Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласы соңғы жылдары оңтүстік-батыс аймаққа қарай құлаш жайып, кемелдене көркейіп келеді. Мысалы, бүгінде бұл маңайда «Көктем», «Арай» сияқты жеке үйлер аймағымен бірге, көп қабатты тұрғын үйлерден тұратын «Бәйтерек» шағын ауданы, бірнеше сауда кешендері бар. Қала тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін жаңа кәсіпорындар да көптеп салынуда. Міне, енді осы арадан алдағы уақытта спорт сарайының зәулім ғимараты бой көтермек. Жақында оның іргетасы қаланып, оған осы игілікті іске ұйытқы болып жүрген облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.
Жаңа құрылыс нысанына облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беріпті. Бас жобашы болып «Орталық Азия жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС бекітілген. Жобаның сметалық құны 4 млрд. 876,2 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 3 млрд. 677 млн. теңге жұмсалса, жабдықтарына – 477,6 млн. теңге жұмсалатын болып отыр.
Спорт сарайы бой көтеретін жердің көлемі 7,727 гектар жерді алып жатыр. Онда жалпы дене шынықтыру және атлетика дайындығы, спорттық-баллдық би, спорт ойындары: волейбол, баскетбол, мини-футбол, теннис, спорттық бассейн, оның ішінде баскетболға арналған ауысымына 24 адамдық зал, волейболға арналған сондай 24 адамдық зал, қол добына арналған 24 адамдық зал, мини-футболға арналған ауысымына 24 адамдық зал, боксқа арналған ауысымына 25 адамдық зал, классикалық және еркін күреске арналған ауысымына 24 адамдық зал, дзюдо және самбоға арналған ауысымына 30 адамдық зал, таэквондоға арналған ауысымына 30 адамдық зал, ауыр атлетикаға арналған ауысымына 11 адамдық зал, үстел теннисіне арналған ауысымына 12 адамдық зал, спорттық-баллдық биге арналған ауысымына 100 адамдық зал, тир спортына арналған ауысымына 10 адамға арналған зал бар.
Спорт сарайына келушілерді дәмді, құнарлы тағаммен қамтамасыз ету үшін 2 қоғамдық тамақтандыру орны жұмыс істейтін болады. Оның біреуі – 120, екіншісі – 110 адамға арналған.
Тараз қаласында тұңғыш рет бой көтергелі отырған спорт сарайы өңірдегі спорттық оқу-жаттығу жұмыстарының сапасын арттырып, облыс спортшыларын әлемдік биіктерге жаңа қырынан таныта бастайды деген үміт бар.
Спорт сарайының құрылыс жұмысы 2013 жылы аяқталады деп күтілуде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.