оқытушылық жүйесі қалыптасып, сәулеткерлік пен сауда дамыды.
Міне, осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене және бірлесе отырып біз ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғыртуға міндеттіміз.
Мұсылман әлемінің интеллектуалдық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалғандығын зерттеп, түсінуіміз қажет.
Ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады?
Неліктен ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр?
Соңғы жиырма жылда мұсылман елдерінде жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында әлемдік деңгейдегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде?
Бұл шындықты байқамаудың өзі мүмкін емес.
Әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы идеялардың пісіп-жетілуі мен жаңалықтардың ашылуына ақша мен табиғи ресурстар емес, бірінші кезекте интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси ахуалдың қажет болатындығы әбден айқын.
Бірқатар мұсылман мемлекеттер бүгіннің өзінде осы бағытта алға басып келеді. Оларда әлемдік деңгейдегі университеттер ашылуда.
Астанада ашылған Халықаралық Университет солардың бірі болып табылады. Мұнда инженерлік, жаратылыстану-техникалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша әлемдік деңгейде білім берілуде.
Пайғамбар, оны Жаратқанның өзі жарылқасын, білімге бара жатқан адам Алланың жолына түседі деген жоқ па еді.
Құрметті достар!
ИКҰ жаһандық деңгейдегі жаңа ұсыныстарды әзірлеп, шешімдер қабылдау үдерісіне белсене қатысуы тиіс деп есептеймін.
G20 саммиттерінің жұмысына ИКҰ өкілдерінің қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.
Бұл «жиырмалықтың» өкілеттілігін арттырып, ИКҰ елдеріне халықаралық «күн тәртібіндегі» маңызды мәселелер жөнінде өздерінің топтастырылған ұстанымын қорғауға мүмкіндік берген болар еді.
Халықаралық ынтымақтастықтың күшеюін жалпы мұсылмандық экономикалық интеграция мен өзара әрекеттестікті дамытудың сапалы кезеңі деп есептейміз. Орталық Азия мен ынтымақтастық жөніндегі ИКҰ әрекеттестік жоспарының әзірленуі осыған жақсы мысал бола алады.
Ауғанстандағы тұрақсыздық біздің бәріміздің ортақ мазасыздануымызды туындатады.
Ұйымның өзі есірткі бизнесі мен күрес жөніндегі өзіндік мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырмағандығын мойындауымыз керек. Соңғы он жылда ауған героинының өндірісі мен есірткі трафигі он есе өсті. Біз есірткі бизнесімен күресте және көптен бері зардап шегіп келе жатқан ауған халқына көмек көрсетуде өз мүмкіндіктерімізді толық пайдаланып отырғанымыз жоқ.
Ауғанстан жөніндегі ИКҰ арнаулы өкілінің қызметін белсенді етумен қатар ИКҰ аясында осы елге көмек көрсету мәселесімен шұғылданатын арнаулы жұмыс тобын құруды ұсынамын.
Жаһандық шақырулар алдында Умманың барлық мемлекеттерінің күш-жігерін біріктірудегі біздің ұйымның белсенділігі мен институттық рөлін күшейту қажет.
Дакарда 2008 жылы қабылданған ИКҰ жаңа Жарғысы бізді осыған бағыттайды.
Ол ұйымды ИКҰ-ны реформалау мен жалпы жаңғырту контексінде жаңа сипаттама беруге, оның органдарының тиімділігін арттыруға шақырады.
Атап айтқанда, ИКҰ-ға тиімді орган – терең болжау-талдау жұмыстарын жүргізе алатын, мемлекет басшыларына ұйымның өз ішінде және бүкіл әлем бойынша оқиғалардың өрбу жағдайына байланысты мүмкін сценарийлер мен нұсқаларды ұсына алатын институт немесе орталық қажет.
Қазақстан бастамашылдығы бойынша Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылуы азиялық континентте қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың көпжақты тамаша құралына айналды. Оған қатысушы 24 мемлекеттің 15-і ИКҰ мүшелері болып табылады.
Біздің жалпы күш жұмсауымыздың арқасында ИКҰ-ның АӨСШК, ЕҚЫҰ, ШЫҰ-мен үнқатысуының негізі орнықты.
Біз оны одан әрі дамытуға барлық жағынан ықпал етуге ниеттіміз.
Қазақстанның бүкіл әлем бойынша қуаттылығы жөнінен төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жапқандығы, ядролық қарудан тыс орталық-азиялық аймақты құрудың белсенді қатысушысына айналғандығы өздеріңізге белгілі.
Мен өз халқымның атынан Қазақстан Президенті ретінде Сіздерді Таяу Шығыста ядролық қарулардан тыс аймақты құруға, ал болашақта ядролық қарусыз жаһанды қалыптастыру ісіне белсене қатысуға шақырамын.
Халықаралық лаңкестік, ең алдымен, мұсылман әлеміне үлкен қатер төндіруде.
Бізге ислам мемлекеттерінің осы қатерге қарсы тұратын сайма-сай тәсілдерін ынтымақтаса отырып әзірлеу қажет.
Палестиналықтардың өз мемлекетін құру жөніндегі заңды құқықтарының жүзеге аспауы, Шығыс Иерусалим мәртебесі туралы мәселенің шешімсіздігі, босқындардың ауыр жағдайы тек Таяу Шығыста ғана емес, сонымен қатар, одан шеткері аймақтарда да күрделі жағдайдың қалыптасу көзі болып отыр.
Біз өңірде БҰҰ қарарымен сәйкес бейбіт реттеу жөніндегі бастамашылдықты қолдаймыз.
Қазақстан ИКҰ-ға күрделі кезеңде төрағалық етіп отыр. Жиырма бірінші жүзжылдықтың басында ислам әлемі елеулі әлеуметтік-экономикалық проблемаларға және саяси сілкіністерге тап келіп отыр.
Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада орын алған оқиғаларға сұрыптау жасау барысында бұл сілкіністердің басты себебі бұл елдердегі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар болып отырғандығын көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бастап халықтың әл-ауқатын көтерудің басты тұғыры экономикалық даму екендігіне басымдық берді және біз дұрыс қадам жасадық. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішінде жан басына шаққандағы ІЖӨ 12 еседен астам өсіп, 10 мың долларды құрап отыр.
Біз жақын арадағы 5 жыл мерзім ішінде бұл көрсеткішті бір адамға шаққанда 15 мың долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл алынатын меже.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандықтардың табысы 17 есе өсті.
Міне, осындай жетістіктердің арқасында жыл сайын біздің бірнеше миллиондаған азаматтарымыз шетелдерде демалуға мүмкіндік алады, 30 мыңнан астам жас қазақстандықтар шетелдердің алдыңғы қатарлы беделді оқу орындарында дәріс алуға мүмкіндік алды.
Жаһандық дағдарыстың ауыр кезеңінде Қазақстанда жұмыссыздық өскен жоқ, керісінше, төмендеді.
Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын 10 жыл ішінде, бүгін өздеріңіз қонақ болып отырған жаңа астана – Астана қаласы салынды.
Экономикаға басымдық беру бізді тиімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдағы рухани келісім және саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге әкелді.
Ислам үдерістерін қайта пайымдау және сақтау, қоғамды модернизациялау – міне, біздің даму жолымыздың траекториясы осындай.
Қазақстан мұсылман тұрғындары басым болып саналатын зайырлы мемлекет.
Біз барлық мұсылмандардың бір-біріне және өзге діннің барлығына деген төзімділігі, байыптылығы және танымдылығы негізінде бірігуін жақтаймыз.
Біз мәдени-діни дәстүрлерді және әртүрлі этностардың ерекшеліктерін сақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруға және халықтың әлеуетін одан әрі көтеруге бірінші кезекте басымдық береміз.
Мұсылман мемлекеттері неғұрлым табысты болса, солғұрлым әлемде Ислам бейнесі тартымды болмақ.
Әлемдік саясаттың өте күрделі проблемаларының бірі мұсылман әлемінің басқа әлеммен, бірінші кезекте Батыспен күрделі қарым-қатынасы болып отыр.
Мұсылман әлемінің бүгінде батыстық пайым бойынша бірінші кезекте радикалды бөлігі басымдылық алып, әлем жұртшылығы көзқарасы бойынша негізсіз үрей туғызады.
Бұл ретте исламның бірінші кезекте жалпы адамзаттық құндылықтарды адамгершілік, төзімділік және әділеттілік қасиеттерді насихаттайтындығын атап көрсету керек.
Ислам дінінің негізгі тұғыры экстремистікті, оның ішінде діни танымдарды жамылатын лаңкестік құрылымдармен ешқандай байланысы жоқ.
Лаңкестіктің салдарынан ең бірінші ислам мемлекеттерінің азаматтары зардап шегетіндігі белгілі.
Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде былай делінеді: «Дін – зорлық-зомбылықтан бас тарту. Ешқандай мұсылман баласы зорлық-зомбылықты қолдауға тиісті емес».
Біздің алдымызда екі өте маңызды міндет тұр.
Бірінші – саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұруды үйрену.
Біз Исламның саяси зорлық-зомбылықпен, экстремизммен және лаңкестікпен ешқандай байланысы жоқ екендігін үзілді-кесілді мәлімдеуге тиістіміз.
Бүкіләлемдік Жетінші Ислам экономикалық форумында мен біртұтас медиялық ислам жобасын жасау жөнінде ұсыныс жасадым.
Қазір осы жобаға қарсы Интернетте «жаңа медиялық» қуатты қарсылықтар қарқын алуда.
Осыған байланысты мен мұсылмандық рухани құндылықтарды тарататын, жастардың Ислам діні мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыратын, біздің ұйымымыздың қызметін насихаттайтын е-ISLAM Интернет-ресурсын құруды ұсынамын.
Екінші міндет – Мұсылман әлемі және Батыс әлемі арасындағы ашық және әділетті үнқатысуды барынша жандандыру керек.
Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы міне, осы игілікті мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған.
2008 жылы Астанада бірінші рет Мұсылман әлемі мен Батыстың сыртқы істер министрлерінің Конференциясы өткізілді.
Бізге Батыс және Умма мемлекеттері арасындағы өзара түсіністікті тереңдету жөніндегі үнқатысу үшін 60-тан астам мемлекет пен халықаралық ұйымның өкілдерін жинауға мүмкіндік туды. Менің ойымша, ресми тұлғалардың осындай үнқатысуын өткізуді жалғастыру қажет.
Қасиетті Құранда мұсылман емес адамдармен пікірталас және үнқатысу негізін жүргізу туралы былай делінеді: «Жаратқанның қасиетті жолына ғұламалықпен және ізгі ісіңмен баста және олармен болатын пікірталасты ізгілікпен жалғастыр».
Бұл әртүрлі пиғылдағы экстремистердің әлемде өзара жаулық дәнін сеуіп, «өркениеттер қақтығысы» деген текетіреске тартып жатқан кезеңде ерекше маңызды болып табылады.
Бұл негізінен дұрыс емес және құрдымға апаратын себеп.
Христиан және мұсылман өркениетінің қақтығысына бізді итермелейтін бұл пиғыл біздің планетамыздағы тіршілікті жойып жіберуге әкеліп соғатындығы әбден мүмкін.
Неліктен бұл барлығымызды тоқтата алмайды?
Осы сұрақ төңірегіндегі салиқалы ой бізді бейбітшілікті және өзара түсіністікті қалыптастыруға итермелеуге тиіс.
Тарихи тұрғыдан ислам, христиан және иудаизм өзара бір-бірімен жақын, біздің діндеріміз өзара тәуелді және бірін-бірі толықтырып отырады.
Біз бір ғана Құдайды мойындаймыз, біздің діндерімізде бір ғана ыбырайымдылық – абрамдық негіз бар.
Біз «өркениеттер қақтығысының» орнына «өркениеттер бірлестігін» ұсынамыз.
Біз өзара қақтығыстың орнына барлық әлем еститіндей мұсылман және христиан әлемі арасындағы ашық та әділетті үнқатысуға шақырамыз.
Мұндай қадам Умма тарапынан Исламға деген құрмет пен сенімділікті арттырады.
Қазақстанда мұсылман мешіттерінің мұнаралары, христиан храмдары мен иудейлік синагогалардың күмбездері бейбіт қатар өмір сүреді, сіздердің оларға баруға және көруге мүмкіндіктеріңіз бар. Бізде 130-дан астам этностың өкілдері бейбіт қатар өмір сүреді.
Бұл іс жүзінде біздің еліміздің бейбітшілік және толеранттылықты насихаттауға қосқан үлесі болып табылады.
Қазақстан өткен жылы ең ірі еуроатлантикалық ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аяқтады.
Осы Астанада, нақ өзіміз отырған осы залда 11 жыл үзілістен кейін алғаш рет осы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтті.
Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың мүмкіндіктерін ИКҰ шеңберіндегі байланыстарды кеңейтуге, мұсылман әлемі мен Батыстың түсіністігін тереңдетуге, Орталық Азия проблемалары мен сұраныстарына Еуропа мен АҚШ-тың назарын аударуға пайдаландық.
ЕҚЫҰ-ға төрағалығының бай тәжірибесін пайдалана отырып, Қазақстан ИКҰ министрлік конференциясын басқарғанда біздің ұйымымыздың кез келген проблемаларын шешу жолындағы жан-жақты үнқатысу алаңын дайындауға дайын.
Бізде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің қалыптасқан әлеуетін пайдалану жөніндегі жақсы мүмкіндіктер бар.
Кезекті төртінші Съезд Астанада 2012 жылы өтеді.
Біздің әңгімемізді жалғастыру үшін құрметті дін өкілдерін оған қатысуға шақырамын.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Астаналық үнқатысу алаңы Батыста сол сияқты Шығыста да болып жатқан көп реттегі конфессияаралық қақтығыстардың алдын алуға және оларды шешуге ыңғайлы мүмкіндік береді.
Құрметті достар!
Сөз соңында бүгінгі Форум мұсылман әлеміндегі қауіпсіздік пен есендікті нығайтуға лайықты үлесін қосады деп сенім білдіремін.
Бүгін қазақ жерінде Ұйымды жаңаша Ислам Ынтымақтастық Ұйымы деп атай бастау – біздің жаңаруымыздың, бірлігіміздің және үмбеттің бәсекеге қабілеттілігінің символы болады деп сенемін.
Біздің Ұйым халықаралық «күн тәртібін» қалыптастыруға белсендірек қатысады деп үміт артамын.
Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұраны аясында өтуі бекер емес.
Осы үш өлшем бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізген біздің еліміз Ислам Ынтымақтастық Ұйымы беделінің арта түсуіне күш салады.
Сессиядағы жұмыстарыңызға сәттілік және табыс тілеймін!
Назарларыңызға зор рахмет!